Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тойың тойға ұлассын, туған өлкем!

0 634

Ардақ ИСАТАЕВА,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының доценті,
дәстүрлі әнші.
Алматы қаласы

Уақыт көшінде әр өңір өзіндік қалыптасу, даму, өрлеу кезеңін бастан өткізеді. Сол қатарда құшағы құтқа толы Жамбыл облысы үшін биыл айтулы жыл. Себебі, тасын түртсең, тарихы төгілетін аңыз өлкенің облыс болып құрылғанына 85 жыл толып отыр.

Туған өлкемнің торқалы тойы 15 қараша күні кіндік қаным тамған саялы Сарысу ауданында тойланып, 22 қараша күні Тараз қаласында жалғасын табады екен. Дана халқымызда «Той – халықтың қазынасы» деген жақсы сөз бар. Былтыр Сарысу ауданы күндері сан ғасырлық тарихы бар киелі Тараз қаласында, одан кейін ауданымыздың 95 жылдығына арналған «Мәдениет – асыл қазынам» атты мәдениет күні жаңғырған Жаңатас қаласында өтіп, осы өлкеден өсіп-өнген өнер саңлақтары айтулы іс-шараға атсалысып, халыққа әннен шашу шашып, туған жердің топырағына аунап қайтқан болатынбыз.
Құдай қуанышымызды көп көрмесін, биыл да ауылды әнге бөлеген торқалы той жалғасуда. Бұл – тарихи дәстүріміздің сабақтастығының айқын көрінісі деуге болады. Қашанда рухы асқақ елдің өресі биік болатыны белгілі. Ежелден ынтымақ-бірлігі жарасқан, халықтың абзал қасиетімен, қазақы салт-дәстүрін сары алтындай сақтаған жерлестерімнің жарқын болашағына сенемін.
Қазақтың қай жерін алсаң да киелі ғой. Алыста жүрсек те аңызға толы Әулиеата топырағы әрдайым жүрегімізде. Аты алаштан озып, әлемге танылған талай тұлғаны дүниеге әкелген киелі өлкенің мерейтойы құтты болсын! Өңіріміз жанданып, жаңарып, жасай берсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш, ел іргесі берік, қазақ елінің тұғыры биік болғай!

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.