Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Әулиеатада әлеуметтік қолдау шаралары кеңейіп келеді

0 110

Еркін КЕЛЕСОВ,
Жамбыл облысы әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және
әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы

Тәуелсіз мемлекеттің дамуының өзегінде халықтың әл- ауқаты, қоғамның әлеуметтік тұрақтылығы мен азаматтардың өмір сүру сапасы тұрады. Осындай іргелі ұстанымдар негізінде әлеуметтік қолдау шаралары кез келген елдің стратегиялық бағыттарының маңызды құрамдас бөлігіне айналады. Өйткені әлеуметтік қорғау – тек мұқтаж жандарға көрсетілетін жәрдем немесе уақытша көмек қана емес, қоғамды біріктіретін, мемлекеттің адамға деген жауапкершілігін айқындайтын, әр азаматтың өзін қауіпсіз әрі бағалы сезінуіне мүмкіндік беретін тетік.

Бұл туралы Мемлекет басшысы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты халыққа арнаған биылғы Жолдауында әлеуметтік саясаттың тиімді әрі нақты болуы керектігін және бюджет қаражаты көрнекілік жобаларға емес, адамдардың шынайы қажеттіліктеріне жұмсалуға тиіс екенін қадап айтты.
– Аймақтардағы әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарға бөлінетін әлеуметтік төлемдерді біріздендіру керек. Мемлекет өзінің негізгі міндеттерін орындаудан бас тартпайды. Бірақ әлеуметтік жеңілдіктерді қолдан көбейту – елді дамытуға, яғни мектеп, аурухана, көлік инфрақұрылымдарын және басқа да нысандар салуға жұмсалуы қажет қыруар қаражатты желге шашу деген сөз.
Елдегі демографиялық үрдістерді егжей-тегжейлі зерделеп, ұзақ жылға арналған шешімдер қабылдау айрықша маңызды. Мемлекет әр азаматтың лайықты табыс тауып, сапалы әлеуметтік қызмет алып, ертеңгі күніне сенімді болуы үшін барынша жағдай жасай береді. Себебі қолға алынған барлық реформа бір ғана мақсатты көздейді. Бұл – халықтың әл-ауқатын арттыру және елдің жан-жақты өрлеуін қамтамасыз ету. Еліміздің халықаралық беделін арттыру жолындағы күш-жігеріміздің түпкі мәні де – осы.
Мемлекет деңгейінде қабылданған әрбір шешімнің мән-маңызы, ең алдымен, халықтың тұрмысын жақсарту, экономиканы тұрақтандырып, әлеуметтік әділдік орнату үшін жасалған нақты істермен өлшенуге тиіс. Сонда біз жаңа тұрпатты, мықты ел боламыз, – деген болатын ел Президенті.
Бұл бағытта өңірлерде, соның ішінде Жамбыл облысында халықты әлеуметтік тұрғыда қолдау шараларының өнімділігін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде.
Жамбыл облысы әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының жұмысының негізгі бағыттарының бірі – мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету. Бүгінде облыс көлемінде 45 697 мүгедектігі бар адам тіркелген. Оның ішінде 1-ші топта – 4 871, 2-ші топта – 16 339, 3-ші топта – 17 675 адам болса, 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалардың саны 6 812-ні құрайды.
Ағымдағы жылы мүгедектігі бар адамды реабилитациялаудың және оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес мүгедектігі бар адамдарды көмек түрлерімен және қызметтермен қамтамасыз ету үшін 8 миллиард теңге қаржы қаралған.
Бұл қаражатқа сурдо-тифлотехникалық құралдар, протездік-ортопедиялық бұйымдар, міндетті гигиеналық кұралдар, санаторлық-курорттық емделу, кресло-арбалар, жеке көмекші, ымдау тілі маманының және инватаксидің қызметтері кіреді.
Ағымдағы жылдың 10 айында «Е-Собес» ақпараттық жүйесінде мүгедектігі бар адамдарды техникалық оңалту құраларымен қамтамасыз ету бойынша реабилитациялаудың және оңалтудың жеке бағдарламаларының орындалуы 91,1 пайызды құрап отыр. Қазірге дейін порталға тіркелген 24 202 өтініштің, 19 810-ы қанағаттандырылды. Ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткішті 95 пайызға дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Мүгедектігі бар адамдарға қолайлы жағдай туғызу мақсатында «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасымен бекітілген «Жол картасының» 84-тармағына сәйкес облыста жыл соңына дейін Тараз қаласы мен аудандарда 262 нысанды бейімдеу көзделген. Ағымдағы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша қозғалысы шектеулі азаматтарға жағдай жасау үшін 128,3 миллион теңге бөлініп, нәтижесінде 194 нысанды бейімдеу жұмыстары толығымен аяқталды. Қалған 62 нысан ішінара бейімделсе, 6 нысандағы жұмыстар әлі де жалғасуда.
Сонымен қатар мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді орта қалыптастыру мақсатында жергілікті бюджеттен «Инватакси» қызметіне
228,7 миллиион теңге қаралып, бүгінде Тараз қаласы мен аудан әкімдіктерінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінде 14 инватакси қызмет көрсетеді. Қазірге дейін 813 инватакси пайдаланушысы қызмет алып, оларға 31 автокөлікпен қызмет көрсетілуде.
Осы ретте айта кетерлігі, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы «Тауарларды және көрсетілетін қызметтерді, мүгедектігі бар адамдарды инватаксимен тасымалдау жөніндегі көрсетілетін қызметтерді берушілерді әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталында тіркеу немесе оларды тіркеуден шығару, сондай-ақ тауарларды және көрсетілетін қызметтерді әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталына жіберу қағидаларын бекіту туралы» №285 бұйрығының 1-тармағына сәйкес мүгедектігі бар адамдарды инватаксимен тасымалдау жөніндегі көрсетілетін қызметтер әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталы арқылы іске асырылатыны айқындалған.
Қазіргі таңда ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпаратына сәйкес, «Әлеумет» порталына толықтырулар енгізілуде. Сонымен қатар ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің Үкіметтік емес ұйымдармен кездесу барысында аталған қызмет түрінің жұмысы келер жылдың 1 шілдесінен басталатыны айтылды. Аталған мәселені ресми анықтау үшін басқарма тарапынан министрлікке хат жолдануда. Жалпы аталған бағыттағы жұмыстар – жіті бақылауда.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы №523 қаулысымен жергілікті атқарушы органдар ұсынатын әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың бекітілген үлгілік қағидалары арқылы жергілікті бюджет есебінен жүргізілетін атаулы мереке күндері және мұқтаж азаматтарға өтініштеріне берілетін көмектерге 2025 жылға 1,7 миллиард теңге қарастырылды.
2025 жылы облыстағы 6 Ұлы отан соғысының ардагері мен мүгедектеріне ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай 5 миллион теңгеден бір жолғы әлеуметтік көмек көрсетілді. Сондай-ақ ағымдағы жылдың 10 айында ерекше балалары бар үйге оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу бойынша 1 147 балаға 47,9 миллион теңгесі тағайындалып, төленді.
Есепті мерзімде Жамбыл облысы бойынша 2 392 мүмкіндігі шектеулі жан жүгініп, оның 1 922-і мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылған. Атап айтсақ, оның 568-і тұрақты бос жұмыс орындарына, ал 507-сі уақытша жұмыс орындарына орналастырылды. Бұдан бөлек, 35 адам қысқа мерзімді кәсіптік оқыту бағдарламасымен қамтылып, 25-і оқу мерзімі аяқталған соң тұрақты жұмысқа жолданды. Сонымен қатар «Skills enbek» порталы арқылы онлайн оқытуға 124 жұмыссыз азамат жолданып, оның 108-і тиісті сертификатын алды. Ал «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне 495 оқытылып, оның 108-і тиісті сертификатқа қол жеткізді. Бұған қоса кәсіпкерлікті дамыту мақсатында 193 мүгедектігі бар азаматқа 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде мемлекеттік қайтарымсыз грант беріліп, жеке кәсіптерін ашуға ықпал етілді.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің «Мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орындарын құратын жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау қағидалары мен шарттарын бекіту туралы» 2023 жылғы 29 маусымдағы №266 мүмкіндігі шектеулі жандарды арнайы жұмыс орындарына орналастыру бұйрығына сәйкес 11 бекітілген бос орынға адам жолдау жоспарланған. Бүгінгі күнге 11 мүмкіндігі шектеулі азамат тұрақты жұмыспен қамтылып, жылдық жоспар 100 пайызға орындалып отыр. Сондай-ақ облыс әкімінің 2025 жылғы 4 ақпанындағы №20 «2025 жылға жұмыс орындарының квотасын белгілеу туралы» Қаулысына сәйкес мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту мақсатында облыс бойынша 67 мекемеге 101 адамды квота арқылы жұмыс орындарына жолдау бекітіліп, 89 адам екі қолға бір күрек тапты.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 30 желтоқсандағы №1143 қаулысымен 2025-2030 жылдарға арналған инклюзивті саясат тұжырымдамасы бекітілді. Тұжырымдамада жұмыспен қамту мәселелері бойынша бірқатар нысаналы индикатор көзделген. Соған сәйкес бүгінге дейін 2 392 мүмкіндігі шектеулі жан жұмыспен қамту органдарына жүгінсе, 1 922-і мемлекеттік қолдау шараларымен толықтай қамтылды. Сонымен қатар 5 650 еңбекке қабілетті, жұмысқа орналасқан ерекше жанға соңғы 3 айдағы міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) әлеуметтік төлемдер аударылды.
Қоғамның дамуы адамға деген құрмет пен қамқорлықтан басталады. Әсіресе, өмірдің сан қилы қиындықтарына тап болып, ерекше қолдауды қажет ететін қарттар мен мүгедектігі бар азаматтарға көрсетілер мемлекеттік жанашырлық – өркениетті елдің айқын белгісі. Бүгінде Жамбыл облысында осы қағидат жүйелі түрде жүзеге асып, әлеуметтік қорғау саласы кең ауқымды жұмыстармен нығайып келеді. Мемлекет қамқорлығына алынған жандардың жағдайын жақсарту, олардың құқықтары мен қажеттіліктерін қорғау бағытындағы шаралар жыл санап жанданып, әлеуметтік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігі артып отыр.
Айталық, басқармаға қарасты 18 медициналық-әлеуметтік мекеменің қызметі – осы қамқорлықтың нақты көрінісі. Мүгедектігі бар адамдар мен жалғызбасты қарияларға арналған 8 стационарлық мекемеде 1 350 адамның күнделікті күтімі мен әл-ауқаты толықтай мемлекет бақылауында. Олар белгіленген стандарттар бойынша 8 түрлі арнаулы әлеуметтік қызметпен қамтылып, жан-жақты қолдауға ие болуда. Сондай-ақ мүгедектігі бар ересектер мен балаларға арналған 10 орталықта 1 869 адам арнаулы әлеуметтік қызметтерді тұрақты түрде алып келеді.
Қамқорлық тек мекемелермен шектелмей, үй жағдайында көрсетілетін қызметтер арқылы да жалғасуда. Мәселен, Тараз қаласы мен аудан әкімдіктері тарапынан бөлінген 1 336,9 миллион теңгенің есебінен есепті кезеңде 2 287 адамға, оның ішінде 1 276 жалғызбасты қарт пен 1 011 мүгедектігі бар азаматқа қажетті барлық әлеуметтік қолдаулар ұсынылуда. Бұл – қамқорлықтың әр адамның шаңырағына дейін жетуіне бағытталған жүйелі жұмыстың айғағы.
Бұған үкіметтік емес ұйымдардың да қосқан үлесі ерекше. Мемлекеттік құрылымдармен бірлесе отырып, олар 1 083 адамға әлеуметтік қызмет көрсетуде. Осы мақсатқа облыстық және жергілікті бюджеттен 383,6 миллион теңге бөлініп, әлеуметтік әріптестік мәдениеті дами түсуде. Атап айтқанда, басқарма мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе отырып, 8 әлеуметтік жоба бойынша 993 мүгедектігі бар ересектер мен балаларға әлеуметтік қызметтер көрсетуде. Бұл жұмыстарды жүзеге асыру үшін облыстық бюджеттен 250,0 миллион теңге бөлінді. Сонымен қатар Байзақ, Жуалы, Меркі және Мойынқұм аудандарында да мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде үкіметтік емес ұйымдар тарапынан арнаулы қызметтер ұйымдастырылуда. Аталған аудандардағы күндіз болу жағдайындағы оңалту және бейімдеу орталықтары 90 мүгедектігі бар ересектер мен балаларды қабылдап, қажетті әлеуметтік қолдауды қамтамасыз етуде. Осы мақсаттарға жергілікті бюджеттерден жалпы 133,6 миллион теңге қаржы қарастырылған.
2025 жылдан бастап ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі арнаулы әлеуметтік қызметтерді трансформациялау жұмыстарын қолға алды. Осы реформалар аясында Жамбыл облысында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін 39 ұйым (барлығы 43 лицензия) жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесіне көшуде. Есепті кезеңде 34 ұйым әлеуметтік қызметтер порталы арқылы шарт жасасуға өтінім беріп, барлығымен тиісті шарттар рәсімделді. Қазіргі уақытта арнаулы әлеуметтік қызметтерді қаржыландыруға қатысты тарифтерді бекіту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Облысымызда атқарылып жатқан әлеуметтік қолдау шаралары – мемлекеттің халық алдындағы жауапкершілігінің айқын көрінісі, қоғамның әлсіз топтарын қорғауды басты міндет санайтын мемлекеттік саясаттың нақты іске асырылуы. Мүгедектігі бар азаматтарды, жалғызбасты қарттарды, әлеуметтік осал санаттағы жандарды қорғау бағытында қолға алынған ілкімді істер өңірде әлеуметтік саланың жаңа деңгейге көтерілгенін дәлелдейді. Сондықтан бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар келешекте де өз жалғасын таба береді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.