Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тоқаев: QazVac вакцинасын Ауғанстан мен басқа елдерге гуманитарлық көмек ретінде жібереміз

0 314

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жамбыл облысына жұмыс сапары Қордай ауданындағы Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтына қарасты QazVac вакцинасын шығаратын биофармацевтика зауытының қызметімен танысудан басталды, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Президентке вакцина өндірісінің технологиялық желісі, зертханалық жабдықтар мен мобильді реакторлар көрсетілді.

“Баршаңызды құттықтаймын. Шын мәнінде, бұл – үлкен жетістік. Еліміз үшін қажетті өндіріс. Негізгі жұмыс орындалды. Бәрі дұрыс. Келесі жылы осы жұмысты жалғастырамыз. Вакцина өте тиімді. Гуманитарлық көмек ретінде бұл вакцинаны Ауғанстанға және басқа да мұсылман елдеріне жібереміз. Вакцинамыз дүние жүзінде мойындалып жатыр. Сондықтан баршаңызды құттықтаймын! Ризашылығымды білдіремін. Бұл – өте күрделі процесс, өндіріс. Шын мәнінде, дүниежүзінде, шетелде мұндай өндіріс жасау үшін үш-төрт жыл кетеді. Біз тоғыз айдың ішінде жұмысты орындадық. Сондықтан еңбектеріңіз мемлекет тарапынан жоғары бағаланады”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Зауыт өндірістік тәжірибе бойынша халықаралық стандарттарға (GMP) сай келетін иммунобиологиялық дәрі-дәрмектер, оның ішінде коронавирус індетіне қарсы вакцина, тұмауға, туберкулезге, бруцеллезге, нодулярлы дерматитке және басқа да жұқпалы ауруларға қарсы вакциналар шығаратын болады.

Жылына биофармацевтика препараттарының 30-дан 60 миллионға дейін дозасын әзірлеу жоспарланып отыр. Жобаның жалпы құны – 15,6 миллиард теңге.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа 16 қыркүйек күні 100 мың доза көлемінде вакцина құю өндірісі іске қосылғаны туралы мәлімет берілді.

ТМД елдері арасында Қазақстан мен Ресей ғана COVID-19 індетіне қарсы вакцина өндірісін жолға қойған.

Президент зауыт қызметкерлерімен әңгімелесу барысында жобаның маңыздылығын атап өтіп, отандық вакцинаның коронавирус індетіне қарсы күреске және халықтың денсаулығын күшейтуге зор үлес қосатынына сенім білдірді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.