Қалалық қоғамдық-саяси газет

Өтініш жауапсыз қалмайды

0 276

«109» қызметіне жарты жылда 25 мыңнан аса өтініш түскен.

Зере ҚУАНЫШ

Бұл туралы бүгін ӨКҚ ақпарат алаңында облыстық бірыңғай диспетчерлік қызмет басшысы Бақкелді Тұрысбек айтты. Спикердің айтуынша, бірінші жартыжылдықта «Jambyl 109» қызметіне түскен өтініштердің 21 961-і уақытылы орындалған. Ал 2419 өтініш мерзімінен кешігіп орындалған, 409-ы әлі күнге өз шешімін таппай отыр. Ал қалған 133-і назарға алынып, іске асырылу барысында екен.

– «Jambyl 109» қызметі 24 сағат үздіксіз жұмыс істейді. Өтініштердің 70 пайызы қоңырау шалу арқылы, 10%-ы мобильді қосымша жүйесінде, қалған 20%-ы әлеуметтік желілердің еншісінде. Қазіргі уақыттың өзінде «Jambyl 109» қызметіне Тараз қаласы бойынша 11 151 өтініш түсіп, оның 10 381-і шешімін тапқан. Қазіргі уақытта «Jambyl 109» қызметі 1000-нан аса қызмет түрі бойынша 300-ден аса мекемемен меморандумдық келісім бойынша бірлесе жұмыс атқарып келеді. Аса көп түсетін өтініштер түрі электр энергиясының өшуі, құдықтар мен люктердің ашық қалуы, арықтарды тазалау, балалар алаңшалары мен оқыту жүйесі, медицина мен екпе салуға байланысты. Сонымен қатар әлеуметтік салалар да қамтылады. Мемлекеттің соңғы шыққан қаулылары бойынша да ақпараттандырып отырады, – деді Бақкелді Тұрысбек.

Сонымен қатар спикер брифинг барысында бекітілген ереже бойынша өтініштерді адам өміріне қауіптілігі мен қажеттілігіне байланысты өзіндік шешу мерзімі бар екенін түсіндірді. «Мысалы, ашық құдықтар мәселесін жабуға бір күн ғана беріледі. Шағымдар мен ұсыныстарға 7-ден 15 күнге дейін, өтініштердің басқа түрлеріне жүйеде өтініштердің күрделілік деңгейіне байланысты автоматты түрде белгілі орындау мерзімін қояды», – деді ол.

Aйта кетейік, «Jambyl 109» қызметі биыл ақпан-наурыз айларында Жамбыл облысының аудандары бойынша оқыту жұмыстарын жүргізді. Оқыту жұмыстарының барысында меморандумдық келісім бойынша 300-ден аса мекемемен, оның ішінде басқармалар, жергілікті атқарушы органдар және ұйымдармен бірлесіп жұмыс атқарып келеді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.