Қалалық қоғамдық-саяси газет

Құқық қорғау қызметкерлеріне құрмет

0 1  089

Жамбыл облыстық полиция департаментінің бастығы Арманбек Баймурзин азаматтардың қауіпсіздігі үшін өз өмірлерін қатерге тіге отырып, көзсіз батырлық танытқан полиция қызметкерлерін салтанатты түрде марапаттады.

Айталық, ағымдағы жылдың 19 ақпанында Сарысу аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шарасын жүргізу барысында кәсіби шеберлігі мен қызметке деген адалдығын көрсетіп, өздеріне қауіп төніп тұрғанына қарамастан қарулы қылмыскерді құрықтаған болатын. Полиция қызметкерлерінің қызметтік борышын атқарудағы осы бір батылдығы мен жанқиярлығын ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов та жоғары бағалады.
Жуырда Мемлекет басшшысының Жарлығымен ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен наградталған Сарысу аудандық полиция бөлімінің криминалдық полиция бөлімшесінің жедел уәкілі, полиция капитаны Бекен Қонысовты полиция генерал-майоры Арманбек Баймурзин арнайы құттықтап, өз атынан Алғыс хат пен «Қазақстан полициясына 30 жыл» атаулы сағатын тапсырды. Сондай-ақ, Сарысу аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторлары, полиция капитаны Абзал Асаубай және полиция лейтенанты Фархат Өтепбергеновке ҚР Ішкі істер министрінің бұйрығымен «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалін табыстады. Тағы бір Сарысу аудандық полция бөлімінің учаскелік инспекторы, полиция капитаны Руслан Көрпебаев пен кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторы, полиция лейтенанты Ғабиден Егембердиев «Қазақстан полициясына 30 жыл» төсбелгісімен наградталды.
Сонымен қатар, таяуда Полиция департаментіне тараздық ата-аналар хабарласып, мұздың бетінде жүріп суға түсіп кеткен балаларын құтқарған полиция қызметкері туралы хабардар еткен болатын.
Атап айтқанда, 2022 жылдың желтоқсан айында полиция лейтенанты Қайрат Тұрлыбаев жұмысқа барар жолда Саңырақ батыр көшесі маңында автокөлігімен өтіп бара жатып балалардың айқайлаған дауысын естіген. Полиция қызметкері ойланбастан оларды тауып алып, үстіндегі киімімен терең суға секіріп, батып бара жатқан екі кішкентай баланы судан алып шыққан. Содан соң екеуін үйлеріне жеткізіп, ата-аналарына табыстаған. Бұл әрекетін ол ерлік деп санамай, қарапайымдылық танытып, болған оқиға туралы ешкімге айтпаған.
Осылайша, полиция лейтенанты Қайрат Тұрлыбаев азаматтық борышы мен антына адалдық танытып, кәмелетке толмаған балалардың өмірін құтқарып қалғаны үшін полиция департаменті бастығының Алғыс хатымен марапатталды.
Арманбек Хакімбекұлы өз кезегінде марапат алған барша полиция қызметкерлеріне «Сіздер осы істеріңізбен жұмысқа берілген, нағыз қайсар, кәсіби маман екендеріңізді көрсетіп, басқа әріптестеріңізге үлгі болып отырсыздар. Алдағы уақытта да елге адал қызмет етіп, тек биіктен көрінеді деп сенемін» – деп ізгі лебізін жолдады.

Құрмаш Қаптағай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.