Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

«Әулиеата – кітап оқитын өңір»: үздіктер марапатталды

0 58

Ш. Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен, Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің бастамасымен жүзеге асқан «Әулиеата – кітап оқитын өңір» кітап оқу жобасының қорытынды іс-шарасы өтті.
Ауқымды мәдени жиынға өңірдің зиялы қауым өкілдері, аудандық, ауылдық және мектеп кітапханаларының қызметкерлері, үздік оқырмандар мен кітап жанашырлары қатысты.
Іс-шара аясында «Әулиеата – кітап оқитын өңір» атты кітап экспозициясы ұйымдастырылып, жергілікті 24 ақын-жазушының еңбектері, сондай-ақ «Ең үздік ауылдық кітапхана», «Үздік оқырман», «Ел үшін туған ерлер» облыстық байқауларына қатысушылардың материалдары көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар LED экран арқылы жоба аясындағы негізгі бағыттар мен байқаулар таныстырылды.
Салтанатты жиын журналист, ұстаз, Журналистер одағының Жамбыл облыстық филиалының төрағасы, «Ғұмыр Дария» облыстық газетінің бас директоры, «Құрмет» орденінің иегері Жаңабай Миллионовтың құттықтау сөзімен ашылды.
Жиын барысында кітапхана қызметкерлері жергілікті ақындардың өлеңдерін оқыды.
Іс-шара барысында Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай құттықтау сөз сөйлеп, «Үздік автор», «Үздік ауылдық кітапхана», «Ел үшін туған ерлер», «Тау тұлға, дара тұлға – Бауыржан», «Үздік оқырман» номинациялары бойынша үздіктерді марапаттады.

«Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы аясында «Үздік автор» номинациясын белгілі журналист, ақпарат саласының лауреаты, ақын, журналист, халықаралық “Алаш” әдеби сыйлығының иегері – Ғайни Әлімбекқызы, белгілі журналист, ақпарат саласының майталманы – Оралхан Дәуіт және ақын, журналист Нұржан Қыдырәлі жеңіп алды.
«Ең үздік ауылдық кітапхана – 2025» облыстық байқауында Бас жүлдені Жамбыл ауданы, Қаракемер ауылдық кітапханасы, І орынды Т.Рысқұлов ауданы, Ақыртөбе ауылдық кітапханасы, ІІ орын Байзақ ауданы, Үлгілі ауылдық кітапханасы, ал ІІІ орынды Сарысу ауданы, Ақтоғай ауылдық кітапханасы иеленді.
Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай ұйымдастырылған «Ел үшін туған ерлер» облыстық байқауында Бас жүлдені Тараз қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі, І орынды Жуалы аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі, ІІ орынды Талас аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі, ІІІ орын Меркі аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі жеңіп алды.
Бауыржан Момышұлының өмірі мен ерлігіне арналған 14–21 жас және 22–35 жас аралығындағы «Тау тұлға, дара тұлға – Бауыржан» облыстық шығармашылық байқауының жеңімпаздары да шара барысында марапатталды.
Сонымен қатар кітапқа деген сүйіспеншілігімен, үздіксіз ізденісімен және белсенділігімен ерекшеленіп, өз ортасына кітап оқуды үлгі еткен ең көп кітап оқыған оқырмандар «Үздік оқырман» номинациясымен марапатталды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.