Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Тойдағы сөз – ұлттың келбеті

0 294

Қазақ халқы ежелден-ақ сөзге ерекше мән беріп, оны рухани байлықтың, мәдениеттіліктің басты өлшемі деп білген. Той – тек көңіл көтеретін мереке емес, ұлттың рухани бейнесін көрсететін орта. Әрбір сөз, әрбір тілек – ел мәдениетінің, сөйлеу әдебінің айнасы.

Ата-бабамыз «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп бекер айтпаған. Той үстінде айтылған әрбір бата мен тілек – қуаныштың шырайын кіргізіп, ұрпаққа өнеге беретін рухани құндылық. Бұрынғы қазақ тойларында сөз киелі болған: жыраулар жыр толғаған, ақындар айтысқан, шешендер даналыққа толы ой айтқан. Әрбір сөздің астарында өнеге, ізгі ниет, тәрбиелік мазмұн жатқан.
Қазіргі той мәдениетіне сын көзбен қарасақ, соңғы жылдары жиын-тойларда жеңіл-желпі әзіл, мағынасыз сөз, арзан күлкіге ұрыну жиілеп кетті. «Тойда не айтсаң да жарайды» деген қате түсінік қалыптасып барады. Мұндай сөздер ел көңілін көтерудің орнына, ұлттың тіл мәдениетіне нұқсан келтіреді.
Кейбір асабалар мен қонақтар дайындықсыз сөйлеп, орынсыз қалжың айтып, тойдың рухын түсіріп алады. Ал бұл – сөз қадірін, дәстүр қасиетін төмендету. Тойдағы сөз – көпшіліктің алдында айтылатын мәдени өлшем, сондықтан ол әрдайым мәнді, салиқалы әрі тәрбиелік мазмұнда болуға тиіс.
Асабаның да, той иесінің де жауапкершілігі бар. Асаба – тойдың айнасы, ал той иесі – сол мәдениеттің иесі. Әр асаба өз сөзіне, қимылына, әзілінің мәніне жауапты болуы керек. Ол – жай күлдіргі емес, тойдың рухын қалыптастыратын тұлға. Той иелері де сөз сөйлейтін адамдарды іріктеуде талғам танытқаны жөн. Той үстіндегі әрбір сөйлеуші – көпшілік алдында ұлттың өкілі, ұлттық мәдениеттің елшісі.
Жас ұрпақ сөз мәдениетін меңгеруі керек. Тілек айту, бата беру мәдениеті – бала жастан қалыптасатын қасиет. Мектептен бастап жастарға шешен сөйлеу, мәнерлі тіл қолдану, мәдениетті әзіл айту үйретілсе, ертеңгі ұрпақ та сөз қадірін бағалай білмек.
«Асабалар алаңы» қоғамдық бірлестігі осы бағытта бірқатар игі істер атқарып келеді. Біз облыс көлемінде асабалармен, мәдениет қызметкерлерімен, ардагерлер кеңестерімен кездесулер өткізіп, «Тойдағы тіл мәдениеті» тақырыбында жиындар ұйымдастырып жүрміз. Мақсатымыз – той мәдениетін жаңа деңгейге көтеру, сөз әдебін сақтау және тіл тазалығын қорғау.
Сөз – ұлттың айнасы. Тойдағы сөз – жай көңіл көтеру емес, ұлттың рухани келбеті. Әрбір айтылған тілек пен бата – елдің мәдениеті мен парасатының көрсеткіші. Сондықтан арзан күлкі мен жеңіл қалжыңнан арылып, әрбір сөзімізге салмақ, тілімізге тазалық берейік.
«Сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел» – деп дана Абай айтқандай, алдымен өз сөзімізді түзейік. Сонда ғана қазақтың тойы тәрбиенің, мәдениеттің, рухтың мерекесі бола алады.

Ринат НҰРАҚБАЕВ,
облыстық «Асабалар алаңы»
қоғамдық бірлестігінің төрағасы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.