Шығыс шайырлары жырға қосқан киелі Әулиеата топырағы қашанда от ауызды, орақ тілді ақындардан кенде болмаған. Жамбыл облысының 85 жылдығына орай осы аймақтан шыққан бір топ ақынның өскен өлкесіне арнаған өлеңдерін оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.
Есет ДОСАЛЫ,
«Жамбыл облысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері
ЖЕР ЖӘННАТЫ – ЖАМБЫЛЫМ
Өзіңе барсам, шалқиды көңіл патшадай,
Ескі үйлерің де мен үшін жайлы ақ сарай.
Уа, туған жер, топырағыңды жүрмін мен,
Ат басындай алтынға айырбастамай.
О, туған жер! Бізге болған шын үлгі,
Ұл-қызыңмен туың сенің тұғырлы.
Сен қолдасаң, барлық ісім ғұмырлы,
Сағынамын тау-тасың мен құмыңды.
Ұлың қанша келіп жетер ой-қырдан,
Перзентіне қымбат сенің бай тұлғаң.
Әнуарбек, Сейілбек пен Жамаубай,
Аталарым құрметпенен айтылған.
Қайран қарттар, қалсақ егер бас қоса,
Жақсылыққа жүруші еді жақтаса.
Дария көңіл ақсақалдар азайды,
Қазіргінің қариясы басқаша!
Осылайша төгіледі жыр көңіл,
Біз болайық қадіріңді білген ұл.
Өзім сыртқа кеткеніммен, туған жер,
Ал жүрегім өзіңізбен бірге жүр!
Сені ойлаймын оңашада, кеш кірсе,
Мақтанамын алға қарай көш жүрсе.
Елеңдеймін жан дүнием құлазып,
Сенің атың айдаладан естілсе.
Қайран ауыл, өзіңде өткен күнім бар,
Бауырыңда әкем, ағам, інім бар.
Түптің түбі ораламын өзіңе,
Айтшы өзің, сенен басқа кімім бар?!
О, туған жер, әсем, сұлу, көркемсің,
Сағыныштан ет жүрегім өртенсін.
Ұлың үшін ең қастерлі нәрсе бар,
Айналайын туған жерім, ол – сенсің !
Жұлдыз БЕЙСЕК,
«JAMBYL» телеарнасының редакторы
ТУҒАН ЖЕРІМ – ТҰҒЫРЫМ
Астамсып кеткен көкті де,
Құйыныменен қайырар.
Өспеймін деген шөпті де,
Аспанға ұсынып, ай қылар.
Тәкаппарланған ізді де,
Топырлатқанда жоқ қылар,
Жайлауға жеткен күзді де,
Сағыныш сеуіп, от қылар.
Қуырылып жатқан тарыдай,
Суырып жел де ұйтқиды.
Құм емес, жатқан сары май,
Жолап кеткені піскей-ді.
Табаны басса пенденің,
Топырақ сезіп бүлк етер.
Биледім десе жерде кім,
Бүркеніп алып, күлкі етер.
Қиғылық салмай, сары алтын
Сабырды сүйсем сарғайып.
Құм өзегінен жаралдым,
Қанға тартқанда бар ма айып?!
Ит көйлек кигізіп ақ күннен
Дала толғатып, құм туды.
Таудың бұлағын таттым мен,
Көмейде көркем гүл туды.
Тербесе жапырақ жанымды,
Мөп-мөлдір шығым шашылды.
Асаға айтып әнімді,
Таласқа жуғам шашымды.
Көздерін ілмей қараған,
Күн ғашық өлке – біздің жер.
Жайлауына кеп жолаған,
Бақытты шағым бұл күндер.
Киіз үйлі сұлу таңымда,
Жауқазын жапқан түз елін.
Топырағы бүлкіп қанымда,
Құмда өскен мен бір қыз едім.
Нұржан ҚАДІРӘЛІ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
ТОПЫРАҚ
Уа туған жер!
Үйрек ұшып, қаз қонған,
Бұл қазаққа намыс кернеп назданған.
Топырағың тұңғыш рет ТАҚ болып,
Ал аспаның ең алғашқы ТӘЖ болған.
Елдің бағын жау қызғанып,
Дос ұғар,
Керуен-керуен заман өтті көшіп әр.
Қырларында сұлулығы –
Айша бибі арудың,
Тауларында Қараханның сесі бар.
Менің далам,
Жебелердің жүзі өпкен,
Осы дала!
Жүз жыл соққан жүрекпен.
Жамбыл шайыр айбатына айналған –
Жырдың қызыл жолбарысы күзеткен.
Шақырып ап Мұхаммедтің аруағын,
Жаннан бұрын ойлап туған ар қамын,
Батпағыңнан мешіт жасап бұл қазақ,
Тәңіріне жайып салған арманын.
Тарихына күре тамыр байланып,
Күмбезіне талай қанат қайралып,
Бұл өлкеден жарты әлемді жаулаған,
Ескендірдің аты үркіген, айналып.
Қыдыр жорған алты алаштың аяны,
Әлі күнге бұл тағдырдың баяны.
Мойынқұмда Кетбұғаның рухы жүр,
«Ақсақ құлан» күйін шертіп баяғы…
Сәби самал домалаған сайлардан,
Хабаршыңдай аяқталған майданнан.
Менің далам – арулар мен батырлар,
…Мың жылдан соң,
Топыраққа айналған.
Уа, туған жер!
Үйрек-арман, қаз-үміт…
Болашақтың басқан жері қазылып,
Өрге ұмтылды.
Ал тарихың – бар қазақтың қанында,
Келе жатыр алдаспанмен жазылып.