Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тойбастардан табыс тапқан Абылайхан

0 1  172

Дүние жүзін тізерлеткен пандемиядан арылмасақ та, бүгінде «жасыл» аймаққа еніп, тіршілік қайта жанданғандай. Осы тұста тойбастар бұйымдарын жасап, кәсібінен нәсібін тауып отырған жанның бірі Абылайхан Шакизаданың тірлігі – көпке үлгі.

Абылайхан Сәкенұлы – Халықаралық Тараз инновациялық институтының 4-курс студенті. Ол кәсібін тоймен байланыстырып, тойбастар бұйымдарын жасауды қолға алған. Қарапайым емес, ұлттық нақышта өрнектелген тиын жинағыш (копилка) бұйымын бүгінде сатылымға шығарып, пайда тауып отыр.
– Шыны керек, бұл кәсіпті бастауда көп ойланбадым. Себебі той – халықтың қазынасы. Қазақ «Шашылсам, тойға шашылайын» дейді. Ал тойдың ең басты сыйы – тойбастар. Бүгінде той-думанда «Тойдан тобықтай» деп неше түрлі заттарды той- бастар етіп береді. Менің негізгі мақсатым – ұлттық құндылықтарымызды заман талабына сай етіп дайындау. Біздер тойдан келген неше түрлі заттарды көріп жүрміз. Бірақ ешқайсысы ұлттық болмысымызды танытпайды. Мен үйлену тойына киіз үй, сүндет тойға жылқы, тілашар, тұсаукесер сынды қуаныштарға түрлі жануарлардың пішінін ойып, тойбастар дайындаймын, – дейді жас кәсіпкер.
Кәсібін енді бастаған Абылай әзірге тек «Instagram» парақшасы арқылы жасаған заттарын саудалауда. Бағалары да нарықтан төмен, қолжетімді. Той болатын азаматтар тек алдын ала тапсырыс берсе болғаны.
– Мен әр мүсінді ерекше үлгіде жасау үшін алдымен оны қалыпқа салып құйғаннан кейін, артық жерлерін тегістеп, қол бояумен әрқайсысына ерекше реңк беріп әрлеймін. Әр жұмысты ынтамен жасаймын. Кез келген жұмысты махаббатпен істесең, нәтижесі жақсы болады. Бұл бизнесті бастағаныма 2 айдай уақыт болды. Алғашқы коллекциямды өзімнің тұңғыш ұлым Омардың бесік тойында көпшілікке таныстырдым. Көпшілік тамсанып, таңданды. Алдағы уақытта бұл ісімді одан әрі дөңгелетіп, үлкен нарыққа шығу жоспарда бар. Себебі бізде мұндай ұлттық нақыштағы дүниелер болғанымен, бағасы қымбат. Арзандары ит пен мысықтың, бізге жат жан-жануарлардың мүсінінде сатылымда жүр. Ал түйе, жылқы, киіз үй сынды бұйымдар аз, – дейді Абылайхан Сәкенұлы.
Кәсіп бастау үшін көп қаржының керек еместігін айтқан жас бизнесмен құралдарды базардан сатып алады екен. Ал қалыптың материалын Германиядан тапсырыспен алдырады. Бір тиын жинағышқа шамамен 2 күн кетеді. Ол қалыпқа құйылғаннан кейін боялып, одан соң қатуына уақыт беріледі. Мәди есімді досымен бірге кәсіптің көзін тапқан Абылайханның болашаққа жоспары нық.
– Цех әкемнің жұмысының қасында. Әкем пластик терезелер мен есіктерді қолдан жонып жасайды. Мен де «Әке көрген оқ жонар» деп, өз алдыма кәсіп ашып, әкемнің ақылын тыңдай отырып жұмыс жасаудамын. Одан бөлек, бала күнімнен волейболмен шұғылданамын. Бүгінде хоббиім ретінде спортты қатар алып жүрмін. Қаным қазақ болған соң, ұлттық болмысымызды әлемге таныту – үлкен армандарымның бірі. Армандардың орындалатынына сенемін. Және оған адымдап қадам жасаймын, – дейді жас кәсіпкер Абылайхан Шакизада.
Болар баланың бетін қақпай, белін буып, болашақ армандарына жетуіне біз де тілектестік білдірдік.

Арайлым Шабденова

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.