Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ұтымды ұсыныстар айтылды

0 822

Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаевтың қалаға тиесілі 11 аумақтың тұрғындарының алдында есебі аяқталды. Атқарылған жұмыстардың нәтижесі мен үстіміздегі жылы жүзеге асатын бірқатар істердің барысы туралы есепті шаһар басшысы қалалық қоғамдық кеңес мүшелерінің алдында да берді.

Арайлым ШАБДЕНОВА Суретті түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ

Қала әкімдігінің мәжіліс залында өткен жиынға қалалық қоғамдық кеңестің мүшелері, қала әкімдігінің бөлім басшылары мен қалалық мәслихаттың хатшысы Батырбек Құлекеев және барлық аумақтың инспекторлары қатысты. Отырысты кеңестің төрағасы Қаржаубай Бекболатов ашып, жүргізіп отырды. Алдымен қала әкімі өткен жылдың қорытындыларын ортаға салды.
– 2019 жылдың 5 сәуірінде «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» Заңға тиісті өзгерістерге қол қойылып, кәмелеттік жасқа толмаған балаларға 20789 теңгеден, отбасының ересек азаматтарына жиынтық табыспен күнкөріс деңгейінің айырмасы төленді. Осыған орай, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны күрт өсті. Мысалы, 2018 жылы атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны 1123 отбасыны құраса, өткен жылы 8094 отбасыға жеткен немесе 7,2 есеге өсіп отыр. Жалпы өткен жылы 8094 отбасының 43095 адамына 5,3 млрд теңге мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып төленді. Ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік көмектегі ең үлкен жаңалықтың бірі – көпбалалы отбасылардың табысына қарамастан мемлекеттік жәрдемақының тағайындалуы. Бұл жәрдемақыны 4 және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі оқу бөлімінде оқитын студент балалары бар отбасылар ай сайын алып отырмақ. Ал атаулы әлеуметтік көмек осы жылдан бастап жаңа тәртіппен беріле бастайды. Біріншіден, атаулы әлеуметтік көмек тоқсан сайын тағайындалады. Екіншіден, отбасының орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына жетпейтін болса, атаулы әлеуметтік көмекке ие болады. Жаңа өзгерістерге сәйкес адам басына бұрынғыдай 21 мың теңге берілмейді, орташа табыстың кедейлік шегінен айырмасы ғана төленеді. Есесіне атаулы әлеуметтік көмек алушы балаларына кепілдендірілген әлеуметтік топтама берілетін болады. Ол яғни айына 1 рет азық-түлік топтамасы, тоқсанына 1 рет гигиеналық құралдар, жылына 1 рет мектеп құралдары мен мектеп формалары және оқу кезеңінде бір мезгіл ыстық тамақ пен мектепке қатынауға жол жүру жеңілдіктері болып табылады. Жалпы осы мақсаттарды қаржыландыруға 3 млрд 151,3 млн теңге қаржы қарастырылған. Үшіншіден, әлеуметтік көмек алатын отбасындағы еңбекке жарамды азаматтарға жұмыс ұсынылады. Егер одан бас тартса, әлеуметтік көмек беру отбасына толық тоқтатылады. Өздеріңіз білетіндей, қазіргі таңда көпбалалы отбасыларды баспанамен қамту өзекті мәселелердің бірі болып саналады. Осы мақсатта кезекте тұрған көпбалалы аналарға арналған «Қарасу» мөлтек ауданында 45 пәтерлі 4 шағын жатақхананың құрылысы аяқталса, сондай-ақ ағымдағы жылы «Арай» тұрғын алқабынан 4 жатақхана пайдалануға берілетін болады. Бұдан басқа, өткен жылы көпбалалы отбасыларға кемінде 3 бөлмелі 144 пәтерді сатып алуға республикалық бюджеттен 1 млрд 172,6 млн теңге бөлініп, осы үйлер тұрғын үй кезегінде тұрған көпбалалы отбасыларға жекешелендіру құқығынсыз жалға берілетін болады. Сонымен қатар ағымдағы жылы «Бәйтерек» мөлтек ауданында әрқайсысы 15 пәтерлі 6 тұрғын үйдің құрылысына 840,0 млн теңге қаржы бөлінді, – деген шаһар басшысы бірқатар салаларға жіті тоқталды.
Тараз қаласы дамуының басты бағыттарының бірі – тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, абаттандыру, тазалық және автомобиль жолдарын жөндеу мен ұстау, сыртқы жарықтандыру, жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Халықтың жайлы және қолайлы өмір сүруі осы мәселелердің жылдам әрі уақтылы шешілуіне байланысты. Көпшілік тарапынан есептік кездесулерде де осы салаға қатысты сауалдар көптеп көтерілді. Қала әкімі тұрғындардың арыз-талаптарын жауапсыз қалдырмай, жиындарда тиісті шешімін айтып отырды. Ал Қоғамдық кеңес мүшелері Айтқазы Дәулетқұлұлының есебін тыңдап болғаннан кейін қанағаттанарлық деген баға беріп, бірқатар ұсыныстарын ортаға салды. Соның алғашқысы Қоғамдық кеңес мүшесі Ерғаш Нұралиев бірнеше мәселе көтерді.
– Сіздің 11 округтің тұрғындарымен кездесіп, есеп бергеніңізді білеміз. Барлық есепте Қоғамдық кеңестің төрағасы мен мүшелері барып қатысты. Атқарылған істер ауыз толтырып айтарлық. Сізге ұсынысым, жеке меншік дәмханалар мен мейрамханалардың алдындағы тұрағын реттесеңіздер. Той-томалақта жол ережесін бұзған жүргізушілердің кесірінен тұрғылықты жердің тұрғындары зардап шегуде. Сондай-ақ қаладағы жеке тұрғын үйлер мен жапсарлас құрылыстардың қызыл сызықтан асып кетпеуіне қадаға керек. Бүгінде ең өзекті болып отырған той мәселесіне де атүсті қарамайық. «Той – халықтың қазынасы» десек те, беталды тойға тыйым салу керек. Сонымен қатар жаназада ысырапшылдыққа әлі жол беріліп келеді. Осыны да реттейтін уақыт жетті, – деді Ерғаш Нұралиев.
Той тақырыбын жиында бірқатар кеңес мүшелері де мақұлдап, «арнайы комиссия құру керек, болмаса белгілі бағытта жұмыс жасау керек» деп ойлары бір жерден шықты. Ал өз кезегінде Жанар Рымбекқызы әкімнің есебіндегі нәресте өлімінің 37 пайызға өскендігі жаға ұстатар жайт екенін жеткізді. Бұл орайда, қала әкімі: «Иә, жасыратыны жоқ біз бұл мәліметтерді облыстық денсаулық сақтау басқармасынан алдық. Біздер тек сандармен ғана шектеліп отырмыз. Бұрын қалалық денсаулық бөлімімен қоян-қолтық жұмыс жасап, бөлім мамандары ешбір жиыннан қалмай, жағдайды баяндап отыратын. Ал бүгінде сала мамандары әкімнің ешбір есебіне келмеді. Бұл орайда, алдағы уақытта тиісті жұмыстар атқаратын боламыз», – деді. Қоғамдық кеңестің мүшесі Қадірхан Абдуллаев болса, қаланың абаттандырылуына жеке кәсіпкерлер де өз үлесін қосу керектігін айтты.
– Қаланың шығыс қақпасынан бастап жеке кәсіпкерлер өз кәсіптерін дөңгелетіп отыр. Кәсіпкер ретінде мемлекет тарапынан біздерге көрсетіліп жатқан қолдау мен көмек орасан зор екендігін айтқым келеді. Біздер әкімдікке қол жая бермей, қаланың абаттандырылуына өз үлесімізді қоссақ деймін. Жеке дүкендері мен мейрамханалары бар кәсіпкерлерге арнайы схема сызып, қандай тал-дарақ пен гүл отырғызу керектігі бар нұсқаулық әзірленсе, қаланың келбеті әлдеқайда арта түсер еді. Сондай-ақ мен барлық жұмыстардың басы-қасында жүрген округ инспекторларына алғысымды айтқым келеді. Олар тұрғындармен тікелей жұмыс істеп, әкімдік пен халықтың арасында алтын көпір орнатуда, – деді Қадірхан Керімжанұлы.
Кеңес отырысын Қаржаубай Бекболатов қорытындылап, алдағы жұмыс жоспарлары туралы айтты.

pіkіr

Әр бастама – ел мүддесі үшін

Қала әкімінің №5 округ тұрғындарының алдындағы есепті кездесуіне осы аумақтың белсенді азаматтары, квартал комитетінің төрағалары арнайы қатысып, шаһарда атқарылған жұмыстармен жақынырақ таныстық. Айтқазы Қарабалаев қызметке тағайындалғанына 2 ай ғана болғанына қарамастан, 2019 жылдың межелерін тиянақты әрі жан-жақты баяндап берді. Расымен, атқарылған жұмыс аз емес. Соңғы 2 жылдың ішінде шаһардың түрленіп сала бергенін де көзіміз көріп жүр. Бұл ең әуелі өңір басшысы Асқар Мырзахметовтің еселі еңбегі деп білеміз. Мұны біздің аумақтың тұрғындары да ерекше бағалайды. Әдетте қарапайым халық шаһар басшылығының жұмыстарымен жақын таныспай жатып, оларды сынап-мінеуге әзір тұрады. Есепті жиынға келген әрбір тұрғын атқарылған тірліктердің көптігін, оның сапасы мен маңыздылығын ұғып, нақты пікірін қалыптастырар еді.
Жеке өзімді шаһарда жаңадан бой көтеріп жатқан тұрғын үйлердің көптігі қуантты. Тұрғын үй кезегінде талай жылдан бері тұрған туыстарымның, бауырларымның баспаналы боламыз деген арман-тілегі орындалар күн алыс емес екенін осыдан аңғарамыз. Әсіресе, 15-ші мөлтек ауданның қарқынды түрде салынып жатқанын көз көріп, көңіл марқайып жүр. Осы жылдамдықты бәсеңдетіп алмасақ, әрбір тараздық өз шаңырағында шаттыққа бөленер еді. «Нұрлы жердің» игілігі осы болса керек. Сонымен қатар биыл қарасулықтар үшін ерекше жыл болмақ. Шаһар басшысы округ аумағындағы каналды жаңадан абаттандырып, «Үшбұлақ» демалыс аумағы секілді келбеті көріктене түсетінін сүйіншілей жеткізді. Жаяу жүргіншілерге арналған көпірдің де құрылысы биылға жоспарланғанын естіп ерекше қуандық. Әрбір тұрғын өзі тұратын аумақтың жайлы әрі әдемі болғанын қалайды. Бұл ретте сол әдемілікті қолдан құртатын басбұзарларға тоқтам болса, қоғамдық орындарға қойылатын бейнекамералар көбейсе деген тілегіміз бар. Әдеміліктің бәрі өзіміздің, халықтың игілігі үшін жасалынып жатыр. Әкімдік аянып қалып жатқан жоқ. Тараздықтар осының қадірін білсе екен дейміз.
Есепті жиында Айтқазы Қарабалаевтың сала бойынша мамандарды арнайы бөлек отырғызып, тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға нақты жауап бергеніне разы болдық. Әрбір тұрғын үшін өзінің сауалына қала әкімінің арнайы құлақ түріп, маңыздылығын ескеріп, бұқарамен жақын қарым-қатынас орнатқаны өте маңызды. Осылайша, көпшіліктің бүгінгі билікке деген сенімі арта түседі. Өз басым «Қарасу» аумағының тұрғыны ретінде қала басшылығының биылғы жылға жоспарлаған әрбір жұмысының нәтижелі болуына тілектеспін.

Алдаберді Махашев,
«Бастауыш» ардагерлер ұйымының төрағасы

Игілікті істің басы анық

Қолжетімді тұрғын үй, жұмыспен қамту, сапалы білім беру және денсаулық сақтау, таза экология, жақсы жолдар мен қауіпсіздік, өнеркәсіп пен экономика ілгерілеп, инфрақұрылым, тұрғын үй құрылысы бағдарламасы күннен-күнге дамып келеді.
Тұрмысы төмен отбасы, көпбалалылар мен жетімдер үйінің жеткіншектері жандары жадырап, күні бүгін мемлекеттік бағдарламаның арқасында, облыс әкімінің қолдауымен пәтерге қол жеткізуі – біздің үлкен жетістігіміз.
Қала әкімі Айтқазы Қарабалаев қай істі болмасын ел игілігі үшін жүзеге асырып, шаһар тұрғындарының тілек-талаптарын орындап, жүйелі жұмыс жасап, еңбекті еңсеру бағытында жүргені халықтың ұлы екенін білдіреді деп ойлаймын.
Көне шаһар күн санап көз алдымызда тотыдай таранып, түрленіп, жаңарып келеді. Өңірде экономика, жүзеге асырылатын міндеттердің спорт, білім, мәдениет, руханият, инфрақұрылым сынды кез келген салада шешімі қолға алынуда. Бүгінгі болып жатқан жағымды жаңалықтар «Игілікті істің қасына, жақсы келер басына» деген аталы сөздің айғағы.

Абылсайын Мухиев,
қала тұрғыны

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.