Қалалық қоғамдық-саяси газет

Құқық бұзушылықпен күрес күшеюде

0 1  166

Құқық бұзушылық – заңды жауапкершілікке алып келетін құқыққа қарсы әрекет. Бүгін қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі – жасөспірімдердің арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу.

Бұл мәселе қазіргі таңда да аса өзекті. Сондықтан жасөспірімдердің арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында құқықтық сауаттылық пен құқықтық мәдениетті арттыру өте маңызды.
Осы ретте кәмелетке толмаған балалар арасындағы және оларға қатысты жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында аудандағы білім саласымен бірге түрлі форматта іс-шаралар кешені ұйымдастырылып келеді. Әсіресе жоғары сынып оқушыларына құқықтық тәрбие беру, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және оны болдырмау мақсатында нашақорлыққа, суицидке жол бермеу, қыздар арасындағы ерте жүктіліктің, тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы, осы мақсатта құқық бұзушылықтың алдын алу және олармен күресу жолдары бойынша жиындар жиі өткізілуде.
Осындай маңызды мәселелерге байланысты менің төрағалық етуіммен Талас аудандық құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдарының мекемеаралық мәжілісі өтті. Күн тәртібінде биылғы үш айда қылмыстық құқық бұзушылық, оның ішінде жол-көлік оқиғаларының, отбасы-тұрмыстық салада және кәмелетке толмағандармен жасалатын құқық бұзушылықтардың профилактикасы бойынша уәкілетті органдармен қабылданып жатқан шаралардың тиімділігі және алдағы уақыттағы міндеттері қаралды.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша аудан прокурорының орынбасары А.Тілешов, аудан әкімінің орынбасары А.Әбдібекова, аудандық ПБ бастығының бірінші орынбасары М.Қожахметов, аудандық білім бөлімінің басшысы М.Қазанғапов баяндама жасады. Жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар беріліп, атқарылған жұмыстар сараланды. Сондай-ақ балалардың жақсы білім алып қана қоймай, қоғамға үлесі тиетін үлгілі, тәрбиелі азамат болып қалыптасуы үшін тиісті іс-шара жоспары жасалғанын да айта кеткен жөн.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында елде құқықтық сауаттылықты арттыру қажеттігіне баса мән берген болатын. Әсіресе отбасында болатын зорлық-зомбылықты қылмыс ретінде қарау да күн тәртібіне қойған еді.
Ал Түркістан қаласында өткен құрылтайда: «Жас ұрпақтың әсіресе қазіргі құбылмалы заманда сыни тұрғыдан ойлай білуі маңызды. Балаларымыздың танымы кең болуына жағдай жасауымыз қажет. Мектепте оқушылардың тұлға ретінде қалыптасуына ықпал ететін дәрістер оқытылуға тиіс», – дей келіп, олардың ел заңдарын сақтауына көңіл бөлген болатын.
Осы мақсатта мектепте ұйымдастырылған іс-шара арқылы балалардың сауатын арттыруды және отбасында орын алатын зорлық-зомбылықтың жолын кесу мақсатын көздеп отырмыз. Ескерту ретінде кәмелетке толмағандар арасында және кәмелетке толмағандарға қатысты буллинг, жәбірленудің, зорлықтың, қатыгездіктің алдын алу жөнінде кәмелетке толмағандардың вейптарды, электронды темекілерді, темекі бұйымдарын, кальяндарды пайдаланудың және нашақорлықтың алдын алу, кешкі мезгілдерде жалғыз жүрмеу, бейтаныс адаммен сөйлеспеу, сабақ кезінде қалаға, тойханаларға бармау, жол-көлік ережесін сақтау, көлік айдамау туралы барынша мағлұматтар беріліп келеді.
Кәмелетке толмаған балалар арасындағы және оларға қатысты жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында білім ошақтарында түрлі форматта іс-шаралар кешені жиі ұйымдастырылып отырады. Онда дәйекті мысалдарды келтіре отырып, жасөспірімдерді тура жолдан тайқымауға, керісінше, мүмкіндік бар кезде орта білім алуға шақырудамыз.
Құқықтық тұрғыдан сауатты жасөсіпірімдер ешқашан теріс әрекеттерге бармайды. Сондықтан кез келген жағдайды сараптап, әрдайым саналы әрекет еткен дұрыс. Ал мұндай теріс әрекеттерге жол берген жағдайда жасөспірімдердің қатысуымен жасалған қылмыстардың санатына және дәрежесіне қарай олар 14 және 16 жастан бастап қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Жалпы тәртіп бұзуға бейім балалар қайдан шығады? Жасыратыны жоқ, қоғамдық тәртіпті бұзған, қылмыс жасаған, сөйтіп, ішкі істер бөлімдерінде есепте тұрған балалардың басым бөлігі жайсыз отбасылардан шығады. Ал енді бір тобы кейбір ата-аналардың бала тағдырына алаңдамауынан, оларды өз беттерінше қалдырып, мектептен тыс уақыттарында немен айналысып жүргендерін қадағаламауынан пайда болады. Сол себепті қылмыстың алдын алудың бірден-бір жолы – оқушылардың мектептен тыс уақытта қосымша біліммен қамтылуын дұрыс ұйымдастыру екенін естен шығармаған жөн.
Бүгінгі таңда қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі – балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Сондықтан «Тәртіпке бас иген адам құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деп Б.Момышұлы айтқандай, еңбек тәртібін сақтап, заңды құрметтеп, заңға бағынса, одан ешкім ұтылмайды.

Жомарт Науатов,
Талас ауданының прокуроры

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.