Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тілсіз жаумен күрес қарқынды жүруде

0 477

Қазақта «Апат айтып келмейді» деген сөз бар. Табиғи апаттардың ішіндегі адамдардың өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға зиян тигізетін алапат апаттың бірі – өрт. «Өрт – тілсіз жау» деп бекер айтпаған. Айтып келмейтін апат табиғи қалыптасқан тепе-теңдікті бұзады, табиғатымыздың таптырмас байлықтарына үлкен зиян келтіреді. Сол себепті қоршаған ортаны тілсіз жаудан қорғау қажет.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, елімізде өткен жылдың 10 айында 9 057 өрт тіркеліп, 284 адам қызыл жалынның құрбаны болған. Ал өткен жылдың 9 айында облыс аумағында 611 өрт тіркеліп, салдарынан 15 адам қаза тауып, 14 адам жарақат алып, материалдық шығын 159 миллион 83 мың теңгені құраған.
Өкінішке орай, осындай оқыс жағдай біздің шаһарымызда да жиі орын алады. Айталық, жыл басынан бүгінгі күнге дейін қала аумағында 84 өрт оқиғасы тіркеліп, өкінішке орай, өрт салдарынан 1 адам қаза тауып, материалдық шығын 14 миллион 855 мың теңгені құраған.
Дегенмен өткен жылмен салыстырғанда өрт саны 8% төмендеген, өкінішке орай, өрттен келген материалдық шығыны 31% көбейген және өрттен қаза болғандардың саны 1 оқиғаға төмендеген.
Тараз қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы Еркебұлан Шарипбаевтың айтуынша, оқыс жағдайлардың орын алу себебі тұрғындардың абайсыздығынан туындайды.
– Өрттердің шығу себебінің басым бөлігі тұрмыстық электр тоқ сымдарының қысқа тұйықталуынан – 36, тұрмыстық электр құралдарын пайдалану кезінде – 7, тұрғындардың отпен абайсыз болуынан және мас күйінде темекі шегу – 21, қасақана от қоюдан – 5, пештерді орнату және пайдалану кезіндегі – 6, балалардың отпен ойнауынан – 4, қоқыс жағу кезінде 5 өрт туындады. Тараз қаласы аумағында барлық орын алған өрттер оқиғасы бойынша ҚР ӘҚБ кодексінің 336 және 410/1 баптарына сәйкес, өрт талаптарын сақтамаған жеке және заңды тұлғаларға 70 әкімшілік толтырылды, оның ішінде 12 хаттама толтырылып, жалпы сомасы 443,040 теңгені құрайтын айыппұлдар салынып, 58 ескерту берілді.
2023-2024 жылдардың жылыту маусымында Тараз қаласы аумағында тұрғындармен жылыту пештері мен газ қондырғысын пайдалану кезінде улы газбен улану оқиғаларының 2 фактісі тіркеліп, улану салдарынан 1 бала қаза болды, 1 ересек адам және 1 бала зардап шекті, – дейді маман.
Оның айтуынша, ағымдағы жылдың басынан басқарма қызметкерлері, қала әкімдігінің мамандары, жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері, «КазТрансГаз Аймақ» АҚ мамандары, пәтер иелері кооперативтерінің (КСК) төрағалары және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен Тараз қаласы аумағында тұрғын үй секторларында, қаланың көпқабатты тұрғын үйлерде және жатақханаларда өрт қауіпсіздігін сақтау мақсатында тұрғындармен жылыту пештерін, газ қондырғысын пайдалану кезінде және тұрмыстағы өрт қауіпсіздігін сақтау бойынша 125 600 тұрғын үй араланып, 266 240 тұрғынға өрт қауіпсіздік тақырыбында жадынама, ескертпелер таратылып, өрт қауіпсіздік талаптарын сақтау ережерін түсіндіру жөнінде үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді.
– Сонымен қатар Жамбыл облысы төтенше жағдайлар департаментінің «Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесімен бірлесіп Тараз қаласы №1, №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімдерінде және №3, №4 өрт сөндіру бөлімдерінде 32 ашық есік күндері өткізілді және өрт сөндірушілерге жалпы Тараз қаласы әкімдігі білім бөлімінің орта мектебі және гимназияның 1 340 оқушысының қатысуымен экскурсия ұйымдастырылды және жыл басынан «Mart» сауда-ойын сауық орталығында төтенше жағдайлар басқармасының ұйымдастыруымен халықтың назарына өрт қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша флешмобтар ұйымдастырылды. Сондай-ақ өрт қауіпсіздігі тақырыбында қалалық бұқаралық ақпарат құралдарында 955 материал жарияланды, оның ішінде телеарна арқылы 27 сұхбат берілді, радио арқылы 32 сөйлеу жүргізілді және адамдар көп жиналатын базарлар мен сауда орындарында дауыс күшейткіш құралдары арқылы 769 сөйлеу жүргізілді, баспа басылымдарға және электрондық ақпараттық агенттіктерде 127 мақала жарық көрді, – дейді Еркебұлан Мұхитұлы.
«Апат айтып келмейді» дегендей, өрт те ойламаған жерден орын алады. Айталық, ағымдағы жылы наурыз айының 11-і күні шаһар төріндегі «Омар ата» базарының аумағында орналасқан қойма-жайларында өрт оқиғасы орын алған болатын. Жалын 350 шаршы метр аумақта орналасқан 5 қойманы шарпыды. Онда азық-түлік пен тұрмыстық химиялық тауарлар сақталған. Оқиға болған жерге 13 арнайы техника мен 40 құтқарушы жеткен. ТЖД өрт сөндіруші-құтқарушыларының күшімен қызыл жалын сағат 10.45-те оқшауланып, сағат 12.46-да жойылған болатын. Нәтижесінде, ғимараттар мен жақын маңдағы құрылыстардың аумағына өрттің таралуына жол берілмеді. Сондай-ақ өрттен қаза болғандар мен зардап шеккендер тіркелмеді.
Осыған байланысты сауда үйлерде, базарларда жеке кәсіпкерлермен, газ шаруашылығы, жобалау ұйымдары, көше және тұрғын үй кооперативтер төрағалары мен қала әкімінің бас инспекторлары, мүдделі мемлекеттік органдардың басшылары, көліктік инфрақұрылым өкілдерімен өрт қауіпсіздігін сақтау тақырыбында 6 дөңгелек үстел өткізілді. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп өрт қауіпсіздігі тақырыбында 4 баннер орнатылып, сауда орталықтарында, ХҚКО-да телеарналық экрандарда, сонымен қатар «Авторадио FM» өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау шаралары ұйымдастырылды, мұндай іс-шаралар алдағы күнде де өз жалғасын таппақ.
Жалпы түрлі сипаттағы төтенше жағдайлар немесе өрт оқиғалары кезінде өрт сөндіруші құтқарушылар өздеріне тиісті аумақтағы ғимараттың құрылыстық ерекшелігін нақты білуі тиіс. «Сақтықта қорлық жоқ» демекші, төтеншеліктер қала тұрғындарына газ және электр құралдарын пайдалану барысында қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтап, балалардың отпен ойнауына жол бермеулерін қадағалауға кеңес береді. Сонымен бірге өрт немесе төтенше жағдай туындағанда уақыт оздырмай, шұғыл түрде «101» және «112» телефон нөмірлеріне қоңырау шалу қажеттігін еске салады.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.