Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тіршілік нәрінен таршылық жоқ

0 233

Жұртшылық үшін аса маңызды болып отырған ауыз су мәселесі жыл өткен сайын оңтайлы шешімін тауып келеді. Жер шарының төрттен үш бөлігі тіршілік көзіне теңелген судан тұрады. Әлемде жеті миллиард халық бар десек, оның бір миллиарды таза ауыз суға қол жеткізе алмай жүр екен. Осылардың сапына кірмес үшін еліміз аудандық, ауылдық жерлерді ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында жұмыс істеуде. Күрмеуі қиын мәселе мемлекеттік бағдарламадан бөлек, ауыл азаматтарының қолдауы аясында да жүзеге асуда. Қай кезде болсын ауыз судың сапалы болуы маңызды. Жұртшылықтың талап-тілегі де – осы.

Су болмаса мына табиғатты, қоршаған ортаны көзімізге елестету мүмкін емес. Адам да, жан-жануарлар да, өсімдіктер де сусыз әрі кетсе 3 күн өмір сүреді екен. Қазіргі таңда халықты сапалы тіршілік нәрімен қамтамасыз ету мақсатында көптеген бағдарламалар қолға алынуда. Мәселен, «Ауыз су»,  «Ақбұлақ», «Өңірлерді дамыту-2020» сынды бағдарламалар жеткілікті. Олардың атаулары басқа болғанымен мақсаты – біреу. Халық үшін сапалы ауыз суға қолжетімділіктің маңызы өте зор. Осыны сезінген Үкімет ел тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға бар күшін салып отыр. Сондықтан маңызы жоғары «Ақбұлақ» секілді жан-жақты, тыңғылықты зерттеліп-зерделенген бағдарламаны қабылдады. Бұл жоба6 меніңше, ойдағыдай орындалып келе жатыр. Яғни енді қала мен ауыл халқы толығымен сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілетін күн де алыс емес. Айта кетейік, шалғай елді мекендерге су желілерін тартып, ел тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтуға бағытталған «Ақбұлақ» бағдарламасы 2015 жылы Жамбыл облысына қарасты Т.Рысқұлов ауданында қарқынды түрде жүргізілді. Бұл сөзімізге өңірде атқарылып жатқан шаруалар дәлел бола алады. Атап айтар болсақ, аудан орталығы  Өрнек ауылдық округіне кіретін Сәлімбай, Өрнек, Әбжапар ауылдарында 2015 жылы басталған жүйелі жұмыстар 2 жылда аяқталып, таза су ауыл тұрғындарына қолданысқа берілді. Жұмыс барысында 5 насосты станция салынып, 500 текше метр көлемінде су жиналып, 1 және 2 мұнара арқылы ауылға жіберілуде. Сондай-ақ суды үнемдеу, оның бейберекет пайдаланылуына жол бермеу жағы да ескерілген. Әр түтіннен қанша мөлшерде су жұмсағанын білу мақсатында ауыз суды есептеу құрылғылары орнатылған. Қазіргі таңда тұрғындардың қуанышында шек жоқ.

– Бүгін мен кешені елестету мүмкін емес. «Алпыс күн тасыған су,
алты күнде қайтар» демекші, осы уақытқа дейін бұлақтан бастау алатын арықтан су ішіп келген едік. Таң ата күнмен таласып ояна сала, бір қолымызда бақырымыз, екінші қолда фляг сүйреткен қоларбамыз, арыққа қарай тартамыз. Үлгермей қалсақ, қиынның қиыны. Екі флягты қоржын ұқсатып байлап, есекке өңгеріп, арық жағалап, тауға қарата өрлеп, судың қайнап шығып жатқан қайнар бұлағына барып бірақ тоқтайтынбыз. Содан соң мұздай тұп-тұнық судан толтырып, өзіміз де бұлақтың басынан суды қанып ішіп, ылдилап асықпай, аян жүріспен қайтамыз. Қыста мұз ойып бір қиналсақ, көктем шыға қар еріп, жылға-жылғадан аққан су арыққа келіп қосылатын кезде күн  шықпай тұрып су алуға тура келетін, – деген ауыл тұрғыны Жарқынбек ақсақал ағынан жарылып әңгімесін әрмен қарай жалғады.

«Жалпы «Ақбұлақ» – елге берері мол бағдарлама. Ауданда су тартылды. Су өте таза әрі жұмсақ және тұрғылықты халық үшін тиімді. Ауылда мал ұстайтын, бақша егетін адамдар үшін де қолайлы. Жазда бақшамызды суарып, бар қажетімізге қолдандық. Сонымен қоса суды үйге дейін кіргізіп алу да тиімді.  Біз секілді зейнеткерлерге жеңілдіктері бар. Суды үйімізге дейін тартқызып алдық. Үйіміздің ішінен жуынатын бөлме, тіптен дәретханаға дейін қойдырдық. Қаладан еш кем емес. Қазір жұрттың бәрі қалаға ұмтылады. Егер әр ауылда осындай жағдай жасалса, ешкім ешқайда кетпес еді. Өз туған жеріме ештеңе жетпейді. Көркейе бергенін қалаймын. Біз көргенді келер ұрпақ көрмесе екен, – деп сөзін аяқтады еңбек ардагері.

Бүгінде шалғай елді мекендердің өзі тәулігіне 24 сағат бойы тіршілік нәрінің игілігін көруде. Бұған жоғарыда аталған «Ақбұлақ» бағдарламасының септігі мол. Аталмыш бағдарламаның арқасында ұзақ жылдар бойы таза судан тапшылық көрген еліміздің түкпір-түкпіріндегі тұрғындар әсіресе ауылдағы ағайын сапалы суға жарып, қуанышы қойнына сыймай жүр. Атап өтерлігі, елдегі ауыз сусыз елді мекендерді таза тіршілік көзімен қамтамамасыз ету жұмыстары әлі де жалғасуда. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, мемлекеттік «Ақбұлақ» бағдарламасы қабылданғаннан бергі 5-6 жылдың ішінде ауылдық жерлерді орталықтандырылған ауыз сумен жабдықтауға деген қолжетімділік 50 пайыздан асқан. Қалалық жердегі көрсеткіш те көңіл көншіерліктей өскен. Ал 2020 жылға қарай тұрғындардың 98 пайызы сапалы және санитарлық нормалары талапқа сай келетін таза ауыз суға қол жеткізді. Осылайша халықты таза ауыз сумен қамтуды көздеген, 2020 жылға дейін жалғасын тапқан «Ақбұлақ» бағдарламасының ырыздығын мыңдаған тұрғын көріп, мемлекеттік бағдарламаларға әлі де ауыз суға зар болған талай шаңырақты шаттыққа бөлейтініне сенімен қарайды.

Айта кетейік, қазіргі таңда көлігі бар Әбжапар ауылы тұрғындарының кейбірі бұлақ суын тұтынады. Ауылдың жоғарғы жағында орналасқан Қарабұлақ деген тау бар. Сол таудың етегінде мөлдір тұнық, қыста қатпайтын, жазда жылымайтын тұнық бұлақ бар. Әбжапар ауылының тұрғындары да, жолаушылар да осы тұстан өтіп бара жатып, бұлақ суынан қанып ішуге құмар-ақ. Кейде бұл жерде бұлақ суына кәдімгідей кезек күтіп тұратындар болады. Кейбірі арнайы апарған 10-20 шақты бес литрлік пластик құтыларына толтырып алып кетеді. Қарабұлақтан бастау алған бұлақтан өзіміз де талай су іштік. Шіліңгір шілдеде шекеңнен шығатын бұлақ суы шөл қандырады. Қазіргі таңда ауыз біршілігі артқан ауылдастар тау етегінде орналасқан осы бір бұлақтың айналасын қоршап, тазалық сақтау үшін үлкен қоқыс жәшігін де қойыпты. Олар бұлақ маңы тазалығын сақтау  мақсатында араларынан кезекшілерді сайлаған. Қара су да адамға күш-қуат береді. Мәселен, осы ауылдан ілгеріде қалаға көшіп кеткен Кенжекүл Оразалықызы бірде қалалық ауруханаға түседі. Біраз уақыт ем алған әже дертіне дауа таппаған соң ауылға оралады. Баласы Арман күнделікті Қарабұлақтан су тасып әкеліп беріп тұрады. Алланың құдіретіне шек бар ма, Кенжекүл апа осы қара судан дертіне дауа табады. Бүгінде әжеміз ауылда 78 жаста 8 немересін бағып, бақытты тұрмыс кешуде. Содан бері әжеміз тек қана бұлақ суын тұтынады екен.

– Отбасымызбен бұлақ суын тұтынамыз. Міне, содан бері 4 жыл өтті. Қарабұлақ тау бұлағының суын тасып ішіп келеміз. Мен ауырып жазылғаннан кейін де басқа да бұлақтардан су ішіп көрдім. Өзге бұлақтың суымен Қарабұлақтың суын салыстыруға келмейді. Әрқайсысының дәмі әртүрлі. Айталық, Қарабұлақтың суы шөліңді қандырады, рахаттанып, қайта-қайта іше бергің келеді, дәмі де өте жақсы. Неше жылдан бері күткен біздің ауылымызға тартылған құдық суының да дәмі тамаша, жұмсақ болғандықтан ба, оны көп іше алмайсың, – дейді Кенжекүл  Оразалықызы.

Тұрғындардың басым бөлігі «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында тартылған, шыңараудан шығатын, әрқашан тұп-тұнық болып тұратын құдық суын тұтынады. Ауыл жағдайы әлдеқайда жақсарған тіпті қаламен салыстыруға келеді. Үйдің ішне бір емес, екі бөлмеге қатар ыстық, салқын суымен кіргізіп алған.

Су сапасының төмендігі адам денсаулығына кері әсерін тигізеді. Судың түссіз, мөлдір, иіссіз болуы оның тазалығы жайлы болжам айту үшін қажет, бірақ жеткіліксіз көрсеткіш. Көптеген заттар тұз күйінде суда жақсы ериді және түссіз ерітінді түзеді. Адам денесі жартылай өткізгіш жарғақша тәрізді жұмыс істейді. Мысалы, бүйрек, несеп жолдары суды өткізгенмен, суда еріген заттарды сүзіп, тазартып отырады. Тұзды су салдарынан адам денесіне тас жиналады. Оны шығару, алу шығыны және машақаты әуел баста таза су ішу пайдалану шығынынан көп болатыны айтпаса да түсінікті. Қазіргі күнде басқа да дерт түрлерінің, әсіресе қатерлі ісік ауруларының күрт көбейіп кетуі де қоршаған ортаның ластануымен тікелей байланысты. Құбыр суының ластығы белгілі, алайда ғылыми тұрғыдан дәлелденбеген, тәжірибелік нәтижелері күмән туғызатын «тірі су», «оқылған су», «жанды су», «құрылымдалған су», «қажетті тұзы бар су» ұғымдары адамдардың суды тазартпай пайдалануларына себеп болып отыр. Қарапайым тұрмыстық сүзгілер судағы хлорды, ауыр металдарды, пестицидтерді басқа да еріген заттарды жақсы сіңіреді. Сол себепті су тұтынушы тұрғындар кран жаныңа арнайы су тазартқыш сүзгілер орнатқан.

Жерасты суының қоры пайдалану 25 жылға бекітіледі. Әр 25 жыл сайын қайта зерттеліп, балансқа алынып отырады. Ол Су кодексіне сәйкес үздіксіз жүргізіледі. Ауыз суға қатысты нақты санитарлық талаптар бар. Бір адамның бір тәулікте қанша су пайдаланатыны да нормаға сай болу керек. Талап бойынша, қалалық жерде бұл норма жан басына 700-800 литр болса, ауылдық жерде тәулігіне 140-160 литр шамасында. Осы қажеттілікті қамтамасыз ету үшін іздеу, барлау жұмыстары жүргізіледі. Бұл арнайы техника және технологиялық тәсілдермен жүреді. Бұл жұмыс жерасты суына ұңғымалар бұрғылау арқылы 10 метрден 1 000 метрге дейінгі тереңдікте қандай сулы қабаттар бар екенін анықтаудан басталады. Содан кейін судың шығыны анықталып, зертханалық жұмыстар арқылы химиялық, радиологиялық зерттеу жүргізіледі. Бұл зерттеу судың  минералдылық деңгейін анықтап, ішуге жарамды болған жағдайда ғана халыққа пайдалануға ұсынылады. Одан кейін жерасты суының деңгейін бақылау үшін бір жыл көлемінде, маусым сайын режимдік бақылау жүргізіледі. Әбжапар ауылынан су шығару барысында осы тылаптар орындалды су 230 метр терендіктен шықты. Қазіргі таңда әрбір жыл сайын тексеру жұмыстарын жүргізіп отырады.

«Су ішетін арығы жоқ елдің сүзіп алатын балығы жоқ» дейді халық даналығы. Біз, міне, тәуелcіздіктің үшінші онжылдығына аяқ басып, 30 жылдың белесінен астық. Осы жылдар ішінде қазақ жерінде қара судан таршылық көрген халықтың қарасы басым. Бүгінде елімізде 6 000-нан астам ауыл болса, оның ішінде 4 000-ға жуығы орталық сумен қамтылған, 403 ауылда кешенді блок-модульдер орнатылған. Қамтылмаған әлі де 2000-дай ауыл бар екен. Ол ауылдың бірі – Әбжапар ауылымен көршілес жатқан Жарлы су ауылы. Бұл елді мекеннің су құбырларын тарту, құдық қазу жұмыстары Әбжапар ауылымен бірдей басталғанымен, тиісті жұмыстар аяқсыз қалды. Бұл – бір ғана Жарлы су ауылындағы проблема емес. Еліміздің қай өңірінде болмасын тіршілік нәрінен тарығып, арызын тыңдар жан таппаған қаншама ауыл  бар. Тіпті осыдан бірнеше жыл бұрын қаншама қаржыға жүргізілген құбырлар судың жоқтығынан тот басып тұрғанын да көз көрді. Мұндай ауылдар да жетерлік. Келешекте осы мәселенің оңтайлы шешімі табыларына үміттіміз.

                                                                                    Нұрперзент Туғанбай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.