Қалалық қоғамдық-саяси газет

Әулие Валентин деген кім?

Махаббатыңды білдіру үшін мереке керек пе?

0 387

Көктем келе жастардың жан ұшыра күтетін мерекелерінің бірі – Әулие Валентин күні. Жастардың тілімен айтқанда – «Ғашықтар күні». Бұл күні мереке халықтың қалтасын қақса, саудагерлердің әмиянын қалыңдататыны рас. Елімізде Валентин мерекесі ресми түрде бекітілмесе де, 14 ақпанды жастар мен үлкендер де ерекше тойлап, атап өтуге құмар-ақ. Негізгі бұл мерекенің «Әулие Валентин» деп аталуының себебі қандай?

Тарих тереңіне үңілсек, бұрынғының бұлдыраған күндерінде Рим императоры II Клавдий елі үшін әлі де сіңірер еңбегі, жасайтын қызметі көп деген мақсатпен бойдақ жігіттерге әскерге барғанша отбасы құрып, шаңырақ көтеруге, ал жас қыздарға тұрмыс құруға рұқсат етпейді. Себебі императордың ойынша, ерлердің бар назары әйелдерге аумаса, соғысқа деген құлшынысы да құртылмайды-мыс. Дегенмен де, махаббат – ұлы күш иесі болғандықтан, сапқа тізілген сарбаздардың арасында жарлыққа бағынудан бас тартып, жүрегіндегі сезімін тұншықтырмағандар да табылған. Сол кездері әйгілі Валентин атты дін қызметшісі ғашықтардың сұрауымен құпия түрде олардың некесін қиған. Осылайша, уақыт өте жасырын некелесу халық ішінде кеңінен тарала бастайды. Өзінің мейірімділігімен көптің алғысын алған, ерекше сый-құрметке ие болған қарт кейіннен жанашырлығынан жапа шекті. Билік өкілдері жағдайдан хабардар болып, дін қызметшісін абақтыға қамап, өлім жазасына кесуді бұйырады. Түрмеге түскен Валентин сондағы Джулия атты қызметкердің қызына ес-түссіз ғашық болады. Өлер алдында сүйгеніне сезімін білдіріп, хат жолдайды. Көп ұзамай, 14 ақпанда Валентин өмірімен қош айтысады. Содан бері, ол «әулие» атанып, ал бұл күн ғашықтар күнінің символы болып, мерекеге айналған.
Аталмыш мерекені Батыс Еуропа ХІІІ ғасырдан бері, АҚШ 1777 жылдан бастап тойлап келеді. Ал Қазақстанға, сондай-ақ басқа да ТМД елдеріне тоқсаныншы жылдардың басында жеткен екен. Бұрынғы кездері ғашықтар бір-біріне сезімін қолдан жазылған хаттар арқылы білдірген. Бірақ Валентин мерекесі тойланғаннан бастап арнайы «Валентин ашықхаттары» жасалатын болды. ХІХ ғасырдан бастап бірте-бірте қолмен жазылған хаттар қалыс қалып, арнайы дайын құттықтау ашықхаттар қолданысқа еніп, сұраныс көбейді. Бұл мерекені еуропалықтар романтикаға толы, ғашықтардың махаббаттарын білдіретін күні деп байланыстыратын болса, енді бірі «Валентин күнін» көктемнің бастауы деп те санайды.
Қазіргі кезде мерекелік күнтізбемізге де енбеген бұл мейрамды жарыса тойлайтындардың саны артпаса, кемитін түрі жоқ. Тіпті, жыл өткен сайын қарқыны қарыштап бара жатқан мерекенің келер ұрпаққа «мұра» боп қалуы да ғажап емес. Сол секілді америкалықтардың Хэллоуин мерекесін де қазір халқымыздың жартысынан көп бөлігі тойлап жүр.
Бірақ бұл қаншалықты дұрыс? Жырақтан келген, қанымызға сіңбеген мейрамдарды асыға күтіп, абыр-сабыр болып тойлағанымыз өз мерекелерімізге көңіліміздің толмағаны ма? Әлде ұлттық құндылықтарымыздың жоғалып бара жатқанының белгісі ме?
Рас, бүгінде дәл «Әулие Валентин» мерекесіне ұқсас, болмысымызға сай «Қыз Жібек пен Төлеген» немесе «Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу» күнін мерекелеу бастау алуда. 15 сәуір – ғашықтар күні, «Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу» мерекесі деп тойлап та жүрміз. Десек те, бұл мерекені де тойлау қаншалықты дұрыс? Қанша жерден жай ғана мереке деп қарасақ та санамызға тереңінен ене түсуі ата-бабаларымыздың беріп кеткен үлгі-өнегесінен, тәрбиесінен алыстата түсетіндей. Бұған дәлел, кезінде бірін-бірі өліп-өшіп сүйгендер махаббатын ашықтан-ашық білдіре алмаған. Араға жеңгелерін қосып, солар арқылы ғана сезімін білдіріп отырған. Бұл ешқандай да өзіне деген сенімсіздік немесе батылының жетпегені емес. Керісінше, байқаған адамға бұл жерде үлкен тәрбие жатыр. Мерекені атап өтеміз деп, қазақтың қара топырағында өскен ұл-қыздарымыздың бойындағы ұяңдықты, нәзіктікті, ұстамдылықты жоғалтып алмаймыз ба?
«Өзін тәрбиелей білмеген өзгеге өнеге көрсете алмайды» дейді ұлы Абай. Заман талабына сай боламыз деп, қанымызға сіңген қазақилығымыз бен ұлттық қасиеттерімізді, салт-дәстүрімізді жоғалтып алмайық. Осы есте болған абзал.

Айнура СЕЙДІЛДАЕВА

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.