Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Тілсіз жаумен күрес толастамайды

0 115

Құтқарушы – өмiрді тәуекелмен байланыстыратын қауіпті мамандықтардың бірі. Сондықтан қай уақытта болсын, құтқарушы мамандығының мәртебесі биік. Өйткені олар адам өмірін құтқарумен айналысады.

Су тасқыны, өрт, табиғи апаттар, тіпті қарапайым тұрмыстық мәселелерде де ең әуелі біз 112 нөмірін теріп, құтқарушылардан көмек сұраймыз. Қиындыққа қарамастан, олар зардап шеккендерге алғашқы жәрдем көрсетіп, еш тайсалмастан лаулаған оттың ортасына кіреді, қансыраған адамды құтқарып, қатыгез қыстың аязында қалғандарға қол ұштарын созады. Олардың бұл ісі ерлікпен тең.

Төтенше жағдай кезінде жұмыстың дұрыс үйлестірілуі және ұжымның ауызбіршілігі аса маңызды. Батыл мамандар елдің кез-келген жеріне жедел көмекке келуге дайын. Адам өміріне қауіп төнген уақытта еш кідіруге болмайды. Бұл қатарда тараздық Төтенше жағдайлар басқармасына қарасты мекемелердің қызметкерлері де бар. Олар күн сайын халық арасында профилактикалық жұмыстар жүргізуде.

Іс-шаралар барысында мамандар тұрғындарға электр құралдарын пайдалану ережелерін түсіндіріп, балаларды қараусыз қалдыруға және рұқсат етілмеген жерлерде шомылуға болмайтынын еске салады. Сондай-ақ жазатайым оқиғалардың алдын алу бойынша ұсыныстар айтылды.

Өздеріңіз білетіндей, өрттердің саны әсіресе жаздың ыстық күндерінде артады. Өкінішке қарай, табиғатта демалатын кейбір адамдар құрғақ бұтақтарды жинап, от жағып, балық аулап тамақ пісіргеннен кейін отты сөндірмейтіндіктен бұл үлкен орман өрттеріне әкелуі мүмкін. Сондықтан халық «от – тілсіз жау» деп бекер айтпаған.

Осыған байланысты Тараз қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдығына орай «Құтқарушы-блогер» атты ерекше іс-шара өтті.

Сонымен бірге Тараз қаласының Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері мұнай базалары, автожанармай құю және газ толтыру станцияларында профилактикалық іс-шаралар жүргізді.

Шара барысында нысан өкілдерімен өрт және жарылыс қауіпсіздігі талаптарын сақтау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, ұсыным хаттар табысталды.

Бұған қоса өрт сөндірудің бастапқы құралдарының жағдайына, эвакуациялық шығу жолдарына, өртті анықтау және хабарлау автоматикасына, сондай-ақ жанғыш және жарылыс қаупі бар заттармен жұмыс істеу кезіндегі технологиялық сақтану жолдары көрсетілді.

Жалпы, мұндай іс-шаралар төтенше жағдайлардың алдын алуға және адамдардың өмірін сақтауға мүмкіндік береді. Дегенмен, қауіпсіздік – әр адамның өз жауапкершілігінен басталатынын ұмытпаған жөн.

 

Карина КАРТАШОВА,

облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі,

азаматтық қорғау аға лейтенанты

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.