Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тілшілер Тараздағы толайым тірліктерге таңдай қақты

0 335

Тотыдай түрленіп, сұңқардай сыланып келе жатқан Тараз қаласының бүгінгі келбеті көрген жанды тамсандырмай қоймайды. Өзгеше түрге енген саябақтар, абаттанған аулалар, тақтайдай тегіс жолдар, жарқыраған көшелер мен заманға сай бой көтерген еңселі ғимараттардың барлығы тұрғындарды қуанышқа бөлеуде. Бұл өз кезегінде туризмнің де түтінін тік ұшыруда. Иә, осылайша көне шаһардың келбетін айшықтау бағытындағы жұмыстар бір сәтке де толастаған емес. Бұған Тараз қаласы әкімдігінің медиа орталығының ұйымдастыруымен өткен баспасөз турында тағы бір мәрте көзіміз жетті.

Жағалау жаңа кейіпке енуде

Алдымен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері «Үшбұлақ» арнасының жағалауына аялдады. Жағалау жуық арада жаңаша жаңғырып, басқаша кейіпке еніп, жарқырай түспек. Қазіргі таңда мұнда қамыстарды шабу, канал мен жағалауды қоқыстан тазарту, өтімсіз бетон құрылымы мен қоршау плиталарын бөлшектеу, ағаштарды кесу және тамырларды жұлу бойынша қыруар жұмыс атқарылған. Бұдан бөлек, алдағы уақытта сол жағалауда ені 2 метрлік жаяу жүргіншілер жолы салынып, көлден Қонаев көшесіне дейінгі жол асфальтталмақ. Осы жағалаудың «Зербұлақ» арнасына дейінгі келбеті түгелдей өзгереді. Екі араны жалғап тұрған аспалы көпірдің де жөнделіп, түрленетін күні жақын.
«Зербұлақ» арнасының жағалауында да құрылыс жұмыстары қызу жүргізіліп жатқанын аңғардық. Ол жақта аквапарк сынды көптеген демалыс орындары бой көтеретін болады. Сонымен қатар арнаның топырақ беткейлерін арнайы құралдармен нығайтып, олардың орнына көгалдар мен жас ағаштар отырғызылады. Нысан жобасына сәйкес спорт пен балалар алаңдары тұрғызылып, шағын сәулет нысандары да салынады. Шаһар тұрғындары мен қонақтарының естелік суретке түсуі үшін арнайы фотоаймақ та орналастырылмақ. Мұнда жыл санау жүйесіндегі жануарлардың мүсіндері, өзге де тартымды дүниелер қойылады деп күтілуде. Бұл да шаһардың шырайын кіргізіп, көркін ашатыны сөзсіз. Осы орайда бұл нысанды «Қазфосфат» ЖШС «Таразға тарту» жобасы аясында іске асырып жатқанын айта кеткен жөн. Жоба құны 350 миллион теңгені құраған жағалаудың құрылысын жергілікті компаниялар жүргізуде. Осылайша күні кеше ғана жан-жағын қамыс басып, күл-қоқысқа толып жатқан жағалау таяу күндері шаһардағы әсем нысандардың қатарын толықтырмақ. Тараздықтардың сейілдеп, бой жазатын демалыс орнына айналатын нысан қараша айының соңында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

Абаттандырылған аулалар қала көркін ашуда

Қазіргі таңда шаһарда аулаларды абаттандыруға да барынша мән берілуде. Айталық, жоспарға сәйкес қалада биыл 14 балалар алаңы салынбақ. Ал үш жылдық меже бойынша облыс орталығының аумағында 150 ауланы абаттандыру көзделуде. Осы орайда баса айта кетерлігі, бұл тек орталықтағы көшелерді ғана емес, шет жақтағы аумақтарды да қамтымақ. Қазіргі таңда биылға межеленген 14 ауланың 5-і толығымен аяқталса, 9-ы таяу күндері ел игілігіне берілетін болады. Мәселен, біз көзімізбен көрген Сағындықов көшесінде орналасқан көпқабатты үйлердің ауласында бой көтерген ойын алаңшасы – соның бір көрінісі. Тұрғын үй салынғалы бері бұл жердің ауласы ешқашан абаттандырылмаған екен. Құны 20 миллион теңге тұратын ойын алаңында кішкентай бүлдіршіндерден бастап ересектердің де салауатты өмір салтымен айналысуына бар жағдай жасалған. Бұл игі іске аула тұрғындары да шексіз ризашылығын білдіруде.

26 көше тақтайдай тегіс болады

Бүгінде шаһардағы жолдарды жөндеуге де ерекше екпін түсіріліп, басты назарға алынған. Бұған И.Панфилов көшесіне барғанда қаныға түстік. Деректерге сүйенсек, қазіргі таңда Тараз қаласының көшелерін орташа жөндеу жөніндегі 2021 жылға арналған жұмыс жоспары аясында 26 көше мен оған іргелес тұйық көшелерді жөндеу қолға алынған.
– Үш жылдық жоспарға сәйкес, облыс орталығының аумағында 150 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Оның ішінде 26 жоба биылға белгіленген. Оның 4-іне қалалық бюджеттен, 22-сіне облыстық қазынадан қаржы қаралған. Қазіргі таңда бұлардың 7-8-і ғана толық аяқталмай отыр. Бірақ құрылыс жұмыстары басталып, қарқын алуда. Оларды қазан айының соңына дейін толығымен тәмамдаймыз, – дейді қалалық тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Зият Тұрсынұлы.

«Еllin shoes»-та ең сапалы аяқ киімдер тігіледі

Облыс орталығында жеңіл өнеркәсіп саласы да кеңінен дамуда. Мұны «Еllin shoes» ЖШС-іне ат ізін салғанда аңғардық. Табиғи былғарыдан және теріден жасалған ерлер модельдік аяқ киім өндірісін жолға қойған кәсіпорынның жалпы ауданы 450 шаршы метрді алып жатыр. Осында еңбек ететін 10 қызметкердің күшімен жылына 50 мың жұп аяқ киім тігіледі екен. Кәсіпорын иесі Юлия Починоктың айтуынша, 2016 жылы жұмысын бастаған өндіріс орнының аяқ киімдеріне сұраныс жылдан-жылға артуда. Соған орай өнім көлемін арттырып, кәсіпорынды кеңейту жоспарланып отыр.
– Мен өзім осындағы Тараз тері комбинатында біраз жыл жұмыс істегенмін. Аяқ киім тігудің технологиясын сол жерде үйрендім десем болады. Кейін өз кәсібімді ашуға бел будым. Құрылтайшымыз – грек азаматы Периклис Скумприс. Әрине, бізге шет мемлекеттерде де осы бизнесті бастауға болар еді. Бірақ біз Қазақстанды таңдадық. Өйткені мұнда кәсіппен айналысамын деген жандарға барлық жағдай жасалған. Ал бұл бизнесіміздің қарыштауына жол ашып отыр. Қазіргі таңда кәсіпорын тауарлары «Kimex», «Grand Bazaar» сынды сауда үйлерінде сатылымға шығарылуда. Бұдан бөлек, көптеген мекемелермен келісімшарт жасасып, бірлесе жұмыс атқарудамыз. Арнайы тапсырыспен де аяқ киім тігеміз. Егер сіз тура осы өндіріс басынан аяқ киім сатып алатын болсаңыз, оның бағасы 20-25 мың теңге аралығында болады. Бұл баға 5 жылдан бері өзгерген емес. Ал енді тауар өзге дүкендерге жеткенде, оның құны сәл қымбаттау болатыны анық. Сол үшін де көпшілігі аяқ киімді осы жерден сатып алғанды жөн көреді. Тағы бір айта кетерлігі, қажетті шикізаттың барлығы – отандық өнім. Оның ішінде жамбылдық елтірілер де жетерлік. Сондай-ақ бүгінгі таңда Қарулы күштер қызметкерлерінің етіктерін тігуді де қолға алдық. Бұдан бөлек, жасөспірімдерді де осыған баулудамыз. Жергілікті кәсіптік оқу орындарынан көптеген жастар бізге өндірістік іс-тәжірибеден өтуге келеді. Соларды мейлінше үйретіп, жаңа технологиялардың қыр-сырын меңгертеміз. Қазір біз бұл нысанды жалға алып отырсақ, келешекте өз кәсіпорнымыздың іргетасын қалауды жоспарлап отырмыз. Бұл бағыттағы жұмыстар басталып та кетті, – дейді кәсіпорын басшысы.

Шалғай Қарасудағы білім ордасы

Мектеп тапшылығын жойып, балаларды сапалы біліммен қамтамасыз ету мәселесі де қашанда өзекті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та өзінің биылғы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында 5 жылдың ішінде ел бойынша 1000 мектеп салуды міндеттеген болатын. Бұл бағыттағы жұмыстар облыс орталығында әлдеқашан басталып кеткенін «Шалғай Қарасу» алқабында жаңадан бой көтеріп жатқан білім ордасын көргенде анық байқадық. Жобаға сәйкес сыйымдылығы 600 орынға шақталған білім беру ордасының жалпы сметалық құны 2 237 807 мың теңгені құрап отыр. Облыстық құрылыс басқармасының тапсырысымен салынып жатқан білім ошағының бас мердігері – «Темір-Строй Сервис и КО» ЖШС.
Өткен жылдың мамыр айында басталған құрылыс жұмыстары биыл желтоқсан айында аяқталады деп жоспарлануда. Жаңа мектеп қолданысқа берілсе, «шалғайқарасулықтар» ғана емес, «Шаңырақ» алқабы тұрғындарының да қуанатын күні жақын. Өйткені аталған білім ордасы «шаңырақтық» балғындарды да қамтымақ.

«Асарлатып үй салудан» да алдамыз

Былтыр облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен «Асарлатып үй салу» жобасы қолға алынған болатын. Соның нәтижесінде өткен жылы облыс бойынша 101 үй пайдалануға берілсе, оның 2-і Тараз қаласына тиесілі. Жемісті жоба биыл да өз жалғасын табуда. Жоба аясында «Шалғай Қарасу» алқабы маңынан 15 үй тұрғызылуда. Баспаналардың барлығына инфрақұрылым жүйелері тартылып, бар жағдай жасалатын болады. Үйлер демеушілердің жәрдемімен салынып, оған күрделі жөндеуден өткізілген ғимараттардан артылған құрылыс материалдары да қолданылуда. Бір типтес, 3 бөлмеден тұратын баспаналар қазан айының 15-іне дейін толығымен ел игілігіне ұсынылады деп күтілуде.

Міне, осылайша биыл Тараз қаласында ауқымды жобалар қолға алынып, көпті қуантуда. Бұл, ең бірінші, тұрғындардың тұрмысын түзеп, әлеуметтің әлеуетін арттыру үшін жасалып жатқан дүние екені белгілі. Енді тек жоспарлы жұмыстар межелі уақытында бітіп, ел игілігіне берілсін деп тілейміз.

Құрбанәлі Шахабай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.