Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тілсіз жау түңілдірмесін десек…

0 458

Адамзат жаратылғаннан бері әртүрлі табиғи апаттарды басынан өткеріп, Табиғат-ананың қаншама сұрапыл, жойқын, бұзушы күштеріне куә болып келеді. Сондықтан да халқымыз өрт пен суды тілсіз жау санаған. Осындай оқыс жағдайдың алдын алу үшін Тараз қаласы төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері қарқынды қызмет көрсетуде.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, елімізде өткен жылы 12 мыңға жуық өрт оқиғасы тіркелген болса, тілсіз жау салдарынан 300-ден астам тұрғын ауыр жарақат алып, 375 адам қайтыс болған.
Айтып келмейтін апат шаһарымызда да жиі орын алады. Айталық, өткен жылы 115 өрт тіркеліп, салдарынан 3 адам қаза тапқан болатын. Ал жыл басынан бүгінгі күнге дейін қала аумағында 118 өрт шыққан. Өкінішке қарай, қызыл жалын салдарынан 1 адам ажал құшып, келтірілген материалдық шығын 25 миллион 770 мың теңгені құраған болатын.
Тараз қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы Еркебұлан Шарипбаевтың айтуынша, шаһарда оқыс жағдайлардың алдын алу үшін тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп тұрады.
– Ағымдағы жылдың 18 қаңтарында Тараз қаласы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аумағында қаладағы А.Гайдар атындағы №35 орта мектебінің оқушыларымен ашық есік күні өтті. Аталған өрт сөндіру бөліміне бас сұққан балаларға өрт сөндіруші-құтқарушылар аталған қызмет жөнінде кеңінен әңгімеледі. Негізгі өрт сөндіру техникалары мен авариялық құтқару жарақтары, жауынгерлік киімдер, тыныс алуға қолайсыз ортада қолданылатын «MSA AUER» аппараттарымен таныстырып, оны өрт кезінде қалай қолданатындығы жөнінде түсіндірді.
Өкініштісі сол, тұрғындарға қаншама рет ескерту жасап, қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтауды сұранып жатсақ та, адами факторлардың салдарынан тұтанатын қызыл жалынның алдын алу мүмкін болмай отыр. Мәселен, 11 наурызда Тараз қаласы «Омар ата» базарының аумағында орналасқан қойма-жайларда өрт шықты. Тілсіз жау сағат 10:45-те оқшауланып, сағат 12:46-да жойылған болатын.
Сол секілді 2023-2024 жылдардың жылыту маусымында Тараз қаласы аумағында тұрғындармен жылыту пештерімен газ қондырғысын пайдалану кезінде улы газбен улану оқиғаларының 2 фактісі тіркеліп, улану салдарынан 1 бала қаза болды. 1 ересек адам және 1 бала зардап шекті. Жалпы осындай жағдайлардың алдын алу үшін Тараз қаласы төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері ағымдағы жылдың 6 айы ішінде өрт қауіпсіздігі және қысқы жылыту маусымында өрттердің және улы газбен улану оқиғаларының алдын алу мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарында 1 400-ден астам материал жариялады, – дейді маман.
Оның айтуынша, өрттердің шығу себебінің басым бөлігі тұрмыстық электр тоқ сымдарының қысқа тұйықталуы, тұрғындардың отпен абайсыз болуынан және мас күйінде темекі шегу, қасақана от қоюдан, пештерді орнату және пайдалану кезіндегі абайсыздық, балалардың отпен ойнауынан, қоқыс жағу салдарынан туындайды.
Сонымен бірге осы жылдың басынан басқарма қызметкерлері, қала әкімшілігінің мамандары, жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ мамандары, пәтер иелері кооперативтерінің (КСК) төрағалары және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен Тараз қаласы аумағында тұрғын үй секторларында, қаланың көпқабатты тұрғын үйлерде және жатақханаларда өрт қауіпсіздігін сақтау мақсатында тұрғындармен жылыту пештерін, газ қондырғысын пайдалану кезінде және тұрмыстағы өрт қауіпсіздігін сақтау бойынша жадынама, ескертпелер таратылып, өрт қауіпсіздік талаптарын сақтау ережелерін түсіндіру жөнінде үгіт-насихат жұмыстары жүргізілген.
– 6 шілде күні Тараз қаласы төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері жергілікті полиция қызметкерлерімен бірлесіп қала аумағында орналасқан «Құмшағал» алқабының «Шерстяник», «Водник», «Казмонтажавтоматика» кооператив тұрғындарына өрт шығуының ықтималдығы жоғары маусымда «Тұрмыстағы өрт қауіпсіздігін сақтау», «Балалардың отпен ойнамауы», «Судағы қауіпсіздік» тақырыптарында профилактикалық іс-шара жүргізді. Рейд барысында үй тұрғындарына өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау, үй ауласындағы қураған шөптерді ору және өрт қауіпсіздігі ережелері бұзылған жағдайда не болатыны туралы нақты мысалдар берілді. Тұрғындарға табиғи газбен улану жағдайларын қалай болдырмауға болатыны, тұрмыстық электр аспаптары мен электр сымдарының жұмыс істеу ережелері туралы нұсқаулар берілді. Профилактикалық іс-шара барысында 350 үй араланып, мыңнан астам тұрғынға жадынамалар таратылды.
Сонымен қатар Жамбыл облысы төтенше жағдайлар департаментінің «Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесімен бірлесіп Тараз қаласы №1, №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімдерінде және №3, №4 өрт сөндіру бөлімдерінде ашық есік күндері өткізілді. Онда өрт сөндірушілер Тараз қаласы әкімдігі білім бөлімінің орта мектептері және гимназиялары оқушыларының қатысуымен экскурсия ұйымдастырылды. Сондай-ақ жыл басынан «MART» сауда-ойын-сауық орталығында төтенше жағдайлар басқармасының ұйымдастыруымен халықтың назарына өрт қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша флешмобтар ұйымдастырылды, – дейді Еркебұлан Мұхитұлы.
«Сақтықта қорлық жоқ» демекші, төтеншеліктер қала тұрғындарына газ және электр құралдарын пайдалану барысында қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтап, балалардың отпен ойнауына жол бермеулерін қадағалауға кеңес береді. Сонымен бірге өрт немесе төтенше жағдай туындағанда уақыт оздырмай, шұғыл түрде «101» және «112» телефон нөмірлеріне қоңырау шалу қажеттігін еске салады.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.