Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тойлар тыйылмай тұр

0 250

Қала әкімдігінің мәжіліс залында шаһар басшысының орынбасары Алмас Садубаев облыс орталығындағы кафе-мейрамханалардың иелерінің басын қосып, жиын өткізді. Жиында тыйылмай тұрған той мәселесі сөз болды.

Арайлым Шабденова Суреттерді түсірген Сәкен Абжапаров

Әр сенбі-жексенбі күндері қала әкімдігінің жанынан құрылған мобильдік топтар қала бойынша рейд ұйымдастырып, бірқатар тәртіп бұзушылыққа жол берген жеке кәсіпкерлерге айыппұл салған. Кездесу барысында белгілі болғандай, карантиндік режим енгізілгелі бері қала бойынша 10 млн-ға жуық айыппұл салынып, өндіріліпті. Демек, сақтық шараларын сақтамай, ешбір тыйымға қарамай, кәсіпкерлер әлі күнге дейін тойды тоқтатпаған.

– Апта сайын мобильдік топ мүшелерімен және жауапты сала мамандарымен рейд ұйымдастырылып жатыр. Мейрамханалар мен кафелерде заң бұзушылық орын алып, отбасылық шаралар мен тойларды ұйымдастырған азаматтарға 640 мың теңге айыппұл салынуда. Егер кәсіпкер оны 1 аптада төлесе, 50 пайызын ғана төлейді. Дегенмен «бүгін айыппұл төледім, енді маған тексеру келмейді» деген түсініктен арылып, талапқа бағынуымыз керек. «Сәтті», «Бүркіт», «Бобур», «Інжу-Маржан», «Тараз холл», т.б. көптеген мейрамханаларда той әлі күнге дейін өтіп жатыр. Әлем бойынша екінші толқынға дайындалып, тіпті кейбір елдер шекара бекітіп жатқанда, біз де әрқайсымыздың денсаулығымызға сақ болып, талаптарды бұлжытпай орындау керекпіз, – деді қала әкімінің орынбасары Алмас Садубаев.
Сонымен қатар ол қоғамдық орында бетпердесіз жүрген азаматтарға да бетпердені тастамауға кеңес берді. Ал жиынға қатысқан қаладағы бірқатар ірі мейрамханалардың басшылары барлық карантиндік талаптарды сақтап отырғандарын алға тартты.

– Мен 50 қыз-келіншекті жұмыспен қамтып отырмын. Наурыздың 14-ші жұлдызынан қыркүйектің 17-сіне дейін мейрамханада той-томалақ болмады. Күні кеше карантиндік шаралар жеңілдетіліп, 50 адамға дейін рұқсат берілгенде, біз де қыстың қамына кірісіп, тойларға тапсырыс алуды бастадық. Біздің тойханалар – 1200 шаршы метр. Арақашықтық толығымен сақталады және карантиндік талаптардың барлығы толығымен орындалып отыр. Біздер нәпақамызды тойлар мен жиындардан тауып отырмыз. Мендегі жұмысшылардың барлығы 42500 теңге алды деп айта алмаймын. Бүгінде олар ішерге ас таппай отыр, балаларын да киіндіріп, керек-жарағын алып беру керек. Жұмыссыз отырған ата-ана қайда барып ақша табады? Ал студенттер тойханаларда даяшы болып бір күндігіне кемі 2000 теңгеден табатын. Барлық жыртығын жамамаса да, күнделікті жүріп-тұруына ата-аналарына салмақ салмай тауып отыратын. Олар да жұмыссыз қалып отыр. Халықты қыса бермей, қысқа қамдануға мүмкіндік беріңіздер, – деді «Гауһартас» мейрамханасының иесі Меруерт Лештаева.
Жиында сондай-ақ «Бобур», «Еуразия» мейрамханаларының әкімшілері де сөз алып, өз ойларын ортаға салды. «Біздер базардағы сатушылар секілді көтеріліске шығып, жағдайды ушықтырмадық. Мемлекет қойған барлық талапты орындап, айлар бойы жұмыссыз отырдық. Мейрамханалардың іші күнделікті той-томалақ өткізіп, арқа-жарқа жиналып, тамақтанып жүрген кафелерден әлдеқайда кең. Ауру тек мейрамханадан жұғатын тәрізді енді тойға тапсырыс жинағанда, айыппұл салып келесіздер. Базарлар мен сауда орындары, автобустар, қайсысы карантиндік талаптарды сақтап жатыр? Кафелерге барсаң, іші толған адам, сырты кезекте тұрады, автобустарға мінсең, аялдамаға жеткенше өкпең қысылып, әзер түсесің. Бізді қыспаққа ала бергенше жеке тұрғын үйлерде, жалдамалы коттедж-дерде той, құдалық, қыз ұзатып жатқан азаматтарға айыппұл салып, солардың жұмысын тоқтатыңыздар», – деді «Еуразия» мейрамханасының әкімшісі Мадина есімді азаматша.

Ал өзге кәсіпкерлер қылышын сүйреп келе жатқан қыстың қамы үшін қамданбағандықтарын жеткізді. Олар жарықтың бағасы өсіп кеткендігіне наразылықтарын білдірді. Сондай-ақ мейрамханаларды жылыту маусымында жылытпаса, шығынға ұшырайтындарын айтып, коммуналдық төлемдерге жергілікті органның жеңілдік жасауын сұранды. Бұл орайда қала әкімінің орынбасары бұл мәселені облыстық әкімдіктің құзырына жеткізетіндігін айтты.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.