Қалалық қоғамдық-саяси газет

Әулиеата мен Батыс Қазақстанның байланысы беки түседі

0 396

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов бастаған делегация Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барды.

Топ құрамында ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы, «Тараз» ӘКК» АҚ төрағасы, шаруа қожалық жетекшілері мен кәсіпорын өкілдері бар. Олар аталған өңірдегі өндіріс ошақтарының жұмыс барысымен танысып, өзара тәжірибе алмасты.

Жұмыс тобы «Оралагрореммаш» АҚ-ның жұмысын көрді. Кәсіпорын 60 жылдан астам уақыт бойы ел нарығын қажетті арнайы техникамен, сыйымдылық-құю техникасымен және металл конструкцияларымен қамтамасыз етіп келеді. Бүгінде 210 адам тұрақты еңбек етеді.

Топ мүшелері «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ-ға барды.  Зауыт арнайы өнімдерді өндіру, жоғары технологиялық мұнай-газ жабдықтарын, энергетикалық жабдықтарды әзірлеу және өндіру бойынша Қазақстандағы жетекші кәсіпорындардың бірі. Газ  турбиналық қондырғыларға сервистік қызмет көрсетеді, тазалау мен дәнекерлеудің барлық түрлерін: вакуумдық дәнекерлеуді, механикалық өңдеу және басқа да қызмет түрлерін көрсетеді.

Бұдан бөлек «Теректі май комбинаты» ЖШС-не барды. 2009 жылы құрылған кәсіпорын өсімдік майы мен шрот өндіреді. Өндіріс ошағы жылына 50 мың.тонна шикізат өндеуге (өсімдік майы – 19,8 мың.тонна, шрот – 26,4 мың.тонна) қауқарлы. Отандық өнім еліміздегі өңірлермен қатар,  Ресей, Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан сынды мемлекеттерге экспортталады.

Сондай-ақ «Гидроприбор» АҚ-ның, «Мусаева Д.» жеке кәсіпкерлігінің жұмыс барысымен танысты.

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов бастаған топ БҚО-ның әкімі Нариман Төреғалиевпен кездесті.

Жиында қос өңірдің ынтымақтастығын арттыру мәселесі талқыланды.

Нариман Төреғалиев өндіріс ошақтарының мүмкіндіктерін пайдалану, оларға қолдау көрсету мақсатында бірлескен жұмысты күшейтуді ұсынды.  Сонымен қатар жамбылдық кәсіпкерлер өндіретін  өнімдерді БҚО-на жеткізіп, тікелей сату бойынша ұсыныстарын білдірді.

Өз кезегінде Нұржан Нұржігітов Жамбыл облысының мүмкіндіктері мен көрсеткіштеріне тоқталып, ұсыныстарды қолдайтынын жеткізді.

Жиын қорытындысы бойынша өңіраралық ыңтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.