Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тіркеуі жоқ көліктерге тықыр таянды

Облыста 1676 көлік «ауада» тұр

0 430

Соңғы жылдары елімізде Армения, Ресей, Белоруссия, Қырғызстаннан келген көліктерге қатысты дау шықты. Бұған Ішкі істер министрлігінің елімізге сырттан жеткізілген темір тұлпарларды 10 жұмыс күнінің ішінде тіркеу туралы талабы түрткі болды. Тіпті бірер аптаның бедерінде жүргізушілер «Ресей Федерациясының нөмірімен жүрген автокөліктер тұрақ аумағына жабылмақ» деп дүрлікті.

Бұл мәселенің мән-жайын облыстық әкімшілік полиция басқармасының бастығы Жайдарбек Құттыбаев баспасөз конференциясында жік-жігімен айтып берді. Ол өз сөзінде «Ресейден жеткізілген көліктер тоқтатылып, айыптұраққа жабылады» дегенге алаңдаудың қажеті жоқ екенін ескертті. Яғни Ішкі істер министрлігі атап өткендей, ресейлік нөмірлері бар автомобильдер жол қозғалысы ережелерін бұзбағанша тоқтатылмайды. Жайдарбек Құттыбаев Ресейден келген 120 мыңнан астам автокөлік иесі «Жол жүрісі туралы» Заңда белгіленген талаптарды сақтап отырғанын мәлімдеді. Тиісінше олар ел аумағында бір жылға дейін еркін жүре алады. Ал Ресейде есептен шығарылып, елімізде тіркелмеген автомобильдердің саны 80 мыңға жуық екен. Оның ішінде 1676 көлік құралы облыс аумағында емін-еркін жүр. Бүгінде Жамбыл облысының полиция департаменті «ауада» тұрған темір тұлпарды тізгіндегендерге түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. «Қазақстан Республикасының жол қозғалысы туралы» Заңына сәйкес, елде тек белгіленген тәртіппен тіркелген көлік құралдарының қатынауына рұқсат. Сондай-ақ шетелдік тіркеуі бар автокөлік тізгіндеген азаматтардың заңмен белгіленетін құжаттары және тіркеу растамасы болған жағдайда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің талаптарын сақтай отырып пайдалануына рұқсат берілген. Әрине, олар кеденнен өткеннен кейін елде жүруге рұқсат берілген мерзімнен, яғни бір жылдан артық болмауы тиіс. Не десек те, шет мемлекеттің автокөлігін тізгіндегендер жол ережесін бұзған жағдайда тоқтатылып, арнайы тексеріледі. Сол мезетте көліктің тіркелмегені анықталса, көлік иесіне Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзу туралы кодексінің 590-бабының 2-бөлігіне сәйкес, 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады және автокөлігі айыптұраққа койылады.
– Егер полиция қызметкерлері көлікті себепсіз тоқтатса, автокөлік иесі «102» арнайы байланыс нөміріне немесе 99-76-46 Call-орталығына жүгінсе болады. Биыл он айдың қорытындысы бойынша облыста шетелдік автокөліктердің 13 883 мәрте жол ережесін бұзғаны анықталды. Оның ішінде Ресейден келген көліктер – 8 574, Қырғызстаннан – 4041, Армениядан – 1012 және Белоруссиядан жеткізілген көліктердің қатысуымен 256 рет жол ережесі бұзылды. Сонымен қатар шетелдік автокөлікпен жүрген азаматтар 59 жол-көлік оқиғасына тап болған. Оның ішінде 11 азамат қаза тапса, 112 адам әртүрлі дене жарақатын алған, – дейді Жайдарбек Қадірбекұлы.
Шетелден келген көліктер бір жылдан кейін тіркеуде тұрған мемлекетке кері қайтып, салығын төлеп, техникалық бақылаудан өткен соң ғана Қазақстанға қайта кіре алады. Егер көлік шетелде есептен шығарылған болса, елге келгенде 10 тәуліктің ішінде тіркелуі тиіс. Ол үшін көлік бекітілген стандарттарға сай болуы керек. Соның барлығы жіті тексерілген соң, автокөліктің иесі темір тұлпарының қуаттық күшіне байланысты баж салығын төлеп, тіркеледі. Бұл, әрине, шетелдік көліктердің салық төлемей, елімізде техникалық бақылаудан өте алмайтынына байланысты болып отыр. Ал шетелдік көліктердің сақтандыру полюсі болса, айыппұлды сол арқылы жіберуге болады екен. Бірақ бұл шетелдік көлік тізгіндегендерге қымбатқа түседі.
Қалыптасқан жағдайға байланысты біз тараздықтардың да пікірін сұрап білген едік. Олар бар мәселені баға мен сапаға тіреп отыр. Қазақстанда құрастырылған көліктерді сатып алу қалта көтермеген соң, оны сырттан әкелген тиімдірек болғанын айтуда.
– Шетелдік көліктер Таразда да аз емес. Соның ішінде Армения мен Ресейден келген көліктерді алайық. Аталған елдерде көлік бағасы біздегіден шамамен 20-40 пайызға арзан түседі. Тіпті шетелде шығарылған жылы ескі көліктердің сапасы да біздегіден жақсы. Елдегі көліктердің сапасы мен бағасы көңілден шықпайды. Енді ережеге сәйкес, құны 3 миллион теңге болатын шетелдік көлікті елімізде рәсімдеу үшін кедендік және басқа да салықтарды қосқанда шамамен екі есе қаражат шығаруға тура келеді. Бұл қып-қызыл шығын, –дейді қала тұрғыны Нұрхан Нұрланбек.
Біз осыдан соң автокөлік саудасына арналған сайттарды ақтарған едік, қала тұрғынының пікірімен келіспеске амалымыз қалмады. Тіркеуден өтпеген шетелдік көліктердің бағасы арзан болса, арнайы тіркеуден өткенін алуға әркімнің шамасы келе бермейді. Осы жағдайға байланысты қарсы тарап та ойын білдіруде. Олар заң бәріне ортақ екенін, шетелдік көліктер де салық төлеуге міндетті екенін айтуда. Сондай-ақ жүгенсіз жүргізушілердің жол ережесін қатаң сақтайтынына күмәнмен қарайтындар да бар.
Не десек те, жоғарыда көрсеткен заң талабы шетелдік көлік тізгіндеген азаматтардың бәріне ортақ. Енді тұрғындар сырттан келген көлікті сатып алудан бұрын құжаттарына мұқият болғаны дұрыс. Сондай-ақ Қазақстанда тіркеуге келмейтін, «Еуро-4» экологиялық талабына сай емес және басқару рөлі оң жақта орналасқан көлікті иеленуден аулақ болған ләзім.

Сәндібек Піренов

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.