Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Әулиеаталықтар әз-Наурызды айрықша атап өтуде

0 753

Табиғаттың жаңарып, қайта түлеу мезгілі – көктеммен бірге келетін Наурыз мерекесі – тек қазақ халқына емес, сонымен қатар күллі түркі жұртына ортақ мұра, қазына. Жер-ана мен адамзат арасындағы үндестікті көрсететін «наурыз» сөзі парсы тілінен аударғанда «жаңа күн» деген мағынаны білдіреді. Тәуелсіздікпен бірге қайта түлеген ұлық мейрам былтырдан бері жаңаша сипат алып, 10 күн бойы тойлануда. Әр күнге атау беріліп, олардың әрқайсысы отбасылық құндылықтарды құрметтеуге, ұлттық салт-дәстүрді дәріптеуге, қоршаған ортаға ұқыпты қарауға бағытталған.

Айшыққа толы Амал мерекесі

Ақтың молаятын, жарықтың ұзаратын, нұрдың молығатын, тіршіліктің жаңаратын, өмірдің жаңғыратын, пейілдің түзелетін, көңілдің кеңейетін кезеңі – Көрісу күні Тараз қаласында кең көлемде аталып өтуде.
Амал мерекесіне арналған шаралар легі Қайрат Рысқұлбеков саябағындағы көңілді думанмен басталды. Шараны Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Серік Сәлемов, Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері және шаһар тұрғындары тамашалады.
Шара шымылдығы «Дулати» халықтық-студенттік жастар театрының қойылымымен түрілді. Содан соң ақсақалдар ақ батасын берсе, ақ жаулықты аналар шашу шашып, думанның көркін қыздырды. Сонымен қатар ұлттық ойындар да ойналып, түрлі жарыстар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, 150-ден аса қала тұрғыны садақ ату, асық ату, арқан тарту, ләңгі, гір тасын көтеру сияқты спорт түрлерінен сынға түсіп, өзара мықтыларды анықтады.
Бұл күні Тараз әуежайында да ерекше жылулық сезілді. Облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасына қарасты «Тараз-Туризм» туристік ақпараттық орталығының қызметкерлері қонақтарды жылы шырайда қарсы алып, ұлттық дәм ұсынды. Сондай-ақ шашу шашылып, қара домбыраның күмбірі көпшілікке ұмытылмас әсер сыйлады.

Кәсіпкерлер мұқтаж отбасыларға көмек көрсетті

«Қайырымдылық жасасаң – қайырын өзің көресің» дейді дана халқымыз. Расында, сүрінгенге сүйеу, құлағанға демеу болып, жақынына жанашырлық таныту – халқымыздың бойында ежелден қалыптасқан асыл қасиеттердің бірі.
Кешегі бабаларымыз қашанда қысылтаяң шақтарда ауызбіршілікті, адалдықты, ынтымақты ту етіп көтеріп, көптің мәселесін қара бастың қамынан жоғары қойған. Осындай асыл қасиеттер халқымыздың бойынан бір сәтке де алыстаған емес. Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған «Наурызнама» онкүндігінің екінші күні қайырымдылыққа арналуының да бір сыры осында жатыр.
Қайырымдылық күнінде тараздықтар да игі істен шет қалмай, кәсіпкерлердің қолдауымен мұқтаж отбасыларға көмек көрсетілді. Осы ретте қайырымдылық шарасына ерікті жастар да белсене атсалысқанын атап өткен жөн.

Кәсіпкерлер мұқтаж отбасыларға көмек көрсетті

«Қайырымдылық жасасаң – қайырын өзің көресің» дейді дана халқымыз. Расында, сүрінгенге сүйеу, құлағанға демеу болып, жақынына жанашырлық таныту – халқымыздың бойында ежелден қалыптасқан асыл қасиеттердің бірі.
Кешегі бабаларымыз қашанда қысылтаяң шақтарда ауызбіршілікті, адалдықты, ынтымақты ту етіп көтеріп, көптің мәселесін қара бастың қамынан жоғары қойған. Осындай асыл қасиеттер халқымыздың бойынан бір сәтке де алыстаған емес. Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған «Наурызнама» онкүндігінің екінші күні қайырымдылыққа арналуының да бір сыры осында жатыр.
Қайырымдылық күнінде тараздықтар да игі істен шет қалмай, кәсіпкерлердің қолдауымен мұқтаж отбасыларға көмек көрсетілді. Осы ретте қайырымдылық шарасына ерікті жастар да белсене атсалысқанын атап өткен жөн.

Өнегелі отбасылар – құрмет құшағында

«Наурызнама» онкүндігінің үшінші күні – Шаңырақ күні деп аталады. Бұл күн елімізде жас ұрпақты тәрбиелеу мәдениетін көрсете отырып, олардың бойында патриотизм, адамгершілік пен еңбекқорлыққа деген құштарлықты қалыптастыруға үндейді.
Атаулы күнге орай Тараз қаласы, Әулиеата ауданы әкімінің орынбасары әрі әкімнің міндетін атқарушы Медет Нұрмаханов Жаңабай ағамыз бен Гүлбағира апамыздың отбасына ат басын бұрып, сый-сияпаттарын табыстап, құрмет көрсетті.
Жаңабай Миллионов саналы ғұмырын журналистика саласына арнаса, Гүлбағира апамыз оқу-ағарту саласында еңбек еткен. 51 жыл отасқан олар бүгінде 3 перзентінен 7 немере, 6 шөбере сүйіп отыр.
Сонымен қатар осы күні Тараз қаласы, Жібек жолы ауданы әкімінің орынбасары әрі әкімнің міндетін атқарушы Ержан Данаев шаһар тұрғыны, көпбалалы отбасы Тоқтасын мен Зухра Юнусовтардың шаңырағына арнайы барып, мерекемен құттықтады. Өз сөзінде отбасы институтын ыңғайту – мемлекеттік саясаттың басты бағыты екенін айтқан Ержан Әлімжанұлы қариялардың иығына шапан жауып, сый-сияпаттарын табыстады.
Зухра апамыз білім саласында, ал Тоқтасын ағамыз ауыл шаруашылығы саласында ұзақ жылдар бойы еңбек еткен. 48 жыл отасқан олар бүгінде бейнеттерінің зейнетін көріп, 4 ұл, 3 қыз өсіріп, олардан 21 немере, 2 шөбере сүйіп отырған өнегелі отбасы.
Сонымен қатар атаулы күнге орай Тараз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің ұйымдастыруымен «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығында «Өнегелі отбасы – елдің тірегі» атты тағылымды кездесу өтті. Отбасы мүшелерінің арасындағы сыйластық, толық отбасыны сақтау, бауырмалдық, ауызбірлікті нығайту, ата-анасын сыйлай білетін азамат тәрбиелеуді мақсат тұтқан тағылымға толы шараға Жамалбековтер және Махашевтар отбасы қатысты.
Сауранбек Жамалбеков қазір Тараз қалалық ардагерлер ұйымының жауапты хатшысы қызметін атқаруда. Жұбайы Гүлжәмила Есжанова екеуі 4 бала өсіріп, өнегелі өмір жолында ұрпақ тәрбиесіне зор үлес қосып келеді.
Ал Махашевтар отбасының отағасы Алдаберді Махашев – Тараз қалалық ардагерлер ұйымының кеңесі жанындағы ұйымдастыру-әдістемелік жетекшісі. Жұбайы Әсия Исмаиловамен жарты ғасырдан астам уақыт отасып, жеті қыз тәрбиелеп өсірген.
Ұлағатты отбасылар өнегелі өмір жолдарынан сыр шертіп, ұрпақ тәрбиесі, ұлттық құндылықтар төңірегінде орамды ойларын ортаға салды.

Ұлттық оюлар ұлықталды

Мерекелік шаралардың легі Шаңырақ күніне орай Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінде өткен «Ұмыт болған оюлар» атты құрақшылар әлемі фестивалімен жалғасты. Онда жиналған қауым қолөнершілердің туындылары орналастырылған көрмені тамашалады.
Жалпы, қазақ халқының ою-өрнек өнері әлімсақтан бері халқымызбен жасасып келеді. Сан ғасырлық тарихымен біте қайнасқан бұл өнер түрі халықтың шынайы рухани танымымен де астасып жатыр. Ою-өрнек – қазақ елінің мәдени дамуының шежіресі. Оның көне атауы халықтың тарихы мен мәдениетін, ұлттық ерекшелігін, дүниетанымын сипаттайды. Алайда қазіргі жаһандану дәуірінде біздің қазақы ою-өрнегіміздің біршама түрі ұмытылып барады. Сондықтан өскелең ұрпақ қазақтың осы баға жетпес құндылығының маңызын түсініп, санасына тоқуы қажет. Осыны жете түсінген фестиваль қатысушылары ұмыт болған ұлттық құндылығымызды ұлықтап, өскелең буынның санасына сәуле ұялата білді.
Ұлттық құндылықтарды кеңінен дәріптеуді мақсат еткен шараға көне шаһарда кәсіптерін дөңгелетіп отырған 23 қолөнерші қыз-келіншек қатысты. Олар фестиваль барысында жүннен тоқылған киім, төсеніштер, қыз жасаулары мен тұрмысқа қажетті түрлі бұйымдарын көпшілік назарына ұсынды.
Қазылар алқасының шешімімен Раушан Құндызбаева – «Жоғары сапа», Эльмира Есеналиева – «Асыл ұстаз», Гүлнар Алдабергенова – «Көненің көзі», Салима Үмбеталиева «Жоғары шеберлік» номинацияларымен марапатталып, бағалы сыйлық пен арнайы дипломдарға ие болды.

Мерекелік шаралар легі мұнымен толастамайды. Айталық, Ұлыстың ұлы күніне орай «Жасыл желек – жердің көркі» атты ағаш отырғызу акциясы, қазақ күресінен «Қазақстан барысы» атты қалалық жарыс, «Ер қаруы – бес қару» атты ұлттық ойындар фестивалі ұйымдастырылады. Бұдан бөлек, Орталық алаңда көпшілік мәдени іс-шара өтеді. Осылайша, айшықты мейрам өңірімізде айрықша тойланбақ.

Құрмаш ҚАПТАҒАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.