Қалалық қоғамдық-саяси газет

Волонтерлік штаб құрылды

0 292

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының коронавирус (COVID-19) пандемиясын жариялауына байланысты Мемлекет басшысы азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында Қазақстанның бүкіл аумағында төтенше жағдай енгізіліп, бірнеше қала карантинге жабылды. Бұл орайда еріктілер де қолдан келген көмектерін аямауда.

Арайлым Шабденова

Жамбыл облыстық өңірлік коммуникациялар орталығының алаңында онлайн брифинг өтіп, онда облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа волонтерлік штабтың құрылғанын жеткізді. «Әулиеата жастары» волонтерлік штабы Тараз қаласында өзінің жұмыстарын бастап та кетті.
– Әлемді дүр сілкіндірген дерт біздің мемлекетімізді де айналып өтпеді. Індетті жұқтырғандардың саны көбеюде. Десе де, Мемлекет басшысы мен Бас санитарлық дәрігер арнайы қаулы бекітіп, сол қаулының іске асуын барынша қадағада ұстауда. Бұл орайда жастар да өз үлесін қосуда. Биылғы жыл Волонтер жылы екені баршаға аян. Бұған дейін әр ұйым өз бетімен көпбалалы отбасылар мен қарттарға, түрлі санатқа жататын әлеуметтік топтарға, қарапайым халыққа көмек көрсетіп келген-ді. Енді барлығын жұмылдырып, арнайы штаб құрдық. Штаб құрамына 100 ерікті өз еркімен түрлі бағыттар бойынша жұмыстар атқаруда. Олар елімізде болып жатқан жағдайларға немқұрайлы қарамау, қиналған азаматтарға қол ұшын беру негізгі мақсатымыз деп есептейді, – дейді Серікбол Қайратұлы.
Штабтың негізгі бағыттарына тоқталар болсақ, қоғамдық тәртіпті, азық-түлік және дәрі-дәрмектердің бағасына мониторинг жүргізуге бағытталған «Қоғамдық сақшы» жобасын, қала тұрғындары үшін арнайы бетперделер тігу және таратуға бағытталған «Көмек» жобасы бойынша жұмыстар атқармақ. Сондай-ақ егде жастағы қарттарға үй-жайын тазалауға көмек көрсету, мүмкіндігі шектеулі жандарға жүріп-тұруына көмек көрсету, көпбалалы, аз қамтылған отбасыларды киім-кешектермен қамтамасыз ету, туризм саласы бойынша гид қызметін көрсету, заңгерлік және психологиялық кеңестер беруге бағытталған «ІТ-Волонтер» жобасы, мұқтаждарға қажетті көмектерді үйге жеткізу, оның ішінде азық-түлік және дәрі-дәрмектерді тасымалдау ісімен айналысатын «Біз біргеміз!» жобасы және облысымыздағы медициналық колледж студенттері мен медициналық білімі бар жастарды қалалық жедел жәрдем жұмысына бағытталған «Таза жүрек» жобасына тарту да көзделіп отыр.
Басқарма тарапынан волонтерлік қызмет үшін қолайлы ортаны дамыту мақсатында облыстық волонтерлік ұйымдардың жұмысын үйлестіретін фронт-кеңсе ашу жұмысы қолға алынды. Біздер қала жастарын еріктілер қатарына қосылуға шақырамыз! Ел басына қиын жағдай туғанда, бір тудың астына жиналып, көмекке зәру жандардың алғысын алайық!

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.