Қалалық қоғамдық-саяси газет

Әулиеатадағы басшылық лауазымдардың 30 пайызында әйелдер отыр

0 384

Жамбыл облысында 4 496 мемлекеттік қызметші бар екен. Салада 200 шақты бос орын бар. Мұндағы мемлекеттік қызметшілердің 43,5 %-ы немесе 2 мыңнан астамы әйел азаматтар.

Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Шәкір Сұлтанхан айтып берді. Оның келтірген мәліметтеріне қарағанда, аймақтағы басшылық лауазымда 1 241 адам отыр. Ал ондағы әйелдердің үлесі – 30 %-ға жақындайды.

Орташа есеппен алғанда, мемлекеттік қызметшілердің жас шамасы – 41 жас, мемлекеттік қызметтегі өтілі 12 жылды құрайды, нақты лауазымдағы қызмет өтілі 5 жылды шамалайды. Былтыр Жамбыл облысындағы таза ауысымдық көрсеткіші 5,9 %-ды құрады. Негізі, бұл сан  6,9 %-дан аспауы тиіс. Жыл басынан бері облыстың мемлекеттік органдарында 1 300 лауазымға конкурс өткізілді. Онда бір орынға 1,1 адамнан таласты. Барлық конкурстарға байқаушылардың толықтай қатысуы қамтамасыз етілді, – деді Шәкір Асылханұлы.

Ол жоғары тұрған лауазымға 171 азамат тағайындалғанын атап өтті. Меритократия принципін сақтау деңгейі 62 %-дан асады. Заңнаманы білуге арналған тестілеуге 4 068 маман қатысып, олардың 34 %-ы сынақтан сүрінбей өткен. Мұның 1 497-сі құқық қорғау қызметіне алғаш рет кіріспек еді, тек 43 %-ы ғана оң нәтиже көрсеткен. Ал осы жылға өңірден жоспарланған 1 280 мемлекеттік қызметшінің 1 271-і оқудан өтіпті. Мұнда орталық мемлекеттік органдардың аумақтық департаменттерінің оқыту жоспары толық орындалғанын айта кету керек.

«Е-қызмет» ақпараттық жүйесіне штаттық режимде енгізілген құжаттардың саны, облыстың бір мемлекеттік қызметкеріне орташа есеппен алғанда, 7,9 құжатты құрады. Бұдан бөлек, біз бірқатар маңызды іс-шараларды да атқарып үлгердік. Мәселен, мемқызметтің имиджін және тартымдылығын арттыру, сондай-ақ таланттарды іздеу бойынша жұмысты жандандыру мақсатында жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы, «Мемлекеттік қызметшінің бір күні», «Тәуелсіз елдің құрдастары», «Мен мемлекеттік қызметшімін» сықты тақырыптарда бейнероликтер түсіріп, әлеуметтік желілерге тараттық, – деді жауапты маман.

Спикер мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау мәселесіне де жан-жақты тоқталды. Айталық, өткен жылы өңірдегі Әдеп жөніндегі кеңестің мәжілісі 11 рет өткізіліп, онда 82 мәселе қаралған. Мұның ішінде 26 тәртіптік іс пен 56 профилактикалық мәселелер бойынша сұрақтар талқыланыпты. Барлығы 208 ұсыным қалыптастырылса, оның 20-сы тәртіптік істер бойынша берілген, 188-і алдын алу мәселелерін қарау нәтижелерімен қызметтік тәртіпті нығайту және бұзушылықтарды жою мақсатында жолданған. Бүгінде мұның бәрі толық орындалған көрінеді.

Тәртіптік істерді қарау нәтижесінде 20 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды. Атап айтқанда, Тараз қаласы әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы О.Борисюк пен Жамбыл облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясы басшысының орынбасары Т.Мұқышовке ескерту берілді. Талас ауданы Кеңес ауылдық округінің әкімі Е.Тәттібай сөгіс алды. 15 азаматқа қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту таңылды, – деді Сұлтанхан.

Бұл 15-тің ішінде Меркі, Жамбыл аудандары бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасарлары, Тараз қаласы мен Жуалы, Байзақ аудандары әкімдіктерінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшылары, Байзақ, Жамбыл аудандары әкімдіктері сәулет, құрылыс және қала құрылысы бөлімдерінің басшылары, Қордай ауданындағы Қарасу, Шу ауданындағы Бірлікүстем, Т.Рысқұлов ауданындағы Жаңатұрмыс ауылдық округтерінің әкімдері, Қордай ауданы әкімдігі білім бөлімінің басшысы, Тараз қаласы әкімдігі құрылыс бөлімінің, тұрғын-үй инспекциясы бөлімінің басшылары, Шу ауданы әкімдігі жер қатынастары бөлімінің басшысы бар екен. Сонымен қатар Т.Рысқұлов, Сарысу аудандары әкімдіктерінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімдерінің басшылары атқарып отырған лауазымдарынан босатылған.

Әдеп жөніндегі кеңесте 3 азаматтың құқықтары қалпына келтірілсе, оның 2-уі мемлекеттік қызметші. Тағы да тарқатып айтсам, бізге «Жамбыл облысының шахмат федерациясы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі тарапынан Тараз қаласы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының іс-әрекетіне қатысты шағым түскен болатын. Сол шағым негізінде лауазымды тұлғаға қатысты тәртіптік іс қозғалып, қызметтік тергеп-тексеру жүргізілді. Нәтижесінде, бөлім басшысына ескерту түріндегі тәртіптік жаза қолдану ұсынылды. Осылайша, өтініш иесінің бұзылған құқықтары қалпына келтірілді, – деді департамент басшысы.

Әдеп жөніндегі кеңес мүшелерімен түрлі мәселелер бойынша 44 жеке қабылдау өтіп, 179 азамат қабылданған екен. Былтыр мемлекеттік қызмет саласында 207 өтініш қаралған. Олардың 112-сі құзыреттілігі бойынша қарау үшін өзге мемлекеттік органдарға жіберілсе, 45-іне түсіндірмелер берілген. 28-і толық немесе жартылай қанағаттандырылған, 6-уы өтініш иесінің арызымен қарау тоқтатылыпты. 15-ін қанағаттандырудан бас тартылса, 1-еуі өтініштің мәні баяндалмауына байланысты қараусыз қалдырылған.

Өтініштерді қарау нәтижесінде, жүгінген 8 азаматтың құқықтары қалпына келтіріліп, мемлекеттік органның 6 басшысы тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Ал мемқызмет саласын бақылау бағытында 21 тексеру жүргізілді. Оның 13-і профилактикалық бақылау болса, 8-і жеке тұлғаның шағымы бойынша жоспардан тыс тексеру. Осындай тексерулердің арқасында саладағы заңнаманы бұзудың 587 дерегі анықталып, бұзушылықтарды жою туралы 17 нұсқама, 1 ұсыныс енгізілді. Бос мемлекеттік әкімшілік лауазымға орналасуға конкурстық іріктеу рәсімін бұзғаны үшін 1 әкімшілік іс қозғалып, қысқартылған іс жүргізу тәртібінде 22 мың теңгені құрайтын әкімшілік айпыпұл салынды және өндірілді, – деді Шәкір Асылханұлы.

Ол есепті кезеңде 50 мемлекеттік органның басшысы бағынысты қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтар жасауының алдын алу жөніндегі лауазымдық міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылғанын да айтты. Мұның 41-і құқық қорғау, 4-еуі жергілікті атқарушы органдардың, тағы 4-еуі орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің, 1-еуі квазимемлекеттік ұйымдардың басшылары екен. Әдеп кодексі мен мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл салаларындағы заңнаманың сақталуы бойынша 397 түсіндірме шаралары өткен. Әдеп жөніндегі уәкілдердің ұсыныстары негізінде өз қызметін адал, әрі нәтижелі атқарған 187 қызметшіге көтермелеу шаралары қолданылған.

Жамбыл облысында мемлекеттік қызметтердің 371 түрі көрсетіледі. Былтыр 9 млн 121 мыңнан астам қызмет көрсетілсе, оның 95 %-ы электронды түрде ұсынылды. Мұны арғы жылмен салыстырғанда, электронды түрде көрсетілген қызметтердің саны 2,7 %-ға артқанын аңғарамыз. Есепті кезеңде бұл салада азаматтардан 31 шағым түссе, 5-еуі құзыреттілігіне сәйкес қарау үшін өзге мемлекеттік органдарға жіберілді. 9-ын қарауды тоқтату туралы шешім қабылданды, 12-сіне түсіндірме берілді. 5-еуі бойынша келтірілген уәждер өз дәлелін тауып, азаматтардың бұзылған құқықтары толығымен қалпына келтірілді, – деді жауапты маман.

Департамент мамандары мемлекеттік қызметтерді көрсету саласына барлығы 18 тексеру жүргізген екен. Сонда жалпы 1 107 заң бұзушылық белгілі болған. Заң бұзушылықтарға жол бергені үшін 38 қызметкер тәртіптік жазаға тартылған. Рұқсат беру құжаттарының мерзімі мен тәртібін бұзғаны үшін лауазымды тұлғаларға 52 хаттама толтырылып, 1 млн 896 мың теңге шамасында айыппұл салынды. Өкініштісі, әкімшілік құқық бұзушылықтардың орын алуы 2 есеге өскені байқалады.

Президенттік жастар кадрлық резерві бойынша бірқатар ақпарат беріп өтсем. Былтырғы қыркүйек айында Президенттік жастар кадрлық резервінің екінші іріктеу кезеңіне құжаттарды қабылдау жүргізілді. Жамбыл облысының белсенді жастарын осы жобаға қатысуға шақыру мақсатында 140-қа жуық түсіндіру іс-шараларын жүргіздік. Құжаттарды қабылдау кезеңінен кейін республика көлемінде жобаға қатысушы азаматтар саны 8 638 адамды құрағанын білдік. Оның 567-сі Жамбыл облысының тұрғындары, – деді Сұлтанхан.

Айта кетерлігі, бұл жоба өткен жылдың соңында аяқталып, кадр резервіне 50 азамат іріктелініп алынды. Оның ішінде 3-еуі Жамбыл облысының тумалары.

baq.kz

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.