Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тілі жоқтың дымы жоқ

0 336

Біз әдетте тіліміз шұбарланды деп жатамыз. Алайда тіл шұбарлығын тек өзге тілдің қолданылуы арқылы ғана өлшеп келдік. Шын мәнінде, тіл шұбарлығы ол өз тіліңе өзге тілді араластырып сөйлеу ғана емес қой. Ол, бірінші кезекте, тіл тазалығының бұзылуы. Ендеше, біздің тіліміз шынымен шұбарланып кетті ме? Біз тіпті өзіміз айтып жүрген кейбір сөздердің байыбына барып, мағынасын толық түсінеміз бе? Осындай оймен біз Тараз қаласының саябақтарын аралап, «МАRT» сауда кешеніне бардық. Онда жүрген балалардан «Тайлақ деп нені атайды?» дегенімізде, балалардың көбі оны білмейтін болып шықты. Ал «Асық деп нені атайды? Оның ішінде сақа деп нені атайды?» дегенімізде де, талай бала тосылып қала берді. Ішінен бір-екеуі «Алтын сақа ма?» деп өзімізге сұрақ қойды. Атын біледі, бірақ ұстап көрмепті. Жарайды, олар ауылда өскен жоқ, қалада өсті делік. Оған кім кінәлі? Әрине, ұлттық тамырдан соларды алшақтатқан өзіміз кінәліміз.

Шапағат ӘБДІРҰЛЫ

Біз «қазақ тілі – бай тіл» деп мақтанып айтқанды жақсы көреміз, ал онда не үшін мемлекет байлықтарын қазақша атамаймыз? Біздің әлгінде ғана сөзге бай тіл деп мақтанған қазақ тіліміз Петропавл, Павлодар деген қала атауларын қазақшалауға жарамай отыр. Біз алдымен тілдің қолданылу заңдылықтарына бармай-ақ, жай ауызекі сөйлеу мәнеріне мән беріп көрейікші. Тілдің тұрмыстағы қолданылу аясына назар аударып көрсек, біздің бай тіліміз өз заңымен өзін қорғай алмай батпаққа батып бара жатқандай. Олай дейтініміз, ауызекі сөйлегенде кешегі бабаларымыздың аузындағы шешендік өнерден әлдеқайда алыс қалдық. Бүгін сол бабалардай жұмбақтап, оның түпкі мәнін іздеп, түсінетін де, айтатын да адам жоқ. Қазақ тілінің байлығының бір парасы ол адамға, жерге ат қою дәстүрі дер едік. Тіпті біздің ат қою дәстүріміз де Ислам дінінің келуінен бұрын және кейін деп екі дәуірге бөлінетін сыңайлы. Олай дейтініміз, түрік дәуіріндегі адам аттары Тоныкөк, Күлтегін деп келетіні бәрімізге аян. Бұлар не үшін Ахмет, Мұхаммед болмады? Ал түрік қағандарын олай атаудың себебі неде екеніне жауап іздеп, Әбілхан Әбіласанның «Көне сөздер құпиясы» кітабын («Ана тілі» баспасы, 1998 ж., 26-бет) қарағанымызда, автор: «Тоныкөк есімінің мағынасын Осман түріктері тілінде «Tонік» қуат, күш ұғымын білдіреді, «hоқұқ» парсы тілінде заң деген сөз, сонда қуаттылық заңы дегенге келеді. Демек, Табығаш елінде тәрбие алған саясаткер, ел басқаруда да, әскер ісінде де ақыл мен айласын қажет кезінде орнымен жұмсай алатын көреген, кемеңгер кісіге өз жұрты «тониоқуқ», яғни епті саясаткер, ел қуатын арттырушы деген лақап есім берген», – деген тұжырым жасайды. Одан ары: «Бумын» парсыша жергілікті, түздік деген ұғымды білдіреді. Ал «ан» ол анау, сол деген сілтеу мәніндегі сөз. «Бумиан» айтылуда «Бумын» болып өзгерген, бұл жергілікті халық арасынан шыққан «ұлық» мәнін білдірмек. Күлтегін аты да лақапқа саяды. Өйткені «қол» парсы тілінде «кл» екі таңба, ең үлкені және бүтіндей деген мәндерді білдіреді», – дейді. Міне, бұдан біз қазақта лақап ат қою, атын тіке атамай, «Ат тергеу» салтының тым көне дәстүр екенін білеміз. Бұл қазақ тілінің көмескі қасиеттерінің бірі деуге болады. Ал енді қазақтың Құнанбайының баласы неге Ибраһим болды екен? Демек, осы жерден қазақтың санасындағы Ислам дінінің гүлденуін көруге болады. Бірақ біз танитын Ибраһим – ол Абай. Ал «Абай» сөзінің мағынасы «үлкен аға», «ел ағасы» дегенді білдіретінін «Қазақ есімдерінің анықтамалығы» атты кітаптан білдік (2009 ж., «Арыс» баспасы. 287-бет). Демек, қазақ бір нәрсеге ат қойып, атау бергенде де, оның түпкі мәніне қарап ырымдап қоятын болған. Ат қою демекші, ат қоюдың басында келіндер тұр. Қазақтың келіндері ешқашан тілге кедей болмаған-ау, өйткені келін өзі түскен үйдегі адамдардың атын тіке атамаған. Оларға жанама ат қойып отырған. Тіпті сол жанама ат арқылы шешендігін де паш еткен келіндер болған деген аңыз бар. Оның бірі ел ішінде тараған мына аңыз: Бір келіннің қайын жұртында Көлбай, Бұлақбай, Қамысбай, Қасқырбай, Қойлыбай, Қайрақбай және Пышақбай дейтін қайын ағалары болса керек. Бір күні суға барған келін кішкене бұлақтың ар жағында, көлдің бер жағындағы қамыс ішінде қойға тиген қасқырды көріп, шелегін тастай салып ауылға жүгіріпті де, үйге жетер-жетпесте атасына көзі көрген жағдайды:

– Ата, ата! Сарқыраманың (Көлбай) ар жағында, жалтыраманың (Бұлақбай) бер жағында, сылдыраманың (Қамысбай) ішінде маңыраманы (Қойлыбай) ұлыма (Қасқырбай) жеп жатыр, жанымаңызды (Пышақбай) білемеге (Қайрақбай) білеп-білеп алып, тез жетіңіз, – деп баяндапты-мыс.

Міне, қазақ келіндерінің ибасы мен шешендігін қараңыз. Бізде қазіргі таңда қазақтың ат қоюдағы сөздерін де шұбарлап жүргеніміз өз арымызға сын болмақ. Қазіргі таңда кейбір жастар қайын мен балдыз атауын шатастырып жүр. Яғни балдыз деп әйелдері жағынан жақындығын білдіретін ұғымды еркектер айтады, ал қайным, қайын сіңілім деп келін жігітінің туыстарын атайды. Қайын бике деп жігіт жақ өзі алған қыздан жасы үлкен әпкесін атайтын болған. Ал кей жерлерде немере деп қыздың ата-анасы қыздан туған балаларын атап жүр. Бұлай атау дәстүрге кереғар, тілдің қолдану аумағын бұзады. Өйткені қазақ ұлынан туған баланы немере деген, ал қыздан туған баланы жиен дейді. Әр сөздің өз мәні, мағынасымен қолданғанда ғана қазақ тілін шұбарланудан сақтап қаламыз.
Майқы би дәуірінде бір хан:
– Дүниеде не тәтті? Не ащы? – деп сұрапты дейді.
Сонда Майқы «тіл» деп жауап берген көрінеді.
Хан:
– Неге тіл? Мүмкін басқа да тәтті не ащы нәрсе бар шығар? – дегенде Майқы би:
– Жоқ, дүниеде ең тәтті һәм ең ащы сөз де тілден шығады. Сөзден ащы да, сөзден тәтті де басқа нәрсе жоқ, – деген екен.

Қазақ «Бұлттан шыққан күн ащы, байдан шыққан қатынның тілі ащы» немесе «Бала тілі – бал» дейді. Ал бұл жердегі ащы мен тәттінің айырмасына келсек, сөз мәдениеті, ауызекі тіл мәдениеті деген ұғымға ат басын тірейміз. Тіл мәдениетін сақтағаны соншалық, апаларымыздың қарғысының өзі алғыстан артық еді ғой. Сол сөз мәдениеті, сол тіл мәдениеті қанша жерден ашуланып тұрса да «Тұқымың өскір» деп қарғайтын апаларымызбен бірге кетті ме дейсің кейде. «Тұқымың өскір» демекші, кей медицина саласының мамандары ер адамның тұқымы белден өнеді десе, әйел адамдардың тұқымы өнбейді, ол әу баста жаратылысынан өзіне берілген көлемді тұқыммен қалады, ал сол көлемді тұқымына зақым жеткізіп алған жағдайда ұрпақсыз қалады деген пайымдарын айтады. Міне, бір ауыз қарғыстың мәні мен мағынасының төркіні қайда жатыр! Ал қазіргі жастардың бойында шешендікті, тапқырлықты айтпағанда, ауызекі сөйлегенде жатық сөйлейтін осындай шұрайлы, мәйекті, сөз астына сөз жасырып сөйлейтін тіл мәдениеті қалды ма? Бір-бірімен жай сөйлескенде орысша боқтасып сөйлесетін, әкесін «пап», анасын «мам», ағасын «братан» деп сөйлейтін жастардың тілін қалай қалпына келтіреміз? Ауыз әдебиеті былай тұрсын, ауызекі тілімізді шұбарланудан қалай сақтап қаламыз деп ойлануы керек әр қазақтың баласы.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.