Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Әулиеата жастары»: баянды бағдарлама жалғасын таба ма?

0 461

Елімізде бұқараны баспанамен қамту мақсатында жанданып жатқан жұмыстар аз емес. Алайда олардың барлығы дерлік жастардың сұранысын қанағаттандыра алады деп айту қиын. Осы бағытта облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы «Әулиеата жастары» жобасын қолға алған еді.

Жоба облыс бойынша барлық деңгейде жан-жақты талқыланып, сараланып, мақұлданған болатын. Бағдарламаны әзірлеуде облыстың ерекшеліктерін ескере отырып, Астана мен Алматы қалаларында оң нәтиже берген пилоттық бағдарламалар негізге алынды. Нәтижесінде, «Отбасы банк» Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ мен облыс әкімдігі арасында ынтымақтастық туралы келісім жасалды.
Бұған дейін облыста жастар мен жас отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған арнайы бағдарлама болмаған. Қолданыстағы бағ- дарламалар шеңберінде тұрғын үй сатып алу үшін азаматтарға ипотекалық кредиттеудің «7-20-25», «Баспана-хит», «Әскери баспана», «Бақытты отбасы», «Шаңырақ», «5-10-20» және тағы басқалары секілді құралдары қарастырылып келген. Жамбылдық жастардың қуанышына орай, жаңа бағдарлама баспаналы болуды армандап жүрген талай азаматтың мақсатына жетуіне жол ашты.
Бағдарлама шарттары бойынша алғашқы жылы жастарға берілетін қарыздың ең жоғары сомасы 13 миллион теңгеге дейін бекітіліп, несие беру уақыты 19 жылға шақталды. Ал пайыздық мөлшерлеме – 5, бастапқы жарна 5 пайызды құрады. Бағдарламаға денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт және журналистика саласында қызмет ететін 35 жасқа дейінгі ҚР азаматы қатыса алатын болып шешілді. Бұған қоса, бағдарламаға қатысушы конкурсқа өтінімді толтыру кезінде облыс аумағында өзі еңбек ететін салада соңғы бір жылдан кем емес жұмыс істеуі, «Отбасы банкінде» жинақ шотының болуы, соңғы бес жылда тұрғын үйдің немесе меншік құқығындағы тұрғын үйдің болмауы және әр отбасы мүшесіне бөлінген кездегі кірістің жалпы құны 140 470 теңгеден аспауын қажет етті.
Бағдарламаны жүзеге асыру үшін облыс әкімдігі мен «Отбасы банк» арасында өзара келісім жасалып, бюджеттен 500 миллион теңге бөлінді. Қатысушыларға құжат тапсыруға берілген 10 күннің ішінде 591 өтінім келіп түсіп, 21 адамнан жасақталған комиссия шешімімен барлық талапқа сай келетін 41 жас баспанамен қамтылды. Олардың қатарында Тараз қаласынан 35 жас баспана бақытына кенелді. Атап айт- қанда, денсаулық сақтау саласы- нан – 18, білім беру саласынан – 10, журналистика саласынан – 3, спорт саласынан – 2, мәдениет саласынан 3 жасқа баспаналы болу бақыты бұйырды.

Нақты айтқанда, қарыздың ең жоғары сомасы 15 млн теңгеге дейін көтеріліп, алдыңғы 5 салаға дін саласының қызметкерлері қосылды. Нәтижесінде, өтінім қабылдаудың төрт кезеңі бойынша 677 өтінім қабылданып, комиссия шешіміне сәйкес, 226 қатысушыға «Отбасы банкіне» жолдама берілді. 451 өтінім талаптарға сай келмеуіне байланысты бас тартылған. Берілген 226 жолдама бойынша 82 қатысушы банк іріктеуінен өтпей, 144 азамат тұрғын үй алды. Қоян жылының қорытындысы бойынша көне шаһардан 132 адам баспана кілтіне қол жеткізген. Тарқатып айтсақ, денсаулық сақтау саласынан – 69, білім беру саласынан – 21, журналистика саласынан – 18, спорт саласынан – 10, мәдениет саласынан – 9 және дін саласы бойынша 5 азамат өз үйінің иесі атанды.
Алайда бағдарламаның екінші кезеңі аяқталған соң ел арасында «2024 жылдан бастап «Әулиеата жастары» тоқтайды екен», «Бағдарлама «Отбасы банкіне» тиімсіз болыпты» деген сынды әңгіме шыға бастады. Бұл хабар алдыңғы жылдары іріктеуден өте алмай, бар үмітін биылға артып отырған талай жастың көңілін су сепкендей басып тастады. Өйткені үй кезегіне тұру үшін белгіленген санаттардың ешқайсысына кірмейтін, қолма-қол қаражатқа пәтер алуға жағдайы жете қоймайтын азаматтарға тиімді шарттармен баспаналы болуына мүмкіндік берген бағдарламаға қатысуға ниеттілердің қатары қалың-ақ.
Аталған мәселенің ақ-қарасын ажырату үшін біз Жамбыл облысы әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхармен арнайы тілдескен едік. Жомарт Дүйсенұлының айтуынша, бүгінгі таңда желдей есіп жүрген қаңқу сөзге сенудің еш қажеті жоқ.
– Қазіргі уақытта бағдарламаның биылғы кезеңінің шарттарын нақтылап жатырмыз. Осы уақытқа дейін біз басқарманың атынан облыс әкімдігінен 1,5 миллиард теңгеге сұрау жолдадық. Сондай-ақ «Отбасы банкіне» 1 миллиард теңге бөлуге сұраныс бердік. Қос тараптан 2,5 миллиард теңге бөлінген жағдайда биыл 170-ке жуық жасты баспанамен қамтуды жоспарлап отырмыз, – дейді басқарма басшысы.
Бұдан бөлек, биыл да бағдарлама талаптарына бірқатар өзгерістер енгізіледі екен. Ж.Зұлпыхардың берген мәліметіне сүйенсек, ағымдағы жылы «Әулиеата жастарына» қатысуға мүмкіндігі бар 6 сала қызметкерлерінің қатары тағы бірнеше саламен толықпақ. Әзірге нақты қандай саланың мамандары бағдарламаға қатыса алатыны белгісіз. Себебі аталған шарттарға енгізілетін өзгерістер бүгінгі таңда жан-жақты талқыланып жатыр екен.
Мемлекет тарапынан жастарға үнемі қамқорлық жасалып жатқаны – шүбә келтірмейтін шындық. «Әулиеата жастары» бағдарламасы – соның айқын көрінісі. Жастарды баспанамен қамтуға арналған жоба өз жемісін беруде. Бұл сөзіміздің айқын дәлелі ретінде 2 жыл ішінде «өз үйі – өлең төсегіне» ие болған 185 азаматтың бақытын келтіруге болады. Бұл ретте жамбылдық жастардың бір ғана тілегі бар. Ол – замандастарының бақыт шамын жаққан баянды бағдарлама ары қарай да жалғасын тауып, пәтер жағалағандардың санын азайтуы.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.