Қалалық қоғамдық-саяси газет

Туған жерге туыңды тік!

0 396

Адам табиғатында дүниеге келген сәттен бастап, өзінің ерекше сый-сияпатын, мінез-құлқын, қадір-қасиетін ала келеді. Біреу сонау бала кезден Алла Тағаланың берген ерекше қасиеті арқылы дұрыс жолмен жүріп, дұрыс қалыптасып, кейін өз шаңырағының ғана емес, халықтың, туған-туыс пен бауырдың, дос-жаранның қамын ойлайтын болады екен.

Адамзаттың бойынан қандай да бір жақсы қасиет көрсек, оның туған жерімен, шыққан тегімен байланыстыратынымыз рас. «Табиғат – тіршілік көзі» десек,оның адам өміріне әсер етпей қоймайтыны рас. Сондай табиғаты ешқандай заңға бағынбайтын, кіндік қанымыз тамған жер, ерекше елді мекеннің бірі – Жамбыл облысы, Жуалы ауданындағы Көлтоған (бұрынғы Алексеевка) елді мекені. Осындай тамаша табиғатымен ерекшеленетін туған жерде бақытты балалық шағын өткізген бір топ түлектердің кездесуі болып өтті.

Көлтоған ауылы таудың етегінде орналасқан. Таудан аққан судың сылдыры, жайқалып тұрған бау-бақша, онда өсіп тұрған жеміс-жидектер, қаңқылдаған түрлі құстардың дауысы, айналаны көмкерген жұпар иісті гүлдердің барлығы да ауылға ерекше көрік беріп тұрғаны байқалып-ақ тұр. Бұл, әрине, көктем және жаз айларында. Ал күз бен қыс айларында айнала аппақ қармен көмкеріліп, сарышұнақ аяз басталып, қыс қатал мінезін көрсете бастайтыны белгілі. Дегенмен таза ауамен тыныстап, жаның рахатқа бөленетінін түлектердің жүздерінен байқау қиын емес. Өйткені бүгін кездесіп, шүйіркелесіп жатқан сыныптас достардың көңіл-күйлері ерекше. Қазақ біреуден жақсылық көрсе, текті елдің ұрпағы ғой дейтін. Себебі әрбір қазақ баласы үшін асылдың сынығы, тектінің тұяғы деген сөзді естуі – үлкен мәртебе. Жомарттық, кішіпейілділік, кеңпейілділік, бауырмалдық, үлкен алдында иіліп, кіші алдында ізет көрсету сынды адамгершілік қасиеттердің барлығы да тектіліктің белгісі. Демек, тектілік – адам бойындағы көркем мінездің жиынтығы. Ол қоғам алдындағы жауапкершілікті сезіну. «Текті елдің тегеуріні де мықты болады. Себебі айналасына жақсылықты үндеп, ортасына ізгілік таратқан қауымның ұрпағы азбайды, ұлты тозбайды», – деген дана халқымыз. «Жақсыдан жаман туады, бір аяқ асқа алғысыз, Жаманнан жақсы туады, адам айтса нанғысыз» дегендей, жақсылыққа ұмтылып, артына өшпестей із қалдыру – әр адамның азаматтық міндеті. Осындай азамат пен азаматшалар 1970 жылы мектеп бітіріп, 50 жылдан кейін «Туған жерге туыңды тік!» деген ұранды алға тартып, игі іс-шара өткізіп, ауыл тұрғындарын бір марқайтып тастады. Мерейтойлық датаға орай түлектер 50 түп түрлі ағаштар – шырша, ақ қайың, тағы басқа отырғызды.

Осыдан елу жыл бұрын мектептен түлеп ұшқан жас түлектер – бүгінде еліне еңбегін сіңіріп, құрметті демалыстағы ел ағалары мен апайлар. Атап айтсақ: полковник Амангелді Аббасов, Жуалы ауданының Құрметті азаматы Абуғали Ералиев, ел ағалары Омарбек Елеев, Бегімхан Ибраимов, Пердеш Абдалимов, Асқар Сыдығалиев, Жолшыбек Қалменов және бүгінде бақилық болған Аярбек Кебеев, Керімхан Аманқұлов ағаларымыз. Жаны жәннатта болсын.

Қазіргі таңда әрқайсысы бір әулеттің түтінін түтетіп отырған аяулы жар, асыл ана, сүйікті әже атанып отырған ұлағатты ұстаз апайларымыз: Раушан Ертаева, Ләззат Қонашева, Қанымкүл Сейітбекова, Ханзада Иманалиева, Ханзада Туғанбаева, Гүлзада Бейсеуова, Райкүл Ізтаева, Жидекүл Тәжібаева.

Ұстаз – ұлық емес, ұлы қызмет. «Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі», – деп Ы.Алтынсарин айтқандай, іргесі бекіп, керегесі кеңейген, бірлігі жарасып, ырысы тасыған, қаншама жас ұрпақтың санасына білім мен тәрбиені қалыптастырған Сүгірбай Байтіков (бұрынғы М.Лермонтов) атындағы орта мектептен мыңдаған шәкірттің түлеп ұшқаны анық. Бүгінде Роза Ертаева басқарып отырған бұл ұжым – ежелден қалыптасқан дәстүрді сақтап отырған, тағылымы мен тарихи маңызы бар білім ордасы. Мектеп тарихына көз жүгіртсек, бақытты балалық шақ пен бүкіл ғұмырын мектепте өткізген ұлағатты ұстаздар туралы айтпай кету мүмкін емес. Сан қыранды самғатқан, бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі салада қызмет жасап жүрген мыңдаған шәкірттің жүрегіне жол тауып, үлкен өмірге жол сілтеген, жеткіншектердің асқақтаған арман қиялына жан бітіріп, өмірге бағыт-бағдар берген аяулы ұстаздарға ізгі тілектерін арнап, сый-сияпат жасауды жөн санаған түлектер бұл жолы да шексіз алғысқа бөленді. Жастары сексеннің сеңгіріне шықса да, 50 жыл бұрынғы шәкірттерін айнытпай таныған Вера Николаевна, Бағила Сақыпбекқызы, Фарида Кебежеқызы мен Тұралы Бердиев сынды ардагер ұстаздарымыздың қуанышында шек болмады.

«Өмір – теңіз, жүзем онда демеңіз, Ізгіліктен жасалмаса кемеңіз» деп шығыс ақыны Омар Хайям айтып кеткендей, ізгіліктің бастау алар тереңі адам бойындағы рухани-адамгершілік құндылықтар қалыптасқанда ғана адам баласы өз дегеніне, мақсатына жете алады дегім келеді. Мыңдаған жас ұрпаққа үлгі-өнеге болатын 50 жылдан кейін туған жерге арнайы ат басын бұрып, С.Байтіков мектебінің 10 «Б» сынып түлектер аллеясын жасап, ауыл тұрғындарының сүйіспеншілігіне бөленіп жатқанын сезінгенде, бір сәт болса да өзімді бақытты жандардың қатарынан көремін. Өйткені мен де осы мектептің түлегімін әрі осындай ізгі жандар мен ұлағатты ұстаздардан тәлім алған осы ауылдың тумасымын.

Света Байсейітова

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.