Ұлы даланың төсінде орналасқан Қазақстан – тек кен байлығымен ғана емес, табиғи сұлулығымен, тарихы мен мәдени мұрасымен ерекшеленетін ұлан-ғайыр өлке. Шығыста мұзарт шыңдарын аспанмен тілдескен Алтай қоршап тұрса, батыста Каспий теңізі толқынын шайқап, айдынын әсемдікке бөлейді.
Оңтүстікте көне өркениеттің ізі қалған Түркістан мен Тараздың тарихи жәдігерлері тарихтан сыр шертсе, солтүстікте сұлулығымен көз сүріндірген Бурабай мен Зеренді – табиғаттың інжу-маржаны іспетті. Қазақстанның әрбір өңірі өзіндік ерекшелігімен дараланып, саяхатшыға жаңа әсер сыйлайтын мекенге айналған. Бұл қатарда табиғаты тотыдай түрленген, тарихы терең Әулиеата өңірі де бар.
Бүгінгі таңда ел туризмі тек табиғи байлыққа ғана емес, сонымен қатар рухани құндылыққа сүйеніп дамуда. Қазақ халқының ежелден жалғасқан қонақжайлығы, ұлттық салт-дәстүрлері, мәдениеті мен өнері шетелдік қонақтардың да қызығушылығын тудырып отыр. Көшпенділер өркениетінің ізі қалған жерлерде этноауылдар құрылып, туристерге нағыз қазақы өмірді сезінуге мүмкіндік берілуде. Домбыра үні, қымыз дәмі, киіз үйдің қонақжайлығы – барлығы Қазақстанды өзгеше кейіпте танытады.
Дегенмен, еліміздегі туризм саласының әлі де тұралап тұрғаны жасырын емес. Бұл мәселе Мемлекет басшысының да назарынан тыс қалмады. Қасым-Жомарт Тоқаев ағымдағы жылдың 8 қыркүйегінде жариялаған: «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында да ерекше атап өтті.
– Тағы бір маңызды мәселе, бұл – туризм. Жалпы, бұл салада біраз түйткілді мәселе бар. Шынын айту керек, кәсіби кадрлар тапшы. Осы саладағы бәсекеге қабілетіміз әлі де шамалы.
Мен шілде айында туристік жерлердің барлығын ретке келтіру туралы тапсырма бердім. Бұл жұмыс менің жеке бақылауымда. Жұрт жиі баратын демалыс орындарынан бөлек, болашағы зор басқа да бағыттардың әлеуетін арттыру маңызды. Міндеттердің ара-жігін ажыратып алған жөн. Жергілікті атқарушы органдар әрдайым туризм инфрақұрылымын жан-жақты дамытуға баса мән беріп, осы жұмысқа жауапты болады.
Ал шетелден туристер тарту мәселесі және отандық туризм саясатын заң тұрғысынан қамтамасыз ету орталық органдардың назарында болады. Осы орайда, Алматы қаласы мен Алматы облысындағы тау туризмі мен тау шаңғысы туризміне арнайы тоқталғым келеді.
Қазіргі таңда бұл бағыттағы ең өзекті мәселе – заманауи инфрақұрылым салу. Егер осы міндетті ойдағыдай орындасақ, еліміздің курорттары жер жүзіне танылып, Қазақстанның бетке ұстар ұлттық бренді болмақ, – деді Президент.
Әрине, бұл – Мемлекет басшысының ел экономикасына серпін беретін маңызды салалардың бірі жөнінде жылдар бойы айтып келе жатқан басты ұстанымы. Мәселен, өткен жылы 2 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында Президент әуе хабтарын дамытудың маңыздылығын айрықша атап өткен болатын.
– Әуе хабтарын дамыту – өте маңызды міндет. Қазақстанның әуе кеңістігі арқылы жыл сайын 150 мың тоннаға жуық жүк тасымалданады. Алдағы төрт жылда бұл көрсеткішті екі есе ұлғайтуға болады. Әуежайларымыздың жүк тасымалдау мүмкіндігін арттыру үшін барлық жағдайды жасау керек. Ішкі әуе бағдарларын дамытуға айрықша назар аударған жөн. Бұл, әсіресе, негізгі туризм нысандарының инфрақұрылымын жақсарту үшін маңызды. Туризм жобаларын жүзеге асырғанда табиғатқа зиян келтірмей, экологияны сақтау барынша маңызды екенін ерекше атап өткім келеді, – деді Президент.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы өткен жылы туризмді дамытуға арналған кеңес өткізіп, онда ең алдымен туризм саласының инвестициялық тартымдылығын арттыру қажеттігін атап өткен болатын.
– Дүниежүзілік экономикалық форумның бағалауы бойынша еліміз туризм саласындағы іскерлік ортаны дамыту деңгейі тұрғысынан 119 елдің ішінде 70-орында тұр. Бұл мақтанатын көрсеткіш емес. Демек, бұл салада бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасалмаған. Сол себепті туристер нөпірі артқанына қарамастан, курорттық аймақтардағы орын саны өспек тұрмақ, керісінше, азайып барады. Алакөл демалыс аймағының Жетісу облысы жағы мен Алматы тау кластері көш соңында келеді. Алакөлдегі қонақүйлер, отельдер мен туристік базалардың саны 24-ке, ал Алматыда 16-ға қысқарған. Соның салдарынан бюджет тұрақты салық түсімінен, ал өңірлер жұмыс орындарынан қағылып отыр, – деген болатын.
Президенттің пікірінше, отандық туризмді тежейтін елеулі түйткілдің бірі – көлік инфрақұрылымының нашарлығы.
– Еліміздегі теміржол саласы сын көтермейді. Вагондардың көбі әбден ескірген. Кейбір вагондарда, тіпті, кондиционер де жоқ. Үкімет алдағы бес жылда вагондар паркін жаңартуға тиіс. Бұл жұмысты созбай, жедел аяқтау қажет. Сондай-ақ теміржол стансаларының аумағын абаттандыру керек, барлығы халықаралық стандарттарға сай болуға тиіс. Жаз айларында жолаушылар саны күрт артатыны белгілі. Жұрт жиі баратын жерлерге жайлы вагондары бар пойыздарды көбейту қажет. Бұл – өте жедел атқаратын міндет. Автомобиль жолдарының сапасы да нашар. Әсіресе, шалғайда орналасқан демалыс аймақтарына көлікпен жету оңай емес. Тіпті, өте қиын. Тас жол жоқ деуге болады. «Астана-Алматы» бағытындағы жолды жөндеу жұмыстары 2021 жылдан бері созылып келеді. Бұл – Қазақстанның оңтүстігі мен орталығын байланыстырып тұрған күре жол. Құрылысы аяқталмай жатқан тағы бірнеше жоба бар. Бұлар – «Атырау-Астрахан», «Талдықорған-Өскемен», «Меркі-Бурылбайтал», «Ақтөбе-Қандыағаш», «Қазталов-Жәнібек» бағыттары. Бір сөзбен, мұндай ахуал аймақтардың туристік әлеуетін толық ашуға мүмкіндік бермей отыр. Оның үстіне, жол жөндеу жұмыстарының сметалық құны жыл сайын қымбаттайды. Үкімет осы құрылыстарды биыл толық аяқтауы керек. Барлық бағыттар бойынша жұрттың кедергісіз қатынауын қамтамасыз ету қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қазақстан туризмін насихаттау үшін заманауи құралдарды белсенді қолдану қажет деп санайды.
– Еліміз туралы қызықты мәліметтерді ғаламдық ақпарат кеңістігінде кеңінен таратқанымыз жөн. Туризмді дамыту үшін Қазақстанда өтетін ауқымды халықаралық шараларды толығымен пайдалану керек. Биыл елімізде V Дүниежүзілік көшпелілер ойындары өтеді. Бұл дода төл дәстүріміздің, мәдениетіміз бен спортымыздың үйлесім тапқанын көрсетеді. Бірақ әлемдік медиа-кеңістікте бұл туралы ақпараттар өте аз деуге болады. Мұндай мүмкіндікті жіберуге болмайды. Шетелден туристер тарту үшін елімізді барынша таныту керек. Халықаралық ірі медиа-компаниялармен тығыз жұмыс істеу қажет. Сыртқы істер министрлігіне осы шаруаны пысықтауды тапсырамын, – деді Президент.
Дегенмен, табиғатқа қызығушылықтың күрт артуы экожүйеге қауіп төндіруі мүмкін. Бұған мысал – Көлсай шатқалы. Мұнда жол салынып, туристік инфрақұрылым енгізілген соң, бірегей табиғи орта бұзылды. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін туризмді дамыту табиғатты қорғаумен қатар жүруге тиіс.
Бұл туралы басқосу барысында Мемлекет басшысы экология мәселесіне арнайы тоқталып: «Қоғамда экологиялық мәдениет қалыптасып келеді. Бірақ өткір мәселелер де аз емес. Өкінішке қарай, өзен-көлдің жағасын, орман ішін қоқысқа толтыратындар әлі де азаймай тұр. Тазалықты сақтау үшін арнайы экологиялық шаралар өткізуге мәжбүрміз. Қазір елімізде «Таза Қазақстан» акциясы жүріп жатқанын білесіздер. Бұл жұмыстың тиімді болуы, ең алдымен, жұрттың сана-сезіміне байланысты. Әрине, азаматтардың экологиялық сауатын көтеру де маңызды. Осыған орай Мәдениет, Экология, Оқу-ағарту министрліктері нақты шараларды қолға алуға тиіс. Бұл бағытта ағартушылық жұмыстармен ғана шектелуге болмайды. Кез келген азамат табиғатта емін-еркін демалуы үшін барлық жағдай жасалуы қажет. Турист қай жерге тұрақтап, қай жерде от жағуға рұқсат етілгенін білуі керек. Сондықтан демалыс орындарында осындай лайықты инфрақұрылым болуы қажет. Бұл мәселемен әкімдіктер айналысуға тиіс», – деді.
Еліміздің туризмге тартымды өлкелерінің ішінде Жамбыл облысы туристерді бірден-бір қызықтыра алатын, туристік көне ескерткіштері мол, туризмді дамытуда үлкен мүмкіндіктері бар өлке екені сөзсіз.
Облыстың тарихи-мәдени мұрасы 3 510 ескерткіштен тұрады. Оның ішінде 30 республикалық және 3 480 жергілікті маңызы бар ескерткіш бар болса, оның сегізі «Қазақстанның киелі 100 орны» жобасына енген. Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұра тізіміне енгізілген «Баласағұн», «Құлан», «Өрнек», «Қостөбе» қалашықтары және «Ақыртас» сарай кешені аймақты көптеген турист үшін өте тартымды мекен етіп отыр. Сонымен қатар тарихи-мәдени, зиярат, медициналық, этникалық, танымдық, экстремалдық, экологиялық және тағы басқа этномәдени бірлестіктер, театрлар, мұражайлар мен қолөнер орталықтары өңірдің рухани өміріне белсенді атсалысуда. Сонымен бірге облыс аумағында 200-ден астам ежелгі қалашық пен тау бөктерінде 30-дан астам шатқал орналасқан.
Жалпы, өткен жылдың 3-ші тоқсанының қорытындысы бойынша облысқа 151 110 турист келген. Бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 138 пайызға артық. Оның ішінде 2 471 шетелдік, 148 639 елдің басқа аймақтарынан келген турист болса, 2024 жылдың қорытындысы бойынша туризм саласының негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 22 миллиард 949 миллион теңгені құрады.
Сонымен қатар биыл өңірдің туризм саласын ілгерілету мақсатында жалпы құны 17,6 миллиард теңгені құрайтын 25 инвестициялық жобаны іске асырудың нәтижесінде 350 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік туады. Осы жылы туристердің сұранысын қанағаттандыратын 3 демалыс аймағын іске қосу бойынша нақты жұмыстар істеліп, жоғарыдағы айтылған жобалардың алғашқысы іске қосылды. Сонымен бірге «Тектұрмас» этно-тарихи кешенінде орналасқан «Көне қамал» қорғаны салтанатты түрде ашылды. Бұл нысан – этнотарихи кешеннің жалғасы. Жаңа нысанның оң жақ қабырғасы жасанды тастармен ерленген. Ұзындығы 220 метрді құрайтын қорғанмен қоршалған. Мұнда ортағасырлық қорғандар мен дуалдардың көріністері уақыт сұранысына сай көркем бейнелермен толықтырылған.
Әрине, Жамбыл облысы – сан ғасырлық тарихы мен табиғаттың сұлулығы қатар өрілген өлке. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан бұл аймақта талай өркениеттің ізі қалған көне Тараздың құнды мұралары саналса, Қаратау жоталары мен Талас Алатауы, Мойынқұм мен Берікқара шатқалы сынды табиғат кереметтері – экотуризм үшін таптырмас қазына. Осындай зор әлеуетке ие бола тұра, туризм саласы облыста әлі де толыққанды дамымағаны белгілі. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев те осы мәселені көтеріп, саладағы жағдайды нақты деректермен сынға алды.
Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев келтірген деректерге сүйенсек, 2025 жылдың алғашқы тоқсанында облысқа 44 мыңнан астам турист келген. Оның ішінде 43 097-сі – ішкі саяхатшы, ал 992-сі – шетелдік қонақ. Олар негізінен Ресей, Қытай және Өзбекстаннан келген. Қазіргі таңда өңірде 45 туристік нысан, 576 тамақтану орны, 90 демалыс аймағы және 224 қонақүй жұмыс істеп тұр. Жыл басынан бері туризм саласына 12,5 миллиард теңге инвестиция тартылған.
– Биылдың өзінде заман талабына сай тоғыз туристік нысан ашылуға тиіс. Оның алтауы іске қосылған, қалғаны жыл соңына дейін пайдалануға берілмек. «Таскөл», «Көксай resort», «Алмалы resort» демалыс аймақтарына апаратын 34,8 шақырымдық жаңа жол салынды.
Жол бойындағы инфрақұрылымды дамыту да назардан тыс қалған жоқ. Бүгінде «Алматы-Ташкент-Термез» халықаралық тасжолының Жамбыл облысы аумағында 19 санитарлық-гигиеналық торап бар. Жыл соңына дейін олардың санын 22-ге жеткізу жоспарлануда. Байзақ ауданында үш сервистік нысан пайдалануға берілсе, Меркі және Т. Рысқұлов аудандарында тағы алтауы ашылады, – дейді басқарма басшысы.
Алайда аймақ басшысы саладағы жұмы қарқыны көңіл көншітпейтінін қатаң сынға алды.
– Жамбыл облысы – тарихы терең, табиғаты әсем өңір. Бірақ қолда бар мүмкіндіктерімізді толық пайдалана алмай отырмыз. Туризмді дамыту арқылы өңірдің экономикасын да, халықаралық беделін де көтеретініміз сөзсіз. Аймақтың барлық ерекшеліктерін ескере отырып, бірегей бренд жасау қажет. Жұмыс қарқыны жеткіліксіз, – деді Ербол Шырақпайұлы.
Ол сонымен қатар тұрғындар мен қонақтардың жайлылығына да ерекше тоқталды.
– Облыс тұрғындары мен қонақтарының жайлылығы үшін үш демалыс орнына жол салынды. Ендігі кезекте туристердің сұранысына ие, бірақ инфрақұрылыммен қамтылмаған нысандарды айқындап, бюджет мүмкіндіктерін ескере отырып, бұл мәселелерді шешуіміз қажет, – деді облыс әкімі.
Сонымен бірге аймақ басшысы жол бойындағы санитарлық-гигиеналық тораптар мен әжетханалардың жағдайына да назар аударды.
– Республикалық маңызы бар автожолдар бойындағы санитарлық-гигиеналық тораптар мен әжетханалардың тазалығы сын көтермейді. Бұл мәселені тұрақты бақылауда ұстау қажет, – деп қатаң ескертті.
Сондай-ақ Ербол Қарашөкеев туризмді дамытуда ақпараттық және ұйымдастырушылық шараларды күшейтуді тапсырды.
– Басқа өңірлердің тәжірибесін зерделеуіміз қажет. Әлеуметтік желілердің мүмкіндіктерін тиімді пайдалануымыз керек. Сондай-ақ түрлі деңгейдегі туризм іс-шараларын жоғары деңгейде ұйымдастыруды міндеттеймін, – деді ол.
Осылайша кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасына туризм саласына қатысты нақты ұсыныстар әзірлеу үшін бір ай уақыт берілді.
Бұл – өңір үшін жаңа міндет, тың қадам. Жамбыл облысының болашағы – туризмде. Табиғат пен тарихтың байлығын тиімді пайдаланып, сапалы сервисті жолға қойып, заманауи инфрақұрылым қалыптастырса, аймақ Қазақстан туризмінің алдыңғы қатарлы орталығына айналуы әбден мүмкін. Жамбыл өңірі – тарихы мен табиғаты тоғысқан қазыналы мекен. Сол қазынаны әлемге танытып, туризмді өңірдің басты брендіне айналдыру – бүгінгі күннің өзекті міндеті.
Жұматай КӨКСУБАЙ