Шаһар орталығындағы №1 аумақтың тұрғындары «электр сымдары дұрыс орнатылмағандықтан, жанымызды шүберекке түйіп отырмыз» деп редакцияға хат жазды. Мән-жайды білу мақсатында тұрғындармен кездесіп, арыз-шағымды тыңдап қайттық.
Арайлым Шабденова Суретті түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ
Достоевский көшесі, №21 «А» мен Рахимов көшесі, №47 үйдің тұрғындары тілшілерді аулада күтіп алып, мән-жайды түсіндірді. Жалпы бұл екі үй де – ескі үйлер. Шамамен әр үйде 50-ден астам пәтер бар. Тұрғындарының көбі қарт кісілер екен. Ешкімнен қаражат сұрамай, өз үйлерін қолдарынан келгенше әктеп-сырлап отырған тұрғындардың назы электр желілерінде болып тұр.
– Біздің бармаған жеріміз, баспаған тауымыз жоқ. Мекемелерге хабарласып та, әкімдікке хат та жазып жатырмыз. Бірақ жауап жоқ. Алдымен шатырдағы «Қазақтелеком», «Beeline», «Alma TV» операторларының орналастырған сымдары ашық-шашық, қыстыгүні қардың, жазда күннің, күзде жаңбырдың астында жатыр. Тіпті өткен жылы күзде өрт орын алып, 101-ге хабарласып, шағым қалдырған болатынбыз. Өрт салдарынан тіпті 5-ші қабаттағы пәтерлер зардап шекті. Ол сымдар тіпті үйдің сыртынан №50 үй арқылы тікелей тартылып тұр. Қатты жел тұрғанда үзіліп те кетеді, – дейді Достоевский көшесі, №21 «А» үйінің иесі София Хегай.
Бұл үйлердің мәселесіне ауладағы бір бағанаға байланған бірнеше электр сымдары да кіріп отыр.
– Өздеріңіз көріп тұрғандай, екі үйдің ауласын балалар ойын алаңшасы жалғайды. Одан әрі қоқыс төгетін жолдарымыз да бір. Дәл осы балаларға арналған ойын алаңшасының, яғни футбол қақпасының тұсында бір бағанадан бірнеше электр сымдары жүргізілген. Барлығы ашық-шашық, жерге дейін салбырап, құлауға шақ тұрған бағанадан жақын маңдағы балабақша, қонақ үй және жекеменшік мекемелер жарық алып отыр. Қатты жел тұрғанда бұл бағанадан ұшқын ұшып, электр желілері адам өміріне қауіп төндіреді. Тіпті бағананың түбіндегі сымдарды ажыратып-қосатын қорапша да балаларға қолжетімді жерде тұр, – дейді тұрғын Александр Масютин.
Иә, тұрғындардың шағымданатынындай бар. Себебі ХХІ ғасыр цифрлы Қазақстанның уақыты дейміз. Бірақ бұл аумаққа жаңғыру әлі жетпеген тәрізді. Қатты желде сымдардың үзілу себебінен жарықсыз отыратын тұрғындар сала мамандарына хабарласып мезі болғандарын айтады. Бұл мәселені шешу мақсатында алдымен Тараз қалалық электр желілері мекемесіне қоңырау шалдық. Алғашқы күні телефонның арғы жағында отырған азамат №1 учаскенің жауапты маманы еңбек демалысында екенін айтып, орнына уақытша қызмет атқарып жүрген Бекзат есімді кісінің нөмірін берді. Сала маманына хабарласып, мән-жайды түсіндіргенімде, алдымен ол азамат сол аумаққа барып, мәселені өз көзімен көретіндігін жеткізген-ді. Белгілі уақытта тұрғындарды жинап, мәселенің анық-қанығына жету мақсатында кездесуіміз керек сала маманына уақыт жақындағанда хабарласқанымда, телефонын ұзақ көтермеді. Бірнеше рет хабарласқаннан кейін ғана: «Бастықпен ақылдасып, мәселені шешеміз. Негізі ол бағана біздің құзырға кірмейді. Тұрғындардан да бізге ешқандай арыз-шағым түспеді», – деп тұтқаны қойды. Содан ертесіне мекеменің тек операторлық бөлімімен ғана хабарласып, ондағылардан да мардымды жауап ала алмадық. Тек білгеніміз, мұндай бағаналарда апат орын алса ғана арнайы авариялық қызмет барып, тоқтарды қалпына келтіреді екен. Ал ешқандай балансқа кірмейтін бағанаға тоқ тартып отырған жекеменшік иелерінің қожайындары ғана жауапты екен. Ешбір сақтық шаралары сақталмаған тоқ бағаналары тек №1 аумақтың мәселесі емес, қаланың өзге аймақтарында да өзекті болып тұр.
Ешбір мекемеге қарамайтын, ешбір балансқа енбеген, жекеменшік иелері өз беттерінше бос бағаналардан тоқ тартып ала беретін болса, жаңғырудың жолы әлі алыста екендігі сөзсіз. Ал ретсіз талдар мен бағаналар арқылы тартылған электр сымдарынан апатты жағдай орын алса, оны қай мекеме өз мойнына алады? Әлде электр желілерін талапқа сай орнату үшін ел назары ауатын оқыс оқиға болу керек пе? Санада сайраған сауалдардың жауапсыз қалатыны өкінішті.