Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тіршілікке нәр берген

0 165

Елімізде 12 шілде – Су шаруашылығы мамандарының кәсіби мерекесі атап өтіледі. Кез келген мемлекеттің экономикалық әлеуетін арттыратын сала – ауыл шаруашылығы екені белгілі. Ал ауыл шаруашылығының алға басуына ең алдымен су ресурстарын тиімді пайдалану сеп. Кәсіби мерекесі қарсаңында сала бойынша өңірде атқарылып жатқан жұмыстар мен мамандар даярлау мәселесіне қалам жүгірттік.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Жамбыл облысының көп бөлігінде ауыз су өз жеріміздің несібесі болғанымен, егін суаруға арналған ресурсты Қырғызстан шекарасындағы Киров су қоймасынан аламыз. Олай дейтініміз, жалпы көлемі 550 мың текше метрді құрайтын қырғыз жеріндегі Киров су қоймасы Жамбыл облысының Талас, Байзақ, Жамбыл және Сарысу аудандарындағы 64 мың гектар жерді және Тараз қаласындағы бірқатар аумақты сумен қамтамасыз етеді. Сонымен қатар Қырғызстанның Талас облысы, Манас ауданының да 17 мың гектар жерін сумен қамтиды. Ал Қырғызстанның Ыстықкөл облысындағы Орта-токой су қоймасы Жамбыл облысының Шу, Қордай және Мойынқұм аудандарын сумен қамтиды. Бұл ретте қос мемлекеттің құзыретті мекемелері бірігіп жыл сайын тиімді шешімдер қабылдап, екі ел арасындағы егіншілік жайын жақсартуға бірлесе күш салып келеді. 2011 жылдан бері өңірдегі осы сынды су мәселелерін бақылауда ұстап, реттеуге «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының облыстық филиалы кіріскен-ді. Аталмыш мекеменің қызметіне гидротехникалық құрылыстар мен су қоймаларын, сондай-ақ тікелей су көздерінде орналасқан және республикалық меншіктегі өзге де су шаруашылығы объектілерін пайдалануды, жөндеуді және қайта жаңартуды жүзеге асыру, жасалған шарттарға сәйкес тұтынушыларға су беру жөнінде қызмет көрсету, су ресурстарын пайдалануды есепке алуды жүзеге асыру, Шу, Талас, Аса трансшекаралық өзендері бассейндерінде су ағынының бөлінуіне жедел бақылау жүргізу, Қазақстан-Қырғызстан арасындағы мемлекетаралық су шаруашылығы нысандарын пайдалану және қалпына келтіру жұмыстарымен қамтамасыз ету шаралары енген. Филиал бақылауында 7 су қоймасы, 12 су торабы, 2 су бөгеті, 500-ден аса канал бар. Барлығы мамандардың жіті қадағалауында. Оқта-текте тосын мінез көрсетіп қоятын су қоймалары мен өзен-көлдердің жалпы жағдайын назарда ұстау су ресурстары мамандарының басты міндетіне айналған.
Осындай үлкен міндеттерді арқалап, асыраушы саланың тамырына нәр беру бағытында нәтижелі істер атқарып жүрген мекеменің бүгінде жүргізіп жатқан тындырымды тірліктері аз емес. Облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы ұсынған мәліметке сәйкес облыстың суармалы жерлерінің көлемі 229,7 мың гектарды құраса, оның 140,8 мың гектары немесе 61 пайызы пайдаланылуда, қалған 88,9 мың гектары су жүйелері бұзылуы салдарынан толық сумен қамтылмапты. Тиімді әрі қоры мол суармалы жүйе болмаса, егістік алқабының аумағын кеңейту оң нәтиже бермейді. Бүгінде Жамбыл облысындағы ауыл шаруашылығы мамандарының алдында осындай алқаптарды 200 мың гектарға ұлғайту міндеті тұр. Жеткен нәтиже 110 мың гектарды құрап отыр. Ал суару жүйелері реттелген жағдайда биыл бұл көрсеткіш 180 мың гектарға жетпек. Сонымен қатар Еуропалық қайта құру және даму банкі 24,7 миллиард теңге несие бөліп, осы қаржыға облыстағы 310 су нысаны жаңғыртылмақ. Бұдан бөлек, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің Жамбыл облысына жұмыс сапары барысында су шаруашылығы саласында атқарылып жатқан жұмыстармен танысқан болатын. «Қазсушар» РМК филиалының басшысы Қазыбек Бедебаев осы кездесу барысында шешілуі тиіс мәселелер қатарында Қарақоңыз су қоймасының сыйымдылығын 8,5 миллион текше метрден 18,5 миллионға дейін ұлғайту, Жасөркен ауылындағы гидрологиялық бекеттің нашар жағдайы, «Химпарк Тараз» ЖШС-нің тірек құрылысын жөндеу қажеттігін атап өткен.
Облыс әкімі қолайлы табиғи ландшафтты ескере отырып, мұнда 500 миллион текше метрге дейін ылғал жинау мүмкін екендігін ескерді. Өз кезегінде Мағзұм Мырзағалиев жобаны қолдап, министрлік тарапынан қолдау көрсетілетінін жеткізді. Демек, бұл – алдағы уақытта Жамбыл облысында ауыл шаруашылығын алға жылжыту мақсатында тағы бір ірі су қоймасының құрылысы басталады деген сөз.
Қазіргі уақытта Қазақстан су ресурстарының тапшылығына душар болып отыр. Болжамдар бойынша 2040 жылға қарай су ресурстарына мұқтаждық қазіргіден екі есе артуы ықтимал. Су ресурстарының тапшылығы мен қауіпсіздік проблемасы мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігіне қатер ретінде қарастырылады. Нәтижесінде балық өсіру саласы мен ауыл шаруашылығында көптеген шығын, көлдердің, өзендердің, сулы-батпақты жерлердің тозуы сынды мәселелер өзекті болып отыр. Қазақстанның сегіз су бассейнінің алтауы 2030 жылға қарай осы проблемалармен бетпе-бет келуі мүмкін. Егер су ресурстарын пайдалану мен басқарудың тиімділігі артпаса, 2040 жылға қарай судың жетіспеушілігі күшейеді, бұл халықты сумен қамтамасыз етуге, ЖІӨ-нің өсуіне және қоршаған ортаның жай-күйіне теріс әсер етеді. Бұл ретте 2014 жылы сол тұстағы Мемлекет басшысы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның су ресурстарын басқарудың мемлекеттік бағдарламасына қол қойған болатын. Аталған құжатта осы саланың мамандарын даярлауға айрықша көңіл бөліну керектігі айтылған.
Бұл тұрғыдан алғанда, елімізде су ресурстары мамандарын даярлайтын оқу орны Жамбыл облысында пайда болғанын айта кеткен жөн. Нақтыласақ, Жамбыл-гидромелиорация-құрылыс институтында 1962 жылы гидромелиорация факультеті құрылған. «Су ресурстарын кешенді пайдалану» және «Гидротехникалық құрылыстар» кафедраларын біріктіру нәтижесінде соңғы 20 жылда бұл факультеттен Қазақстанның су шаруашылығы саласы үшін 2000-нан астам маман даярланып шықты. «Су ресурстары» кафедрасы Қазақстан Республикасының және ТМД елдеріндегі алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарымен тұрақты байланыста. Кафедраның оқытушылары жоғары оқу орындарымен тұрақты түрде ғылыми және әдістемелік байланыс орнатқан. Кафедраға тәжірибелік қондырғылармен, зертханалық және ғылыми зерттеулер жүргізуге мүмкіндік беретін бақылау-өлшеу аппаратураларымен жабдықталған 5 мамандандырылған зертхана бекітілген. Кафедра гидротехникалық құрылымдар мен энергетикалық қондырғылардың жаңа құрылымдарын әзірлеу, сондай-ақ ағынды суларды тазарту технологиясы бойынша үлкен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Студенттердің 70 пайызы ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысады, өз нәтижелері мен білімдерін тәжірибеде жүзеге асырып келеді. Ғылым мен өндірісті интеграциялау мақсатында кафедра «Қаз СШҒЗИ» ЖШС (Тараз қаласы) және «Қазсушар» РМК және «Шу-Талас бассейндік инспекциясы» РМК-мен тығыз байланыс орнатқан. Кафедрада ғылыми жұмыстарды орындауға жақсы зертханалық жағдай жасалынған. Докторанттар мен магистранттар зерттеу және тәжірибе жұмыстарын жүргізу үшін «Гидравлика және гидротехникалық құрылымдар» зертханалары заманауи жабдықтармен толықтырылып, зерттеу жұмыстары жүргізілуде. «Су ресурстары» кафедрасы 2019 жылдың желтоқсан айында «Қазсушар» Жамбыл облыстық филиалымен келісімге отырып, екіжақты серіктестік жасау мақсатында меморандумға қол қойып, мекеменің ғимаратында кафедраның филиалы ашылды. Кафедра профессоры С.Қойбақов жетекшілігімен АҚШ-тың жетекші су шаруашылығы институттарымен екіжақты тәжірибе алмасу, трансшекаралық өзендерді бірігіп басқару бойынша бірлескен жұмыстар жүргізіледі. Кафедрада шаруашылық келісімшартпен Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, «Бахытжан» шаруа қожалығымен құны 1,200 млн теңгеге «Разработка и исследования новых конструкций гидротехнических сооружений» тақырыбында шаруашылық есепте ғылыми жұмыс жүргізуде. Аталмыш факультет деканы Нұрлан Іңкәрбеков бұл сала бойынша маман даярлауда халықаралық стандарттар мен еліміздегі су ресурстары мәселелері басшылыққа алынатынын айтады.
– Біздің түлектер су шаруашылығы саласының барлық бағыттарында табысты жұмыс істей алады: гидроэнергетика, туризм, сумен қамту және суды бұру, өнеркәсіптің ақаба суларын тазарту, трансшекаралық өзендердің су ресурстарын басқару, әртүрлі зауыттардағы су айналымы процестерін жүргізу, облыстық және аудандық су шаруашылығы басқармалары, әртүрлі деңгейдегі әкімшіліктерде су маманы, ҚР АШМ Су ресурстары комитетінің облыстық «Қазсушар» РМК және т.б. Қазіргі таңда бүкіл ҚР бойынша барлық «Қазсушар» филиалдарын және республикалық бассейндік инспекцияларды, Ауыл шаруашылығы министрлігіндегі суға қатысты басқармаларды біздің түлектер басқаратынын үлкен мақтанышпен айта аламын, – дейді Нұрлан Омарәліұлы.
Суды пайдалану және таза суға қолжетімділік проблемасы жаһандық сипатқа ие болып отыр. Статистика 1 литр сүтті өндіруге 200 литр су, бір килограмм бидай өндіруге 1000 литр су шығындалатынын көрсетіп отыр. Келешекте су мұнайдан, бара-бара алтыннан да қымбат болады деген сөз. Судай орны толмас байлықты дұрыс пайдаланған жағдайда еліміз тұрақты су шаруашылығын және бәсекелестікке бейімді суғармалы егіншілік жүйесін, өзіндік құны арзан шағын электр станцияларынан энергия өндіруді жасай алады. Қазіргі таңда су шаруашылығындағы жағдай төмендегідей: суды мөлшерден тыс пайдалану салдарынан су көздері сарқылуда, сол себепті өнімнің өзіндік құны мен суға төленетін тариф әлдеқайда өсіп отыр. Бір гектарға жылына орташа есеппен 12-14 мың текше метр су шығындалады, бұл есептік нормадан екі есе жоғары. Суғару жүйелерінің техникалық жағдайы жылдан-жылға нашарлап барады. Олардың пайдалы әсер коэффициенті 0,4-0,6 құрайды. Қаншама су көлемі босқа кетіп жатыр. Су үнемі бұлай бола бермейді, бір күні сарқылады. Бұл тұста даналар айтқан «Судың да сұрауы бар» тәмсілі өзінің өміршеңдігін көрсетіп отыр. Сондай-ақ бұл жайттар су шаруашылығы мамандарының маңыздылығы уақыт санап емес, сәт санап артып келе жатқанын да айғақтайды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.