Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тірегіміз – тәуелсіздік, тілегіміз – тұрақтылық

0 677

Халқымыз қашанда татулықты тұрақтылықтың кепіліне, ынтымақтың бастауына балаған. Қилы замандарда тағдыр тәлкегімен жер ауып келген қаншама ұлт өкілін жатсынбай, бауырына басқаны жоғарыдағы сөзімізді айғақтай түседі. Еліміз егемендік алғаннан кейін де осы игі қасиетінен жаңылмай, түрлі этнос өкілдерімен бір шаңырақтың астында тату-тәтті ғұмыр кешіп келеді.

Бүгінде Қазақ елінде татулығы жарасқан 140-тан астам ұлт өкілдері тұрады. Олардың барлығының жүрегінде бір ел, бір арман, бір сенім және барлығы да осы елмен байланысқан. Әлем елдері қызғана да, қызыға да қарайтын мемлекетіміз көк аспанның астындағы бейбіт өмірінің тұғырын биік ұстауда. Бұған Тараз қаласы әкімдігі мен «Нағыз патриоттар» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен «Тірегіміз – тәуелсіздік, тілегіміз – тұрақтылық!» атты конференцияда тағы бір мәрте көз жеткіздік.
Келелі басқосуға шаһар басшысы Ержан Жылқыбаев қатысты. Шараның кіріспесінде сөз алған қоғамдық бірлестіктің төрайымы Ғалия Әбітаева жиынның мән-маңызына кеңінен тоқталды.
– Қай заманда да қауіпсіздік пен тұрақтылыққа басымдық берген ел саяси-экономикалық өркендеу жолынан табылады. Қазақстанның осы тұрғыдағы ұстанымы қазір көпке үлгі. Алыс-жақын шет мемлекеттермен өзара сенім, тең дәрежелі әріптестік байланысқа негізделген қарым-қатынасы елімізді аймақтағы көшбасшы мемлекетке айналдырды. Соның арқасында тілі басқа болса да тілегі бір, түрі басқа болса да жүрегі бір этнос өкілдері бейбітшілік бесігінде тербелуде. Елбасының да, Мемлекет басшысының да сарабдал саясаты ел ішіндегі ынтымаққа негізделген. Біздің облысымызда да сан түрлі ұлттар мен ұлыстар тұрмыс кешуде. Сондықтан да мұндай жиындардың бізге берері көп, – деген Ғалия Әділқызы шараның өтуіне ұйытқы болған қала әкімдігіне алғысын білдірді.
Бұдан кейін ұлағатты ұстаздар Күлшат Қожатаева, Жеңіскүл Қонысбекова, Шу ауданындағы өнер мектебі директорының орынбасары Зәуре Олжабаева бірлік, ынтымақ, ұлттар арасындағы достық төңірегінде орамды ойларын ортаға салды. Ал Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары ән мен биден шашу шашып, шараның шырайын кіргізді.
Конференция соңында барлық қатысушыларға арнайы сертификаттар, ал «Нағыз патриоттар» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ғалия Әбітаеваға қала әкімінің Алғыс хаты мен ықылас гүлі табыс етілді.

Құрбанәлі Аманкелдіұлы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.