Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тыныштықты ту еткен елдің ұраны

0 146

Қазақстан тұрақтылық пен қауіпсіздікті қолдайтын мемлекет екенін төрткүл дүниеге әйгілі етті. Сондай-ақ көптеген дау-жанжалды бейбіт жолмен шешу тәсілін ұсынып келеді. Осы бағытта атқарылған жұмыстардың бір парасы – бітімгершілік миссиялары.

Қазақстан 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүшеcі болып сайланғаны белгілі. Сол кезеңде еліміз бітімгерлік бағытта көптеген ауқымды жұмыс атқарды. Еліміздің бітімгершілік саладағы белсенді ұстанымы Қауіпсіздік Кеңесі және ондағы жұмыс органдары тарапынан жоғары бағаланды.
Осы саладағы жұмыстың маңызды бағыты – Қазақстанның бөлімшесін бітімгерлік операцияларына қатысу аясын кеңейту. Арнайы миссияға жіберу барысында бітімгерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, климат пен эпидемиялық жағдай мәселелері есепке алынды. Бірқатар бітімгерлік операциясына қазақстандық әскери бақылаушылар мен штабтық офицерлерді жіберу көзделген еді. Осы бағытта атқарылған жұмыстың нәтижесінде еліміздің сарбаздары Ливандағы UNIFIL миссиясы аясында бітімгерлік операцияларына қатысуға мүмкіндік алды.
Естеріңізге салсақ, Жерорта теңізінің жағалауындағы алақандай Ливан ішкі-сыртқы күштердің ықпалымен қарулы шиеленістерден көз ашпаған-ды. Осыған байланысты БҰҰ-ның Ливандағы уақытша күші 1978 жылы наурызда Ливан үкіметіне елдегі билікті қалпына келтіруге көмектесу және осы елден Израиль әскерлерінің шығарылуы үшін құрылған-ды. Осылайша UNIFIL миссиясы өз жұмысын бастады.
Бүгінге дейін Ливанда бітімгерлікпен айналысу мақсатында елімізден үш мәрте сарбаздар аттанды. Алғаш рет 2018 жылы 120 жауынгер UNIFIL-дің құрамында Ливандағы тыныштықты сақтау міндетіне кірісті. 2020 жылы үшінші топ жолға шықты. Жалпы бұл миссияда 42 елден келген 10 мыңнан астам сарбаз борышын өтейді.
Қорғаныс және геосаяси мәселелерді зерттеп жүрген америкалық сарапшы Уильдер Алехандро Санчестың пікірінше, UNIFIL аясында Ливанға жүзден аса сарбаз жіберу кейінгі жылдары бұл бағыттағы жұмыстың белсенді атқарылып жатқанын көрсетеді.
– БҰҰ деректеріне сүйенсек, қазіргі таңда Қазақстанның 128 әскери қызметкері бітімгерлік миссияларымен айналысады. Яғни, осы салаға үлес қосқан мемлекеттер арасында 66-орында тұр. БҰҰ бітімгерлік миссиясына ең көп үлес қосушы ел – Эфиопияға (6650 сарбаз) қарағанда әлдеқайда аз. Әйтсе де Қазақстан – Орталық Азиядағы басқа елдерге қарағанда бітімгершілік миссиясында көп қызметкері бар мемлекет. Мәселен, Қырғызстан небәрі 12 адам ғана жіберген. Соған қарамастан қазақ сарбаздары UNIFIL аясындағы миссиясын сәтті орындады деуге толық негіз бар, – дейді вашингтондық сарапшы.
У.Санчестің пайымдауынша, БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясына атсалысу жаһандық тұрақтылықты қамтамасыз етуге, бейбітшілік орнатуға және оны сақтап қалуға мүмкіндік бермек.
– Бұл келіссөздер арқылы ғана емес, бітімгерлік арқылы да бейбітшілік орнататын мемлекет ретінде халықаралық аренадағы Қазақстанның имиджін көтереді. Бұған қоса, қазақ сарбаздары қауіпті аймақта тәжірибесін шыңдайды. Мұндай шынайы жаттығуға дайындық арқылы қол жеткізу мүмкін емес – дейді У.Санчес.
Командирлердің сөзіне сүйенсек, біздің бітімгерлердің моральдық-психологиялық жағдайы жоғары деңгейде. Олар барлық қауіпсіздік шараларын қатаң ұстана отыра, «көгілдір сызық» бойында тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін тәулік бойы жедел қызметті жүзеге асыруда.
Бітімгершілік миссиясының күн тәртібі бекітілген. Әуелі рота командирі бақылау барысында қай жолмен жүру қажетін, қандай нысандарға назар аудару керектігін түсіндіреді. Содан кейін әр бөлім өзіне тиесілі нұс-қаулыққа сай әрекет етеді. Әдетте әр бөлімнің жартысы қазақстандық, қалғаны үндістандық сарбаздардан құралады.
Өзге елдің табиғатына бейімделу, жазылған һәм жазылмаған заңдарынан хабардар болу оңай шаруа емес. Бітімгер ротасының құрамында борышын өтеген Эльдар Құдайбергеновтың айтуынша, бастапқыда Ливанға үйрену оңайға соқпаған.
– Қазақстанның көп бөлігі тегіс, жазық жер. Ал Ливан негізінен таулы аймақ саналады. Мұндағы жолдар бірде өрге көтерілсе, бірде төмен түседі. Ойлы-қырлы. Кей жерлерде жол өте тар. Алайда біздің жүргізушілеріміз бұған үйреніп кетті, – дейді Э.Құдайбергенов.
Қазақстандық бітімгерлік контингенті модульдік үлгідегі екі бітімгерлік базада орналасқанын атап өткен жөн. Күнделікті жайлы жағдайы қалыптасқан. БҰҰ тарапынан қамтамасыз етілетін үш мезгілдік тамақтану ұйымдастырылған. Дене шынықтырумен айналысу үшін жабдықталған спорт залы бар. Міндеттерді орындаудан бос уақыт кезінде бітімгерлер футбол, волейбол, шахмат және бильярд ойнайды. Әркім өз отбасымен бейнебайланыс арқылы хабарласа алады.
Бітімгерлік күштер туралы мәселеде мынаны ескерген жөн. Еліміздің сарбаздары қақтығыс өрті күйіп тұрған аймақтарға бармайды. Ондай өңірлерге БҰҰ-ның «Бітімгерлік әлеуетінің дайындық жүйесінде» әбден ысылған әскер жіберіледі.
Сонымен қатар қазақстандық сарбаздарды қақтығысқа толы аймақтарға жіберу жоспарда жоқ. Керісінше, бітімгерлік ротасының әлеуетін арттыратын, алайда дау-жанжалы аз өңірге жіберу көзделген. Себебі бітімгершілік операциясының қауіпті тұсы да бар. Ең алдымен, мұндай миссиялардың құны адам өміріне тең келуі мүмкін. Мәселен, 1995 жылы Тәжікстанда бітімгерлік топта борышын өтеуге барған 17 қазақ сарбазы қаза тапқан-ды. Сондай-ақ 2003 жылы Иракта да бір жауынгеріміз опат болды.
«Бітімгерлік миссиясы әдетте қайта қақтығыс туындауы мүмкін өңірлерге аттанады. Кез келген сәтте ахуал шиеленісе түсуі әбден мүмкін», – дейді У.Санчес.
Жалпы, Қазақстан әскері бітімгерлік миссияларына бұрыннан қатысып келеді. Мәселен, 2014 жылдан бастап еліміздің 11 офицері 12 ай бойы Батыс Сахарада және Кот-д’Ивуар Республикасында БҰҰ миссияларына атсалысқаны белгілі. Тәжік-Ауған шекарасын күзеткен қазақстандық сарбаздардың есімдері ел жадында.
Негізі Сирия мен Израиль арасындағы аймақта қызмет етіп жатқан бітімгерлер бір жыл ішінде 550-ден астам тапсырма орындаған. Енді биыл сәуірде екінші контингент Сирия-Израиль шекарасына аттанады.
Қазақстандық бітімгерлер Сирияға былтыр наурызда кеткен еді. Әрі БҰҰ бітімгерлік миссиясы аясында алғаш рет жеке мандатпен жұмыс істеп жатыр. Қазір Голан жоталарында Қазақстанның 139 әскери қызметшісі жұмыс істеп жүр. Оның ішінде 4 әйел қызметші бар. Былтыр қазақстандық әскерилер өздерімен бірге 26 әскери техниканы Голан жоталарына жеткізген болатын.
Бірінші бітімгерлер контингентінің командирі, подполковник Жігер Аиповтың айтуынша, қазақстандықтар БҰҰ-ның ажыратуды бақылау күштерінің құрамында 2024 жылдың 15 наурызынан бері жұмыс істеп келеді. Әрі БҰҰ миссиясы қолбасшысының резерві ретінде қызмет атқаруда. Қазақстандық бітімгерлер өздеріне берілген мандат бойынша әрекет етеді. Қазақ сарбаздары бір жыл ішінде 557 нақты тапсырма орындаған. Соның ішінде 66 мәрте әскери персонал мен гуманитарлық жүктерді алып жүрген.
3 рет бітімгершілік базалар мен бақылау бекеттерінің күзетін күшейтуге қатысқан. 15 рет жарылғыш заттарды залалсыздандырып, жойған. Бұл операциялардың нәтижесінде 240 жарылғыш зат пен снарядтың көзі жойылған. Өздеріне жүктелген жауапкершілік аймағындағы бітімгерлік базалардан әскери персоналды эвакуациялауға 4 рет қатысқан. 458 рет жауапкершілік аймағында мобильді патруль жүргізген.
2025 жылғы сәуірде Голан жоталарындағы қазақстандық бітімгерлердің 2-ші ротациясы өтеді. 139 адам 2 бортпен 11 және 18 сәуірде Алматы қаласынан Сирияға ұшып барады.
Міне, осылайша Қазақстан бітімгерлік миссиясын жоғары деңгейде орындауда. Бұл сөз жоқ, бейбітшілік пен тыныштықты Ту еткен елдің басты ұраны мен ұстанымы.

Еркін Сайын

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.