Ток-шоу – қазақ телевизиясына таңсық жанр емес. Соңғы жиырма жылдың ішінде батыс ауып, бізге жеткен ток-шоулар санында қисап болған жоқ. Бірақ түрлі трансформациялардан өтіп, бүгінге жеткендері ғана өз көрермендерін жоғалтпай, рейтингтегі байырғы абыройын ұстап тұр.
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ
Ток-шоу десе, елдің есіне кеше ғана қазасы қазақтың қабырғасын қайыстырған Бейсен Құранбектің «Айтуға оңайы» түседі. Рас, телевизия мен ток-шоудың тарланына айналған Бейсен ағамыздың бұл жанрдағы соны соқпағы көпке тәлім. Ол осы бағдарламасы арқылы талайдың тағдырын өзгертті, үлкеннің батасын алды, жас маманның бетке ұстар тұлғасына айналды. Бейсен Құранбекті жоғалтқан қазақ телевизиясы жетімек күй кешіп қалғаны анық… Ток-шоудың табиғатын тереңінен түсінген оның әрбір эфирінде бөлек тағылым, өзгеше таным болушы еді. Бұл құбылысқа қазақ ток-шоуы бір күнде қол жеткізген жоқ. Тақырыпқа тұздық болсын, әуелі ток-шоудың тарихына көз жүгіртелік.
Aмepикaдaн бacтaу aлғaн тeлeвизиялық шoу coл eлдe тұтac бip жaнp peтiндe зepттeлгeн. Ток-шоу сөзі ағылшын тілінен аударғанда «talk show», немесе «сөйлейтін шоу» деген мағына береді. Бұл жанрдағы бағдарламаларда бірнеше адам студияға жиналып, бір тақырыптың аясында пікір алмасып, ойды ортаға салады. Бұл жанр америкалық экранда ХХ ғасырдың 60-жылдары пайда болған. Оның негізін қалаушы – журналист Фил Донахью. Жанрдың пайда болуына қатысты ел арасында түрлі аңыздар тараған. Бірде тікелей эфирде Фил Донахью студияға шақырылған қонаққа қояр сұрақ таппай дал болады. Келеңсіз жағдайдан сәтті шығудың жолын іздеген журналист студияда отырған көрермендердің бірінен: «Қонағымызға қояр сұрағыңыз бар ма?», – деп сұрайды. Әп-сәтте көрерменнің де сұрағы табыла қалады. Міне, осылайша әйгілі журналист ток-шоу жанрын дүниеге әкелген. Ал көршіміз Ресейде бұл жанр 90-шы жылдан бастап қарқын алды. Нәтижесінде, тек ресейліктерді ғана емес, ТМД елдерінің де экранын жаулап алған «Большая стирка», «Страна советов», «Принцип домино», «Что хочет женщина?», «Короткое замыкание», қазіргі «Пусть говорят» сияқты ток-шоулар өмірге келді. Дүние түрленіп, замана ағымы өзгерген сайын бұл жанр да өзгеше сипат алып, түрлі формалық, мазмұндық сипаттағы өзгерістерге ұшырады.
1992 жылдан 2000 жылға дейін қазақ телевизиясында нағыз ток-шоу сипатындағы хабарлар болған жоқ. Тек кей тұстары ток-шоуға саятын Сағат Әшімбаевтың «Қарыз бен парыз» дискуссиялық хабары көрерменге жол тартты. 2000 жылы «31» арнадан «Заман сауал» атты хабар жарық көрді. Осы жылы Гүлжан Ерғалиеваның «Общественная позиция» хабары көгілдір экранға жол тартты. Бірақ көрермендер тарапынан мемлекеттік тілдегі өнімдерге сұраныс артқандықтан, бұл жобаның ғұмыры қысқа болды. Ізінше «Сорос Қазақстан» қорының демеушілігімен «Бар мен жоқ» хабары жұмысын бастады. Бұл бағдарламаның ерекшелігі, көрермендер қойылған сауалға «иә» немесе «жоқ» деп жауап бере алатын. Бұдан кейін «Дода» бағдарламасы көгілдір экран алдына көрермен жия бастады. Мұнымен қоса Қасым Аманжолдың «Шынның жүзі», Серік Аббас-шахтың «Ұят болмасын» сынды хабарлары қазақ телевизиясының мэтр өнімдері деуге әбден лайық жобалар еді.
Теледидар алдындағы миллиондаған көрермен көңіліне кіру, оларды ерекше әсерге бөлеу жүргізушіден психологиялық шеберлікті қажет етері даусыз. Алғашқы сөз, пікір, ой, мәнер – бәрі де бір мезгілде іске қосылуы керек. Тәуелсіз бaспaсөзде ток-шоудың екі түрі бaр. Бірі – aщы шындықты aшық aйтa aлaтындaр, екіншісі – сaясaтты aйнaлып өтіп, мәдениетімізді, ұлттық сaлт-дәстүрімізді, тaрихымызды, өнерімізді, тaғы дa сол сияқты құндылықтaрымызды нaсихaттaйды. Ток-шоу жанрын талдаған зерттеушілер оны былайша түсіндіреді: біріншіден, қоғамдық маңызына байланысты әзірленетін бағдарламалардың тақырыбы саясат, экономика, әлеуметтік өмір, шоу-бизнес, яғни қоғам өмірінің айрықша актуалды қырларын сөз етеді. Сондай бағдарламалардың бірі – «Ақжүніс» болатын. Бұл жобаны елдегі ток-шоудың алғашқы қарлығашы деп айтуға болады. Өз уақытында «Ақжүністе» некесіз бала көтеру, отбасылы еркекке ғашық болу сынды мәселелер көтерілді. Жобаның жүргізушісі Сәуле Абиденованың айтуынша, бұл бағдарлама әйелдердің алғаш рет өз проблемаларын ашық қозғауға мүмкіндік берді. Ток-шоу халыққа дер кезінде, әлеуметтік шиеленістер көбейген шақта ұсынылды деуге болады.
Дәл осы бағдарлама елдегі әйелдер қауымының екінші тынысын ашқандай еді. Өзге ток-шоулардағыдай студияға белгілі қоғам белсенділері, танымал адамдар келіп, өз пікірлерін білдіретін. Басты кейіпкер шымылдық артында отырып өзінің басынан өткен қиындығын баяндайтын. Кейіпкердің есімі, түр-келбеті жарияланбағандықтан, көрерменге ток-шоудың бұл тәсілі алғашында оғаш көрінгені рас. Дегенмен бағдарлама талабына сай кейіпкер туралы кез келген ақпарат құпия сақталатын. Эфирде тек кейіпкер өзі айтуға рұқсат беретін ақпараттар ғана айтылатын. Осылайша, ол өзінің жеке басының қауіпсіздігіне алаңдамайтын. Есесіне тәжірибелі мамандар мен белсенділердің ақыл-кеңесін тыңдап, тығырықтан шығудың жолын тауып кететін. Жалпы алғанда, әйелдер «Ақжүністің» ұжымына, бағдарламаны шығарушы редакторларға алғыстарын білдіріп жататын. Бір қызығы, бұл хабарға кейіпкер іздеп сарылудың ешқашан қажеті болмаған. Басынан түрлі қиындықтар өткен нәзікжандылар хабарға өздері хат жазып, хабарласып, кейіпкер болуға сұранатын. Жүргізуші Сәуле Абиденованың айтуынша, «Ақжүністің» арқасында көптеген кейіпкер өз мәселелерін оңтайлы шешіп, өмірде өз орындарын тапқан. Ал кейіпкерлердің жан-сырына пікір білдіріп, ойларын ортаға салған меймандар бағдарламадан оң пікірде қайтатын. Сол кезеңде бұл бағдарлама қазақ телевизиясында көрермендер тек кейіпкер немесе қонақ қана емес, массовка ретінде қатысуды армандайтын сүйікті жобаға айналған-ды. Тіпті елге белгілі ақындардың өзі бағдарламаны өз шығармаларына арқау еткен. Ақын Оразақын Асқар «Жұмбақ қыз» деген поэма жазып, хабардың мақсатын, тарихын жырға қосқан. Бағдарламаның мақсатты аудиториясы – нәзікжандылар болғандықтан, онда көбінесе әйелдердің жай-күйі, отбасындағы рөлі, арулардың тағдыры көп қозғалған еді. Қоғамдық-әлеуметтік сипаттағы бағдарламаның жүргізушісі Сәуле Абиденованың ерекше түр-келбеті, тартымдылығы, қарапайымдылығы, қазақ аруына тән сұлулығы, журналистік шеберлігі ток-шоудың тамырына қан жүгірткен-ді. Оның үстіне бағдарламада қозғалған тақырыптардың барлығы дерлік өмірде орын алған шынайы оқиғалар болатын. Ал шынайы дүниенің көрермен көңілінен бірден шығатыны телевизиядағы жазылмаған заңдылық емес пе?!
Халық сүйіп тамашалайтын кез келген ток-шоудың артында бір қауым маманның маңдай тері бар. Режиссер, сценарист, продюсер, визажист, т.с.с. Бүгінде хабарларға жобаның саясатына сай сауатты сараптамашы, модератор табу – өз алдына бөлек мәселе. Қазіргі кезде мұндай ток-шоуларды жүзеге асыруға аутсорсинг компаниялар мүдделі екенін ескерсек, кей хабарлардың сападан жұрдай болып бара жатқанына айқын себептің барын алға тартуға болады. Әрбір телеарнаның осындай хабарларға шақыратын ток-шоу модераторлары болуы тиіс. Бұл – бұрыннан келе жатқан тәсіл. Аңғарған адамға эфир барысындағы мәселелердің шешілуіне көп жағдайда осы модераторлардың мұрындық болып кетуі таңсық емес. Сондықтан да эфирге келетін сарапшының өз саласындағы кәсібилігі үлкен маңызға ие. Ток-шоу үшін жүргізуші де үлкен рөл атқарады. Оның бет-әлпеті, дикциясы, өзін ұстау мәдениеті, шеберлігі, тапқырлығы – хабардың қызықты да тартымды болуының бірден-бір кепілі. Жай ғана шай үстінде айтылатын әзіл-қалжыңмен алысқа ұзау қиын. Мұндай хабарлардың өмірі қысқа болады. Бұл орайда «Qazaqstan» телеарнасындағы «Айтуға оңайды» нағыз халықтық бағдарламаға айналдырған Бейсен Құранбекті айта кету керек. Бейсен мырзаның өзіндік қолтаңбасы, өзіндік үні, нағыз ұлттық болмысы анық көрініп тұратын. Күлетін жерінде көрерменмен бірге күліп, жабырқайтын жерінде бірге жабырқап, жан-дүниесімен беріле, тартымды әңгіме жүргізетін. Дәл осы хабарды ұйымдастырушылардың көтерілген мәселеге байланысты керек адамдарды, мамандарды іздестіріп табуға деген талпынысы, ұжымдық үлесі өзге хабарлардан ерекше еді. Осындай ізденісті «Qazaqstan» телеарнасындағы «Ашық алаң» ток-шоуынан да байқауға болады. Бұл хабардың жүргізушісі Мақсат Толықбай лауазымды тұлғаларды шақыра отырып, саяси, экономикалық, әлеуметтік мәселелердегі кез келген проблемаларға байланысты ашық әңгіме жүргізіп жүр.
Ток-шоу жанры аймақтардағы арналарға да алабөтен емес. Мысалы, 30 жылдық тарихы бар «Jambyl» телеарнасы әр кезеңдерде әулиеаталық көрермендерге сынды хабарлар ұсынды. Бүгінгідей интернеттің игілігін ел болып көретін кезеңде жергілікті арнадағы сапалы өнімдер ғаламтор арқылы да өзінің лайықты бағасын алып жүр. Облыстық «Jambyl» телеарнасы өзге өңірлермен салыстырғанда кешірек, нақтырақ айтқанда, 1989 жылдан бастап эфир тарата бастады. Телеарна өз жұмысын бастаған жылдары ойын-сауықтық бағдарламалардан бұрын ақпараттық хабарды дайындау жұмысы біршама күрделі болған. Оған басты себеп – техникалардың сапасы және жетіспеушілігі болды. Тек 1991 жылы ғана касеталы камераларға қолжетімділік артып, ол телеарна мүмкіндігінің сәл де болса жоғарылауына септігін тигізді. Телеарна тарихындағы ең алғашқы ток-шоу 1996-1997 жылдары дүниеге келді. Алғашқылардың қатарында «Ән-жұмбақ», «Телефон шоу», «Жеті жұлдыз» ток-шоулары болды. Сол тұста Асқарбек Сейілханов, Найымбек Бағбан сынды белгілі журналистер аталмыш бағдарламалардың тізгінін қолға алған болатын. Қазіргі таңда облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасымен «Сөзден іске» ток-шоуы көрерменге жол тартты. Әр сәрсенбінің кешінде тікелей эфирде көрерменмен қауышатын бұл ток-шоудың басты мақсаты – қоғамдағы жағдайларға қатысты ашық пікір білдіру. Аймақтық арнада ток-шоу жүргізіп, өзіндік аудитория қалыптастырудың ерекшелігі хақында осы арнада бірнеше жылдар бойы табанды қызмет етіп келе жатқан белгілі журналист Жалғас Санғылдың ойын білген едік.
– Ток-шоу жүргізудің ерекшеліктеріне сәйкес, облыстық телеарналарда республикалық телеарналармен салыстырғанда асқан өзгешелік жоқ. Ал белгілі бір деңгейдегі қиындықтардың бары жасырын емес. Ең әуелі, ток-шоу дайындау барысындағы кадр тапшылығы – басты мәселе. Екіншіден, қаржы мәселесі. Мәселен, республикалық арналардағы бір-екі сағаттық ток-шоулардың өзіне миллиондаған қаржы бөлініп жатады, ал ол облыста атымен жоқ. Жалпы әлемдік телеарнада «аутсорсинг» ұғымы бар. Ол – продюсерлік орталықтар мен компаниялардың дайын өнімді телеарналарға ұсынуы. Тіпті қазіргі уақытта да аутсорсинг облыстық телеарналарға жете қоймады. Сондай-ақ ең басты қиындықтардың қатарына спикер жетіспеушілігін жатқызуға болады. Әдетте, көрермен ток-шоу көру барысында тартыс пен қарама-қайшы пікірлердің талқыға түсуін күтеді. Облыс аумағына байланысты журналистер болсын, белгілі тұлғалар болсын бір-бірін жақсы таниды және сол үшін де беттен алып, төске шабу бағытындағы пікірлер жиі кездесе бермейді. Соның салдарынан біздегі ток-шоуларда айтысты, тартысты әңгімелер сирек кездеседі. Жалпы журналистика саласында он бес жылдан бері қызмет етіп келемін. Оның соңғы он екі жылы облыстық «Jambyl» телеарнасында өтуде. Бірнеше жылдар бойы қатарынан облыс әкімдігімен бекітілген тілшілердің қатарында болдым. Жеті жыл бойы «Әулиеата апта» апталық-сараптамалық бағдарламасын жүргіздім. Одан өзге, жүздеген хабарлар мен мыңдаған сюжеттер дәл осы он екі жылдың еншісінде. 2011 жылы Тәуелсіздіктің 20 жылдығына, 2016 жылы Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған циклді деректі фильмдер әзірледім. Ол маған Жамбыл облысын кеңінен тануға мүмкіндік берді. Ең соңғы жасаған ірі жобам – Жамбыл облысының 80 жылдығына арналған арнайы деректі фильм болды. Бұл деректі фильмді дайындау барысында көптеген кітаптарды ақтарып, жылнаманы оқыдым. Соның нәтижесінде фильм Жамбыл облысының 80 жылдығына арналған салтанатты жиында көрсетіліп, жоғары бағаға ие болды. Дәл осы фильмнің арқасында Жамбыл облысының тарихы туралы лекция оқитын дәрежеге жеттім десем артық айтпағандығым, – дейді журналист Жалғас Санғыл.
Әp кeзeңнiң өз тaлaбы бoлaтынын ecкepceк, тeлeвидeниe caлacындaғы тoк-шoулap уaқыт үнi icпeттi. Eл өмipiнiң eлeулi кeзeңiндeгi тoлып жaтқaн өзгepicтep аясында көpepмeн тaлaбы мeн тaлғaмы дa aйтapлықтaй өзгepдi. Coның нәтижeciндe эфиpдeгi жұмыc пpoцeci, oны жүзeгe acыpудың кәciби пpинциптepi дe жaңaшa cипaт aлып, өзгeшe мән-мaзмұнғa иe бoлды. Жaлпы тeлeжуpнaлиcтикaдaғы тoк-шoудың тaбиғaты – кәciби-шығapмaшылық пpoцecc, құpылымы күpдeлi пcиxoлoгиялық құбылыc, aлып-қocapы жoқ шынaйы дүниe. Ол ұдайы өзгеріске ұшырап отырады. Тек ұлттық болмысымыздан ажырамасақ екен.