Қалалық қоғамдық-саяси газет

Өтініш-тілек жерде қалмайды

0 210

Қала әкімі Айтқазы Қарабалаев №31 орта мектепте №3 аумақтық округ тұрғындарымен кездесіп, олардың ұсыныс-тілектерін, мұң-мұқтажын тыңдап, көкейіндегі сұрақтарына жауап берді. Жиында аумақтың бас инспекторы Болат Баудинов округтың қордаланған мәселелерін баяндады.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Сәкен Абжапаров

– Көкейлеріңізде жүрген сауалдарыңызды қойып, түйіткілді мәселелеріңіз болса тыңдап, шешімін табу мақсатында алдағы міндеттер мен негізгі бағыттарды айқындау үшін жиналып, жүзбе жүз кездесіп отырмыз. Алға қойған міндет-мақсаттарды сіздердің өтініштеріңізге қарай бірлесіп шешуге тырысамыз. Сіздерді тыңдап қана қоймай, әрбір мәселеге тереңнен үңіліп, тілектеріңізге құлақ асып, қолдан келгенше орындауға дайынбыз, – деп ағынан жарылған қала әкімі алғашқы сөзді осы аймақтың бас инспекторы Болат Баудиновқа берді.
Аумақтағы шешімін табуды қажет ететін бірқатар мәселелерге тоқталған округтың бас инспекторы 1963 жылы салынған №31 мектептің елу жылдан бері күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмегеніндіктен жөндеуді қажет ететіндігін айтты. Тазалық – денсаулық кепілі екені аян. Осыны ескергендіктен, көпқабатты үйлердің алдындағы күл-қоқыстардың жиналмауы, арықтардың жаңғдайы да көңіл көншітпей тұр. Сонымен қатар талдарды кесу, кәсіпкерлік нысандардың иелерін тәртіптік жауапкершілікке тарту керектігі де назардан тыс қалмады. Бас инспектор бәрінен де оқушылардың мектепке барар жолына асфальт төсеу қажеттігі, автобустардың қозғалысы басты мәселе екендігін қадап айтты.
Қала әкімі Айтқазы Қарабалаев түйіткілді мәселелерді шешу бойынша атқарылып отырған жұмыстар туралы тиісті бөлім басшыларынан сұрады. Өз кезегінде бөлім басшылары келесі жылға 184 көшенің жолдарын асфальттауға және 48 көшенің жарығына жобалық-сметалық құжаттардың жасалғандығын хабарлады.
Арық-атызға қоқыс толғандықтан су жүрмейді екен. Оның үстіне бұл аймақта су жүретін арық тапшы. Мәселенің жауабы ретінде жоба 2020 жылдың жоспарына еніп, алдағы уақытта шешімін табатыны айтылды. Көпқабатты тұрғын үйлердің алдындағы күл-қоқысты шығару үшін осы аймақты мекен еткен жандардың өздері де тазалықты сақтауға атсалысуы қажеттігі, тіпті міндетті екендігі жиналған тұрғындардың өздеріне ескертілді. Ал №32 бағытқа қосымша автобустар бөлу мәселесін шешу үшін тасымалдаушы мекемелермен келіссөздер жүргізілгендігі туралы ақпарат тұрғындарға қуаныш сыйлады.
Сүлейменов көшесінде орналасқан ақын Сергей Есениннің ескерткішінің айналасын көгалдандырып, істен шыққан су бұрқақты алып тастау, немесе ауыстыру мәселесі көтерілді. Қала әкімі Айтқазы Дәулетқұлұлы кездесу барысында көтерілген барлық мәселелер шешімін табатынына уәде беріп, азаматтардың өтініш-тілектері әкімдік тарапынан бей-жай қалдырылмайтынын қадап айтты.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.