Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Өткен ғасырды өртеп, жаңа дүние жасаймын деу – үлкен қателік»

0 412

Өткен аптада «Ақ Жайықтың ақ шағаласы» деген атпен танылған ақын, публицист, қоғам қайраткері, мемлекеттік және «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығы мен «Құрмет» орденінің иегері Ақұштап Бақтыгереева облыс орталығында өткен аналар форумына қатысқан еді. Орайы келгенде, біз де ақынмен әдебиет тақырыбы төңірегінде аз-кем пікірлескен едік.

– Ақұштап Бақтыгерейқызы, тарихи Тараз жеріне қош келіпсіз…
– Елде жұқпалы вирус тарағалы жол жүруді де ұмытыппыз. Енді Жамбыл облысының орталығында еңселі «Анаға тағзым» орталығы ашылды дегенде, ала қап арқалаған қазақ әйелін ойлайтындар бар екен, бәлкім, «ана» деген сөзді құрметтеу арқылы біз жетім-жесірге, жағдайы төмен отбасыларға қоғам болып көңіл бөлетін шығармыз деген ой жетектеп келді. Расын айтсам, Тараз жеріне баруға қым-қуыт тіршілікпен жолымыз түспейтін. Әрі Орал мен Жамбылдың арасы жақын емес. Әрине, жиырма жыл Орал қаласында болған соң, қоғамдық мәселелерден шет қалмай, үн қосуға тырыстық. Мысалы, бір күнде 33 көшені қайта атап, қазақшаладық. Бұл өте қиын шаруа болды. Сол секілді еліміздің тарихына, тіл мәселесіне, жетім қыздың, оқудан шыққан баланың тағдырына қолғабыс етуге тырыстық. Сөйтіп жүргенде, ел-жер аралауға да уақыт табылмапты. Таразға жолым түспесе де, шығармашылығым жетіпті. Менің «қазақ қыздары» деп шырылдаған жан дауысым қаракөз қарындастарымыздың жүрегіне жеткеніне қуаныштымын.
– Поэзияның шыңындағы ұлы ақындар әдебиетке құбылыс болып келіп, өзінің қолтаңбасын қалдырды. Олардың ақындық өнер туралы пікірі де сан түрлі. Сонымен қатар «шабыт» деген сөздің мәнін де әркім әртүрлі түсініп жүр. Бірі тосыннан сау етіп келеді десе, екіншісі көктен келеді дейді. Сіздіңше, шабытта қандай тылсым дүние бар?
– Шабыт жұмбақ жағдайда пайда болып, алапат күшке жетелейтін құбылыс секілді. Ақын соның жетегіне ерсе, жұп-жұмыр дүние шығады. Демек, өлең ақынның түйгенін түгендеумен ғана шектелмейді. Өлең сол үшін құнды, поэзия сонысымен биік. Шабыттан туған өлең оқырманға жетсе, автордың аты шыға бастайды. Өміршең өлең дейтініміз – сол. Ал қазір шабыт деген сөздің құны түсіп кеткендей. Екі сөздің басын қосып, тақпақ жазып жүргендер ақынмын деп масаттанатын болды. Қалталы болса, кітап шығаруға да кетәрі емес. Басқасын былай қойғанда, өлеңді оқырман қалай қабылдайды екен деп именбейді. Тақпақ жазып, ақын болдым деп кеу-де соғатындардың әрекеті – берекесіздік. Шабыттың, өлеңнің, өнердің құнын түсіретін – солар.
– Талай белді ақын-жазушының ордасы болған Жазушылар одағы бүгінде өз биігінде ме?
– Біздің жастық шағымызда көпшілік Жазушылар одағының алдынан имене өтетін. Себебі сол табалдырықтан батыр ақын Бауыржан Момышұлы, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Зейнолла Қабдолов, Шерхан Мұртаза сынды алыптар шығып келе жататын. Қазақ әдебиетінің марқасқаларын көргенде сескеніп тұратынбыз. Олардың алдында ешбір Үкімет шендісі сөз бастамайтын. Жиындарда әуелі жазушы сөйлейтін. Ол кезең де өтті. Біз соның шетін көрдік. Ал қазір Жазушылар одағы сол беделден аласарғандай. Одаққа көлденең көк аттылар да мүше болуда. Ал оқырманы жоқ, қалаберді сыннан, талқыдан өтпеген кітап басып шығарғандарды жазушы деп қабылдауға болмайды. Жазушылар одағына мүшелерін қабылдауға комиссия құрып, шығармаларды сүзгіден өткізу керек.
– Қалай ойлайсыз, соңғы кездері Мемлекеттік сыйлықтың құнын төмендетіп алған жоқпыз ба?
– Қазір сыйлық пен орденді кездейсоқ алып жатқандар да бар. Бірақ көзі ашық қоғам мемлекеттік сыйлықты кім, қалай алғанын біледі. Оны біз естіп, көріп те жүрміз. Байлық, мансап, билік сыйлықтың құнын құлдыратып жібергендей. Орден таққан қалталылар да көз алдымызда жүрді. Енді мұның барлығын уақыт өзі екшейді деп ойлаймын. Халық үлкен мен кішіні өзі ажыратып алады. Бәріне уақыт төреші.
– Қазіргі қазақ әдебиетінде проза жанры ақсап, роман жазатын қаламгерлер азайғандай…
– Проза жанры ақсады, себебі ешкім одан пайда таппады. Мықты драматургтар да қалмады. Мысалы, әлем мойындаған Шыңғыс Айтматовтың «Жер Ана» спектаклінің өзі қандай еді?! Онда бүтін адамзаттың тағдыры бар. «Боранды бекет» романын алсақ та сондай. Дәуір тынысы, ұлт мәселесі шығарманың арқауы болды. Қазір мұндай дүние жоқ. Біріншіден, жазушылар ізденістен шет қалды, екіншіден, оқырман азайды, кітапқа құрмет азайды. Әдебиетте жанкештілер ғана қалам ұстап қалды. Ал ұлтты танытатын әдебиет, өнер, театр еді ғой. Бізде осы үш асыл дүние ақсап тұр. Оған қоғам, Үкімет мән бермеді. Ақшаға ар сатылған заманда әдебиет өмірден үмітін үзген адам секілді. Театр майталмандары, проза, поэзиядағы шын таланттар қиын кезеңді өткеруде.
– Алашорда үкіметінің басында әдебиетшілер мен сөз қадірін түсінетін асылдар болғанын білеміз. Әдебиетте өрістеу үшін шығармашылық орта қажет пе?
– Түсінетін орта керек. Бірақ бар гәп адамның өзіне, болмысына, ізденімпаздығына, сауатына байланысты. Мысалы, Эрнест Хемингуэй өзінің шығармасын ешкіммен кеңеспей, үйінде жалғыз отырып жазды. Жазушылардың ортасына түспедім деп кеюдің қажеті жоқ. Негізі, мықты классиктердің тағдырына үңілсек, жалғыздықты сүйді емес пе?
– Жас ақындардан «әдебиетпен ауыру» деген тіркесті естіп жүрміз…
– «Әдебиетпен ауыру» – шизофренияның бір белгісі. Демек, олар расында науқас. Өзіне-өзі қастандық жасағандардан орыс әдебиетінде Владимир Маяковский, Сергей Есенинді танимыз. Мұндай дерт қазақта да болды. Бірақ шын талантты әдебиетшілер «ауырмай-ақ» үлкен шығарма жазды. Мысалы, атақты орыс жазушысы Лев Толстой, өзіміздің Ғабит Мүсірепов, Бейімбет Майлин, Мұхтар Мағауин, Оралхан Бөкей, Шерхан Мұртазаны алайық, олар «әдебиетпен ауырдым» деген жоқ. Қиялға еріп, өз басын сүйремеді. Қай заманда да қаламы жүйрік таланттар жазды. «Әдебиетпен ауырдым» деп мардымды дүние жазбай, шыңырауға кеткендер де бар. Бұл тіркесті қолдануда абай болу керек.
– Қазақ поэзиясында кейінгі толқынның жаңашылдыққа қадам басқаны байқалады. Осы тұста ақ өлең туралы не айтар едіңіз?
– Поэзияда ақ өлең бұрыннан бар. Ол қазақ ауыз әдебиеті мен шетел әдебиетінде де кездеседі. Яғни ақ өлеңнің өзіндік формасы, заңдылығы болады. Ұйқасы, жүйесі, мазмұны да бөлек. Содан өлең жазады екенмін деп бүйректен сирақ шығарудың керегі жоқ. Қазаққа керегі – дәстүрлі қара өлең. Қара өлең арқылы ата-бабамыз өмірді, бүтін бір жаратылысты суреттеп, болашақты айтқан. Біз қазақтың қанында бар осы өлең формасын қолдан келгенше сақтауымыз керек. Меніңше, қазақ ақ өлеңмен бір ғаламатты жазып, айта алмайтын секілді. Ол белгілі бір кезеңде ғана қанат жайып, кейін қалады деп ойлаймын.
– Ағылшын жазушысы Рэй Брэдбери «451 градус по Фаренгейту» атты фантастикалық романында болашақта «кітап өртейтін» заман келетінін жазған еді…
– Меніңше, кітап өртеу қай заманда болсын дұрыс пиғыл емес. Себебі кітап арқылы біз өткеннен сабақ алып, болашаққа қадам басамыз. Кітаптан әр ғасырдың жаңалығын оқып, біліп отырамыз. Мысалы, жоңғар шапқыншылығы, Абай заманы, кейінгі Алашорда үкіметінің қасіреті жадымызда. Сондықтан өткен ғасырды өртеп, жаңа дүние жасаймын деу үлкен қателік болады. Бұдан ешкім опа таппайды. Жаңа заманды өткен ғасырдың тамырымен жалғап бастамаса, бәрі бекер. Бұл гүлді қырқып, кейін суға салып қойғанмен бірдей. Сондықтан кітап өртеу – адамзаттың тағдырына балта шабу деген сөз. Әрине, біреудің қаржысына шығарылған, мағынасыз кітаптардың миллио-нын өртесе де, жаным ауырмайды. Бірақ ұлы адамдардың кітабын өртеу үлкен қателік болады. Біз бүгінде көне жазбаға зәруміз ғой. Күлтегіннің жазбасын тауып, бабамыз осы екен деп отырмыз. Ал өткеннің қалтарыс-бұлтарыстарынан біздің қолымызға тимеген кітаптар қаншама! Мысалы, Отырар кітапханасындағы бір ғана кітап бізге ақиқатты ашып берер еді ме, кім білсін?! Осылайша қазақ тарихы тамырынан қырқылған соң, біз әлі күнге дейін өзімізді әлем елдеріне дәлелдей алмаудамыз.
– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Сәндібек Піренов

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.