Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тіл – тек ұлттық мәселе емес

0 212

Тіл Тәңірінің әрбір ұлтқа берген тіршілік өзегі әрі өзгелерден ерекшелеп тұратын айқындаушысы іспетті. Тіл – құрал, тіл – әрбіріміздің санамызда жетілген ойларды айналамызға ұғыныңқы түрде жеткізуші көпір. Қарапайым тілмен айтқанда, тіл – біздің жанымыз.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Тіл байлығы арқылы біздің ой кеңістігіміздің мүмкіндігін айқындауға болады. Бұл тұрғыдан келгенде қазақ тілі өзінің болмыс-бітімі, бояу-бейнесі жөнінен әлемнің әдемі тілдерінен озып кетпесе де, орта жолда қалып жатқан жоқ. Зерттеліп жатыр, тереңіне зер салынып, мүмкіндіктері күн сайын артып келеді. Бұл тұрғыда тілтанушы мамандардың еңбегі айрықша. Жорж Батай – адамдардың өмір сүруі яки тірлік етуі тілмен тығыз байланысты деген пікірді жиі алға тартып өткен ғұлама. Бұл өзіңнің туған тіліңмен қоса әлем тілдерін меңгеру көкжиегіңді кеңейте түседі деген ойға саяды.
Қазақ тілінің мәртебесі күн санап өсіп келеді. Оны жастар арасындағы туған тілінен тартынбай, өз тілінде таза сөйлеуді сәнге айналдырған тәуелсіз ойлаушы жаңа ұрпақтан анық аңғаруға болады. Олар біздің 70 жыл өзге елдің отарында болғанымызға тек тарихи факт ретінде қарап, бұл турасында көп толғана бермейді. Олар жағдайға тура қарайды. «Мен тәуелсіз елде тудым, мен өз тілімді жақсы білемін, қазақ тілі – менің ана тілім. Және мен осы тілде сөйлеуге міндеттімін». Бұл – күнделікті өмірде аңғарғанымыз. Олар тіпті былайғы күндері поштадағы, кассалардағы қызмет түрлерін тек қазақ тілінде алуды талап етіп жатқанын көріп, көңіл марқайған кездер аз емес. Бұл ана тіліміздің абыройы үшін алаңдамауымызға болатынын аңғартады. Кез келген тілдің белгілі бір стандарттарға сәйкес әлем тіліне айналуы осындай болар-болмас әрекеттерден басталады. Әрбірден соң әр ұлт өз тіліне асқан жанашырлықпен, белгілі деңгейде жанкүйерлікпен қарауы тиіс.
Жаңа ұрпақтың арасындағы оң өзгерістерді «Қазақстандық қоғамның әлеуметтік өлшемдегі құндылықтары» зерттеу жұмысының авторлары да аңғарған. Олардың пайымдауынша, елдегі 18 бен 29 аралығындағы жастардың 39,2 пайызы үйлерінде бір-бірімен тек таза қазақ тілінде сөйлеседі. Салыстырмалы түрде 29-дан 61 жасқа дейінгі азаматтардың 25,9 пайызы ғана қазақ тілін күнделікті қолданады. Ал, жалпы алғанда, ел азаматтарының 51 пайызы жақындарымен мемлекеттік тілде сөйлеседі. Бір қызық дерек, жағдайлары орташадан жоғары, белгілі деңгейде табысы бар, жан-жақты білім алуды өмір дағдысына айналдырған азаматтардың қазақ тілін қолдану деңгейі тұрмыс жағдайы төменірек отбасыларға қарағанда әлдеқайда төмен болып шыққан. Әсіресе, мұндай құбылыс елдегі ірі мегаполистер мен батыс өңірлерінде тұратын ел азаматтары арасында жүргізілген сауалнама нәтижесінде анықталған. Бұл кез келген әлеуметтік мәселенің ұлт руханиятының кемелденуіне кесірі әбден тиетінін дәлелдейді. Тағы бір тосын жайт, соңғы кезеңдерде бизнес саласында қазақ тіліне деген сұранысты арттыру мәселесі кеңінен қозғалып келеді. Бұл тұрғыда саясаттанушы Айдос Сарым былай дейді: «Егер алдағы уақытта бизнес қызмет көрсету мәселесінде қазақ тілін бірінші орынға шығармаса, көп нәрсе жоғалтады». Саясаттанушының бұл пікірімен келіспеске амалымыз жоқ. Расында, ел аумағындағы шет мемлекетке көп ағылатын жастардың дені орыс тілділер. Ол әлемді тануға құштар, бірнеше тілді меңгереді. Әуелде аңғарғанымыздай, қазақ тілді ортаның көп бөлігі мектепті тәмамдайды, оқуға түседі, диплом алады, үйленеді. Қалыпты әрі жаттанды құбылыс. Бұл ана тілін мұқату емес. Бұл тілдік ортада әлеуметтік теңсіздіктің, комплекстен арыла алмай жүрген жастардың көптігін айғақтайды.
Тереңге бойлаған ана тіліміз – қазақ тілінің заманауи ғылымда, мәдениетте, өнерде алға озып, көптеген әдебиеттердің туған тілімізде қолжетімді болғанын қаласақ, тіл мәселесін зерттеуге тек филологтар мен тіл мамандарын ғана емес, әлеуметтанушылар мен психологтарды да жұмылдырған абзал. Бұл – әлем тілдерін зерттеуші ғалымдардың пайымы. Бұдан қорытынды шығару өрелі оқырманның құзырында.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.