Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тірлігі төрге, өндірісі өрге озған өңір

Жамбылдағы жүйелі жұмыстар жан жадыратады

0 197

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында брифинг өткізіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы кеңінен баяндады.

Аймақ басшысының айтуынша, биыл ел Президентінің халыққа арнаған Жолдауларында белгіленген ауқымды реформаларды іске асыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр.
Айталық, 2024 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша облыс экономикасы 4,5 пайызды құрады. Өнеркәсіп, құрылыс, тұрғын үй, сауда, көлік және байланыс салаларында оң динамика қалыптасып, 727,8 млрд. теңгенің өнімі өндірілді.
Өңдеу өнеркәсібінде қосылған құны жоғары тауарларды дамыту және қолда бар шикізатты пайдалану басты басымдық болып қала береді.
Экономикадағы өңдеуші сектордың үлесі 65,4 пайызды құрайды. Өңдеу өнеркәсібінің екі негізгі өсу нүктесі – химия және құрылыс индустриясы.
Жыл басынан бері Жамбыл химия өнеркәсібі 212 млрд. теңгенің өнімін өндіріп, облыс экспортының 77 пайыздан астамын қамтамасыз етті, ал еліміздің химия өндірісіндегі оның үлесі 24 пайызға жуықтады.
Өңірде 13 млрд. тонна қоры бар 48 фосфорит кен орны ашылды. Республикалық бойынша облыс кәсіпорындары 100 пайыз фосфор, 81 пайыз минералды тыңайтқыштар өндіреді.
2030 жылға қарай жылына 1 млн. тоннаға дейін тыңайтқыштар мен жоғары деңгейде өңделген өнімдердің премиум санаттарын өндіруді жолға қою жоспарлануда. Құрылыс индустриясы да экономиканың драйвері. Еліміз бойынша гипстің 87 пайызы, портландцементтің 13 пайызы өңірдегі өндіріс ошақтарынан шығарылады.
Жамбыл облысында қолайлы инвестициялық ахуал да қалыптасуда, мұны өнеркәсіп саласы мен жаңартылатын энергия көздеріндегі ірі жобалар айғақтайды. Мәселен, жыл басынан бері облыс экономикасына 370,5 млрд. теңге инвестиция тартылды. Инвестициялық қоржында 6,5 мың жаңа жұмыс орнын құруды көздейтін 3,3 трлн. теңгенің 80 жобасы бар, оның он тоғызы (2,8 трлн. теңге) шетелдік инвестордың қатысуымен жүзеге асады. Атап айтқанда, ірі серіктестердің қатарында Qazaq Soda (кальцилендірілген сода), EuroChem (минералды тыңайтқыштар), Knauf (гипсокартон), Shagala mining (мыс өндірісі) бар.
10 айдың қорытындысы бойынша 149,7 млрд. теңгеге 21 кәсіпорын іске қосылып, 700 жұмыс орны ашылды. Жобаларды іске асыру барысында заманауи инновациялық технологияларды енгізуге және жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға басымдық берілді.
Инвесторларды өңірдің ірі өнеркәсіптік әлеуеті мен қолайлы географиялық орналасуы қызықтырады, бұл өткізу нарықтарын жедел реттеуге мүмкіндік береді.

Жамбыл облысы еліміздегі жаңартылатын көздерден алынатын электр қуатын ең ірі жеткізушілердің бірі. Шетелдік компаниялармен ынтымақтастық энергетика саласында жаңа перспективаларға жол ашады.
«Total Eren», «Masdar» және «China Power» сияқты әлемдік жетекші компаниялар жалпы қуаты 2,5 ГВт жел электр станциясын салу бойынша жобаларды іске асыруда.
«Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағының аумағында 54 млрд.теңге инвестиция салуды көздейтін «Sаny Renewable Energy» зауытының құрылысы басталды, онда жел генераторларына қажетті құрал-жабдықтар өндіріледі. Жоба импортты алмастыруға және өндірісті өңірде орналастыруға бағытталған.
Аумағы 40 мың шаршы метрді құрайтын заманауи өндірістік үй-жайлар салу жоспарланып, оның 30 пайызы кәсіпкерлермен брондалған. Бұл бизнестің аймаққа сенімін көрсетеді.
Жамбылдық шаруалар 20,8 млрд. теңге субсидия алды. ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында облыс әкімі ауыл шаруашалығы саласының әлеуеті мен мемлекеттік қолдау шаралары жайлы да кеңінен баяндады.
Биыл ауыл шаруашылығы саласын субсидиялауға 24,6 млрд. теңге бөлініп, салаға 14,9 млрд. теңге инвестиция тартылды.
Ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік алқабы 626,7 мың га құрады. Өңірде қант қызылшасынан басқа барлық дақылдар бойынша егін жинау науқаны аяқталып, 3,6 млн. тонна өнім алынды.
600 мың тонна қант қызылшасы жиналып, орташа өнімділігі 650 ц/га құрады. Жиналған өнім Меркі және Ақсу зауыттарына өткізілуде.
Ағымдағы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша 26,2 млн. АҚШ доллардың 134 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімі экспортталды (2023 ж. – 18,2 млн. АҚШ долларға 53 мың тонна).
Қант қызылшасын субсидиялауға жергілікті бюджеттен 3,4 млрд. теңге бөлініп, жыл соңына дейін республикалық бюджеттен 5 млрд. теңге көлемінде қаржыландыру күтілуде.
Биыл ауыл шаруашылығы техникасын лизингке беру бағдарламасы іске қосылып, 3,2 млрд. теңгеге 244 бірлік техника сатып алынды. Нәтижесінде жаңғырту деңгейі 8 пайызды құрады.
Жыл басынан агроөнеркәсіп кешенінде 10,8 млрд. теңгенің 12 инвестициялық жобасы іске қосылып, 163 жұмыс орны ашылды.
СҚО тәжірибесін кеңейту аясында 1 913 басқа арналған 4 тауарлы сүт фермасының құрылысы аяқталуда, олар 2025 жылы пайдалануға беріліп, жылдық сүт өндірісін 15 мың тоннаға ұлғайтады. Сондай-ақ тағы 5 замануи көкөніс сақтау қоймасын (сыйымдылығы 32 мың тонна) іске қосу көзделген.
Бұдан бөлек, жалпы сомасы 8,5 млрд.теңгеге су үнемдеу технологиялары, тері мен жүнді өңдеу, алма шырынын, балалар пюресін, балық және үй жануарлары азығын, фри картобын өндіру бойынша жобаларды іске асыру жоспарланған.
Өңірде тұрғын үй құрылысы да жедел қарқынмен жүргізілуде. Мемлекеттік бағдарламалар аясында Тараз қаласында жаңа шағынаудандар бой көтеріп келеді. Қазір 3 709 пәтерлі 78 тұрғын үй салынып жатыр, жыл соңына дейін 2 024 пәтер (41 тұрғын үй) қолданысқа беріледі. Облыста көпбалалы отбасылар мен халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 23,2 млрд. теңгеге 1 575 пәтер сатып алынды. Сондай-ақ ағымдағы жылы тұрғын үй құрылысы мен пәтер сатып алуға бюджеттен 2 есе көп қаражат бөлінді. Атап айтсақ, 2023 жылы – 23,2 млрд. теңге, 2024 жылы – 40,8 млрд. теңге қаржы берілген. Жалпы құрылыс және сатып алу есебінен халықтың әлеуметтік осал топтары санатындағы 1 963 отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарлануда, бұл өткен жылмен салыстырғанда 75 пайызға артық. Сонымен бірге «Әулие ата жастары» жобасы аясында 140 жас отбасыға баспаналы болу бақыты бұйырады.
Облыс әкімі брифинг барысында көгілдір отынмен қамтамасыз етілмеген Мойынқұм ауданының елдімекендерін газдандыру бойынша ауқымды жобаның бастау алғанын баса айтты.
Жамбыл облысында 285 ауылдық елді мекен (1, 113 млн. тұрғын) көгілдір отынмен қамтамасыз етілген. Ағымдағы жылы 12 жоба аясында 3 елді мекен (5,0 мың адам) газдандырылды. Халық саны бойынша газдандыру деңгейі 91,3 пайызға дейін ұлғайтылды.
Өңірде «Еврохим-Қаратау» автоматты газ тарату станциясының (Сарысу ауданы) құрылысы бойынша жоба іске асырылуда, бұл минералды тыңайтқыштар мен күкірт қышқылын шығару бойынша ірі өнеркәсіптік жобалардың бірін іске асыруға мүмкіндік береді.
Тараз қаласындағы М-1 негізгі жылу магистралі, Қаратау және Жаңатас қалаларында орталық қазандықтар қайта жаңғыртылды. Келесі жылы облыс орталығындағы М-3 жылу желілері мен жылу магистралін қайта жаңғырту жоспарланып отыр екен.
710 шақырым жол құрылыс, қайта жаңғырту, жөндеу жұмыстарымен қамтылды. 2024 жылдың қорытындысы бойынша жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар жолдардың үлесі 99 пайызды, ал елдімекендердегі көшелер бойынша бұл көрсеткіш 87 пайызды құрайды. Бұған қоса Ербол Шырақпайұлы денсаулық сақтау, білім, туризм, тағы да басқа салалардағы атқарылған ауқымды жұмыстарды да тілге тиек етті.
Келесі кезекте аймақ басшысы БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сауалдарға нақты жауаптар қайтарды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.