Қалалық қоғамдық-саяси газет

Торакальды хирургияның жаңа бағыты

0 176

Жамбыл облыстық фтизиопульмонология орталығында алғаш рет торакальды хирургия бойынша жаңа технологияларды енгізуге арналған екі күндік шеберлік сыныбы өтті.

Зере Қуаныш

Салтанатты түрде шеберлік сыныбының ашылуына арналған жиынға Алматы қаласының торакальды хирургия және пульмонология департаментінің басшысы, медицина ғылымдарының кандидаты Тимур Ешмұратов қатысты. Облыстық фтизиопульмонология орталығының бас дәрігері Қайрат Жетібаевтың айтуынша, облыстық фтизиопульмонология орталығында шағын инвазивті әдіспен торакальды хирургия бойынша операциялар алғаш рет енгізілуде екен. Мұндай хирургиялық араласулар зертханалық зерттеулер үшін материалды алу, өкпенің зақымданған бөлігін алып тастау сияқты кеңінен қолданылатын әдіс-тәсілдер арнайы құрылғының көмегімен жасалатын болады. Осы және өзге де атқарылатын жұмыстардың мән-жайы арнайы екі күндік шеберлік сыныбында көрсетіліп, жас мамандар мен дәрігерлер ота жасаудың заманауи үлгісін өз көздерімен көруге мүмкіндік алды.
Сонымен қатар жиын барысында торакальды хирургия бойынша мамандардың баяндамалары да тыңдалды. Облыстық аурухана хирургі, м.ғ.д. С.Ордабеков Жамбыл облысының хирургиясында жаңа технологияларды енгізу туралы кеңінен айтып, сырттан келген ғалымдардың сұрақтарына жауап берді. Ал торакальды хирургияға арналған медициналық жабдықтар бойынша мәлімдемені «МедикалМѕМ» ЖШС жетекші маманы Рахат Есалиев жасады. Сондай-ақ фтизиопульмонология орталығы дәрігерлерінің баяндамалары да шеберлік сыныбы барысында тыңдалып, кеңінен талқыланды.
– Бүгінгі шеберлік сыныбы науқастың отадан кейінгі кезеңінде тез сауығып, толыққанды өмір сүруге мүмкіндік беретін торакальды хирургия бойынша жаңа әдістерді енгізуге арналады. Халық арасында оны лазерлік ота деп те атайды, яғни торакоскоппен ауру анықталған жерден кішкене ғана кесу арқылы жүзеге асырылады. Сөйтіп, адам өзіне-өзі тез келіп, аз ғана уақытта қалыпты өмірге орала алады. Бүгінгі сабақта мамандар жан-жақты біліктіліктерін арттырып қана қоймай, көкейдегі көптеген сауалдарға жауап та алды. Сондай-ақ мамандар тәжірибе алмасып, отаға дейін және отадан кейінгі науқастың жағдайын бақылау бойынша және жаңа технологияларды меңгеру бойынша біліктілік алмасты, – деді медицина ғылымдарының кандидаты Тимур Ешмұратов.
Екі күн ішінде шеберлік сыныбы барысында кіші инвазивті әдіспен төрт науқасқа операция жасау жоспарланған. Бұл дәрігерлердің жаңа техника бойынша ота жасаудағы жаңашылдықтарды меңгеруге үлкен септігін тигізері сөзсіз.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.