Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тіл мен ұлт – егіз ұғым

0 1  769

Ұлттың адастырмас темірқазығы, айнымас бағдары – тіл. Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлы ұлттың тарихта қалуы немесе жоғалуына ықпал ететін бірден-бір фактор ретінде тілдің өзін көрсетеді. Сол себепті де тіл – елдің біртұтас болмысын сақтау үшін аса керек құрал.

Ұлттың ұлт болып іргесін бекітуі үшін ең алдымен тілі дамуға тиіс. Әлемде 6 500-ден астам тіл болса, соның екі мыңға жуығы «өлі тілдер» санатына кірген. Мамандардың зерттеуінше, әр екі апта сайын дүние жүзінде бір тіл өледі. Осыдан қорытындылайтынымыз, тәуелсіз елдің тілі ешкімге тәуелді болмауы керек.
Расында, тіл – тәрбие діңгегі, тіл – білім, ғылымды игеру көзі, тіл – ұлттың жаны, мемлекеттің нышаны. Ел қорғайтын өр мінезді де, намыс пен жігерді де ата-бабаға ана тілі арқылы сіңдіреді. Жылдардан-жылдарға ұласып жинақталған мол тәжірибе мен білім қоры да ұрпақтан-ұрпаққа сол тілде жеткізіледі.
Ана тіліміз арқылы салт-дәстүріміз қалыптасып, ұлттық нышан ретінде өріле түседі. Ана тілі арқылы ұлттық болмыс бітеді. Сол себепті, тілінен айырылған ұлт барлық құндылықтарынан ада болады десек те артық емес. Осы аталғандардың барлығы тәрбие, білім, дәстүр ана тілінің арнасынан бастау алғанда ғана біздің мемлекетіміздің тұғыры қатайып, ішкі бірлігіміз нығая түспек.
Бұл ретте Ата Заңын сыйлайтын әрбір азамат ұлтына, тегіне қарамай, қазақша үйренуге тиіс. Осы ұстаным біздің темірқазығымыз болуы қажет. Қазақстан Республикасының негізгі тілі – мемлекеттік тілді, яғни қазақ тілін құрметтеу, оны білу – біздің әрқайсысымыздың асыл парызымыз. Мемлекеттік тілді бірінші кезекте мемлекеттік мекемелерде жұмыс істейтін азаматтардың білуі – заман талабы. Мемлекеттік тілді меңгерем деушілер үшін басты мәселе олар өздері үшін қазақ тілінің мәртебесінің биіктігіне көз жеткізуі керек.
Аталған мәселе төңірегіндегі ойын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше мәрте биік мінберлерден жеткізген еді. Мәселен, Президент «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептейтінін айтқан болатын. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керектігін айтқан Қасым-Жомарт Кемелұлы, сондай-ақ тіл үлкен саясаттың құралы екенін де ұмытпаған жөн екенін ашық айтқан-ды.
Ал биылғы наурыз айында Маңғыстау жерінде өткен Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында ел Президенті тіліміздің қолдану аясын кеңейте түсу мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып қала беретінін жеткізді. «Бұл – біз үшін мызғымас ұстаным. Елімізде қазақ тіліне деген сұраныс жыл өткен сайын артып келеді. Қазақ тілі бизнестің, ғылым мен техниканың тіліне айнала бастады. Бұл үрдісті одан әрі дамытудың ең тиімді әрі төте жолы – ағартушылық. Қазір ірі кітап дүкендерінде қазақ тіліндегі туындылардың үлесі арта түсті. Соңғы кезде баспагерлердің жаңа буыны әлемдік бестселлерге айналған шығармаларды аударып жүр. Көптеген кітаптарды шығарып жатыр. Аударылған кітаптардың ішінде көркем әдебиет қана емес, іскерлік бағыттағы туындылар да көп. Мемлекеттік саясаттың мәні – осында.
Ешкімді мәжбүрлемей, күнделікті өмірдегі қажеттілікті арттыру арқылы тіліміздің тұғырын нығайта береміз. Мемлекеттік тілге қатысты құр сөзден ештеңе шықпайды. Ең бастысы, нақты іс болуы керек. Осы тұста, халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» туралы ерекше атап өткім келеді. Қазір Ұлттық құрылтайдың мүшесі Рауан Кенжеханұлы бастаған жаңа буын өкілдері ұйым тізгінін қолға алды. Мен қоғамның «Qazaq tili» эндаумент қорын құру туралы ұсынысын қолдадым. Осы жақсы бастаманы қолында қаржысы бар азаматтар жалғастырып әкетті. Тілімізге қамқорлық танытқан жандарға ерекше ризашылығымды білдіремін. Қалталы, жанашыр азаматтар қорды ұлғайтуға үлес қосады деп сенемін», – деген Мемлекет басшысы экономиканы дамыту үшін «креативті индустрияның» мән-маңызы зор екенін де еске салды.
Аталған саланың мемлекеттік тілдің болашағы үшін де өте маңызды болып отырғанын айтып, қазақ тілін дамытамыз десек, қазіргі заманғы әдіс-тәсілдерді барынша тиімді пайдаланған дұрыс екен де тілге тиек етті. «Тек ақпараттық технологияның пайдалы жағын алып, зиянды жағынан сақ болған жөн. Ашығын айтсақ, интернетті талғамсыз пайдалану бала тәрбиесіне теріс ықпал етіп жатыр. Бұл, өкінішке қарай, ақиқат. Балалар түгілі, ата-аналар да әлеуметтік желідегі мағынасыз контентке тым әуес», – деген ол «креативті индустрияның» тілін қазақшалап, келешек ұрпаққа оң тәрбие беретін жолға түсіру қажеттігін айтқан еді.
Бұл мақсатта елімізде Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданған болатын. Қазақ тілінің қолдану аясын кеңейтуге бағытталған маңызды құжатта аталған мақсатқа жету жолындағы негізгі межелер атап көрсетілген. Мысалға, тұжырымдамада 2029 жылға қарай мемлекеттік тілді меңгерген халықтың үлесін 84 пайызға жеткізу көзделген. Сонымен қатар мемлекеттік телеарналардағы қазақ тіліндегі телебағдарламалардың үлесі 2029 жылға қарай 84 пайызды құрауға тиіс. Мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардағы құжат айналымының мемлекеттік тілдегі үлесі 94 пайызды құрауы қажет болса, «Қазтест» жүйесі бойынша В2 деңгейінде қазақ тілін меңгерген мемлекеттік қызметшілердің үлесі 2029 жылы 50 пайызды құрайды деп жоспарланған.
Осы мақсаттарға қол жеткізу тұжырымдамасында басқалармен қатар, халыққа қазақ тілін үйрету курстарын ашу, бейнесабақтар өткізу, жоғары оқу орындары мен жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының бағдарламаларын жаңарту ұсынылады. Әрі құжатта жаңа сөздіктер мен анықтамалықтар әзірлеп, басып шығару, түрлі курстар мен семинарлар ұйымдастыру ұсынылады.
Аталған тұжырымдамада көрсетілген межелі міндеттерді жүзеге асыру бағытындағы жұмыстар Тараз қаласында қарқынды жүргізіліп келеді. Бұл бағыттағы әрбір істі қала әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі өз қадағалауына алған.
Нәтижесінде, өткен жылдың қорытындысы бойынша Тараз қаласы әкімдігінің аппараты және бөлімдердің құжат айналымындағы қазақ тілінің жағдайы бақылауға алынып, ай сайын және тоқсан сайын мониторинг жүргізіледі. Бұл бағытта жүргізілген жүйелі жұмыс өз нәтижесін көп күттірмей, 2023 жыл бойынша шығыс құжаттарының мемлекеттік тілдегі үлес салмағы 100 пайызды құраған.
Сонымен қатар өткен жылы мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру мақсатында – 76, қазақ тілінің латын негізді әліпбиіне көшу мақсатында – 45, ономастика саласы бойынша 93 іс-шара ұйымдастырылған. Әлеуметтік желіде «Жаңа қазақ әліпбиі», «Мемлекеттік тіл – менің тілім», «Қазақ тілі – ғажап тіл» челленджі секілді 3 жоба жүзеге асырылған.
Қазақстан дамуында өзге елдердің де назарын аудартып отырған маңызды реформалардың бірі әрі рухани кеңістікте үлкен өзгеріс күттіріп отырған мәселе – қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жұмыстары. Өйткені әліпби – халықтың мәдени болмысын аңғартатын айғақтардың бірі. Мәдени мұра, мәдени жәдігерлер де әліпби арқылы сақталып, әліпби арқылы келесі ұрпаққа жетіп отырады. Қай әліпбидің де осындай тарихи мақсатымен бірге оның заманауи міндеттері болады. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы реттен келіп: «Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты», – деп бұл әліпби қоғамымыздың жаңа кезеңдегі ең қажетті таңдауы екендігін айтты.
Қазіргі уақытта латын графикасы негізіндегі әліпбидің жаңа нұсқасы мақұлданған, алайда әзірге бекітілген жоқ. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар негізінен латын графикасындағы әліпбидің жетілдірілген жобасымен таныстыру, түсіндіру форматында жүргізілуде.
Осыны ескере отырып, Тараз қаласында «Латын әліпбиі – болашақтың кілті», «Латын әліпбиіне көшу – заман талабы», «Тегімізді дұрыс жазайық!» секілді акциялар өткізіліп келді. Жалпылама есептейтін болсақ, өткен жылы шаһар аумағында бас-аяғы 45 іс-шара өткізіліп, оларға 21 139 адам қатысқан.
Тіл саясатын жүзеге асыруда баса назар аударар саланың бірі – ономастика. Себебі жер тарихы – ел тарихы. Халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан болмысы, тағдыры, танымы сол халық қойған елді мекен, жер-су атауларында жатыр. Халық берген әрбір атау – сол жердің тарихи құжаты, халықтың жады, атадан балаға қалған рухани мұрасы. Ономастика – бойына ұлтымыздың рухани құндылықтары мен ізгі мұраттарын жинақтаған тіліміздің, жалпы ұлттық мәдени кеңістігіміздің мазмұнға бай маңызды бөлігі.
Қазақ елінің жер-су атауларының барлығы ата-бабаларымыздың әлеуметтік өмірінен, халқымыздың рухани өресі мен философиясынан тікелей хабар береді. Бұл атауларда жатқан ұлттың тарихы мен салт-дәстүрі, ата-бабамыздың ұлттық танымы туралы құнды мәліметтер өскелең ұрпақтың туған өлкесіне қатысты білімі мен дүниетанымдық көзқарасын қалыптастырады.
Ономастика – тәуелсіз еліміз үшін жас, жаңа ғылым. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың негізгі отырысында: «Ономастика саласы тарихи сана-сезімді жаңғыртудың маңызды идеологиялық құралы екені белгілі. Кейбір адамдардың қалауымен жалған өмірбаяны әдейі қолдан жазылған Кеңес дәуірінің қайраткерлері бар. Ондай жасанды тұлғалардың есімін түрлі нысандарға беруді доғару қажет. Жалпы ономастика саласын тәртіпке келтірген жөн. Бұл шаруа кешенді және дәйекті түрде бір орталықтан атқарылуға тиіс. Ономастика – бұл ата-бабаларымызға байланысты я белгілі тұлғалардың туысқандарының ісі емес. Бұл – мемлекеттің шаруасы. Осы саладағы барлық рәсімдерді іс жүзінде реттеу маңызды. Онда аймақтардың ерекшелігімен қатар, жалпыұлттық басымдықтар да ескерілуі ескерілуі керек», – деп аталған сала да шешімін таппаған мәселенің бар екенін алға тартты.
Бұл саладағы атқарылып жатқан жұмыстардың жоспарлы жүргізілуі де мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің назарынан тыс қалған емес. Нәтижесінде, соңғы жылдар көлемінде аталған салада айтарлықтай алға жылжу байқалып келеді. Мәселен, өткен жылдың өзінде қала көлемінде 2023 10 жаңа атау берілген. Оның ішінде мағынасы ескірген 1 көше, 2 бұрылыс, қайталанатын 2 көше мен 3 бұрылыс атауы, 1 атауы жоқ жаңа көше және 1 жаңа алқап бар.
Сонымен қатар 2023 жылы Тараз қаласындағы бірқатар мағынасы ескірген және атауы жоқ 22 көшеге атау беру және №40 гимназияға Шәкен Ниязбеков есімін беру бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп, республикалық ономастика комиссиясының қарауына жолданған болатын.
Аталған бөлімнің берген мәліметтеріне сүйенер болсақ, облыс орталығының аумағында геонимдер саны 1 442-ні құрайды. Оның ішінде қазақша тарихи тұлғалар саны – 605, жер-су атаулары – 159, дәстүрлі атаулар – 291, орысша кісі есімі – 183, мағынасы ескірген орысша атаулар 204-ті құрап отыр екен.
Көрнекі ақпарат пен жарнама – тіл саласындағы ең бір өткір мәселе. Себебі, жарнама – бұл ақпарат қана емес, тілді қалыптастырушы, тілдің дамуына ықпал етуші құрал. Жарнама тілі қазақ тілінің мәртебесін өсіреді. Сондықтан тілдің тазалығын сақтап, мағынасын бұзбау қажет. Өйткені сауатсыз жарнама – елдігімізге сын.
Осы себепті де көне шаһар көлемінде ілінетін әрбір көрнекі құрал мен жарнамалық материалдардың тіл сауаттылығы ұдайы назарда ұстауды қажет. Бұл ретте өткен жылдың ішінде қаладағы көрнекіліктерді біріздендіру мақсатында «Қала келбеті-2023» зерделеу жұмысы, «Көрнекі ақпарат пен сыртқы жарнамаға сауаттылық», «Сыртқы көрнекі ақпарат құралдары және сыртқы жарнамалардың тіл сауаттылығын зерделеу», «Таза қалаға – таза жарнама» секілді айлықтар тұрақты түрде өткізілген. Жалпы 2023 жылы 7 рейд, 5 акция, 7 айлық, 74 зерделеу жұмыстары жүргізіліпті.
Жыл бойы жалғасқан бұл жұмыстардың барысында 10 829-ға жуық нысан зерделеніп, 158 талапқа сай келмейтін көрнекі ақпарат анықталып, иелерімен түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Алдағы уақытта мұндай жағдайларға жол бермеу мақсатында бөлім тарапынан шағын және орта бизнес өкілдеріне, жарнама агенттіктеріне сыртқы көрнекі ақпараттың сауатты жазылуына, орналасуына тағы басқа да мәселелер бойынша тегін консультациялық көмек көрсету үшін Call-center құрылып, жауапты маман бекітілген. Іске қосылған сәттен бастап-ақ өз тиімділігін көрсеткен бұл қызмет арқылы 509 кәсіпкерге жарнаманы дұрыс ресімдеуге көмек көрсетілген. Тіл нормаларына сәйкес келетін көрнекі ақпараттар үлесі 2022 жылы 74 пайызды құраса, аталған тындырымды тірліктің нәтижесінде 2023 жылы 84 пайызға жеткен.
Жалпы мемлекеттік тіл – қазақ тілінің тек от басы, ошақ қасында немесе ауызекі әңгіме барысында қолдану тілі деңгейінен жалпыға ортақ сөйлесу құралы дәрежесіне дейін көтеру ісі туралы сөз қозғағанда әуелі оның халыққа қажетті болуы және қазақ тілінде сөйлеу әркім үшін мақтаныш болуы керек екені айтылады. Бұл ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ана тілі» газетіне берген «Қазақ халқының тағдыры тарих таразысында тұр» атты сұхбатында көтерген орынды ойлары еске түседі.
Аталған сұхбатта Президент те қазақ тілінде сөйлеу мақтаныш болуы үшін қоғамда оған деген қажеттілікті арттырған жөн екенін айтады. Бұл мақсатқа жету үшін ол бірнеше негізгі жолды атап көрсеткен де болатын. «Мемлекеттік қызметке, оның ішінде халықпен тығыз жұмыс істейтін лауазымға тағайындау кезінде кәсіби біліктілігіне қоса, қазақ тілін жақсы білетін азаматтарға басымдық беру керек. Парламентте немесе баспасөз мәслихаттарында мемлекеттік тілде сөйлеп, пікір алмаса алмайтын мемлекеттік қызметкер ұғымы, ең алдымен, қазақ азаматтарының арасында анахронизмге айналуға тиіс.
Екіншіден, біз қазақ тілін жақсы білетін өзге ұлт өкілдерін қолдауымыз керек. Оларды Парламентке, өкілетті органдарға сайлап, мемлекеттік қызмет жүйесіндегі жоғары лауазымдарға тағайындап, мемлекеттік наградалармен марапаттап отырғанымыз дұрыс. Мұндай азаматтар қазақ тілінің деңгейін ұлтаралық қолданыс дәрежесіне көтеруге көмектеседі.
Үшіншіден, қазақ тілін қолдану барысында фонетикалық және орфографиялық қателер жіберіп алатын отандастарымызға түсіністікпен қарап, толеранттылық танытуымыз керек. Мұндай азаматтар жастарымыздың арасында да аз емес. Олардың талпынысын мазақ етпей, қайта қолдай түскеніміз жөн.
Төртіншіден, телевизиялық және радио хабарларының сапасын арттыру қажет. Бұл ақпарат өнімдері Ресей бағдарламаларының көшірмесіне емес, қайта қоғамдық ойдың қайнар көзіне айналуға тиіс. Арзан ойын-күлкіден гөрі, ұлттық идеяға қызмет ететін топырағымыздан тамыр алған төл бағдарламаларды молайту қажет», – дейді Президент.
Мемлекет басшысының сөзінше, қазақ тілінің мәртебесін арттыру жолында кинематографияның да алар орны ерекше. «Меніңше, Орталық Азиядағы көршілеріміздің тәжірибесі бізге пайдалы әрі үлгі боларлықтай. Қазақ тілінің мәртебесін арттыру жолында кинематографияның да алар орны ерекше. Бізге тарихи оқиғаларды дәріптейтін, қазіргі қоғамды да бейнелейтін сапалы дүниелер керек. Қырғыз киногерлері «Құрманжан датқа» деген мәнді, мағыналы, көз қуантып, көңіл толатын фильм түсірді. Соған бар-жоғы 1,5 миллион доллар жұмсаған. Ал біздің кинематографистер бұдан әлдеқайда көп сұрайды. Ал түсірген дүниелерінің сапасы әрдайым көңілден шыға бермейді. Өкінішке қарай, бүгінде біздің киногерлер де ауызбіршілік таныта алмай отыр. Бұл – шығармашылықты тұралататын жағдай.
Әрине, ауызды қу шөппен сүрте беруге болмайды. Мені еліміздегі блогосфераның қазақ тіліне қарай ыңғайланып келе жатқаны қуантады. Дей тұрғанмен, біз әсіреұлтшылдық пен радикализмге бой алдырмауыз қажет. Сондай-ақ қазақ тілін дамытамыз деп орыс тілінің мәртебесін шектемеуіміз керек. Жоғарыда айтқанымдай, тіл мәселесінің астарында үлкен саясат бар. Сондықтан бұл тұрғыда асығыстық пен жалаң ұрандату мемлекеттігімізге кесірін тигізуі мүмкін. Жалпы алғанда, жоғары оқу орындарында нақты ғылымдарды орыс тілінде оқыта берген жөн. Осы ретте бізге Малайзияның тәжірибесі үлгі бола алады. Бұл ел алғашқыда ағылшын тілінен бас тартып, кейіннен ойлана келе, оны жоғары оқу орындарында және дипломатиялық қарым-қатынастың құралы ретінде қалдырды. Біздің өскелең ұрпақ қазақ тілімен қатар, орыс тілін де еркін меңгеруі керек», – деді Қ.Тоқаев.
Оның пікірінше, бұл – уақыт талабы. Мемлекет басшысының сөзінше, мектептердің бастауыш сыныптарында қазақ тіліне басымдық берілгені дұрыс. Орыс тілін де оқыту керек. Ал ағылшын тілін 5-6 сыныптардан бастап мектеп бағдарламасына енгізген абзал. «Қазір демографиялық ахуалдың өзі қазақ тілінің ұпайын түгендеу бағытына қарай дамып келеді. Яғни біз алға қойған мақсатымызға міндетті түрде жетеміз. Мұндай астары қалың, ел тағдырын шешетін іргелі істе асығыстыққа жол бермеу керек. Қайта әрбір әрекетімізді ақылға салып, мойнымыздағы тарихи жауапкершілікті барынша сезіне отырып жұмыс істегеніміз дұрыс. Осындай өркениетті қадамдардың нәтижесінде ғана қазақ тілі ғылым тіліне айналады», – деді Мемлекет басшысы.
Шынында, тілге деген құрметті арттыру – сан саланы қамтитын күрделі әрі майдан қыл суырғандай байыптылықты талап ететін жұмыс. Десе де, бұл бағыттағы сеңнің қозғалуының басы ретінде елімізде түрлі форматтағы тіл сайыстары да өткізіліп келе жатқанын айтуға болады. Мұндай байқаулар қазақтілді тұрғындар арасында ғана емес, өзге ұлт өкілдерінің арасында да жиі ұйымдастырылады. Осы орайда мұның елімізде тіл үйренемін деушілерге мүмкіндік мол екенін байқаймыз. Сонымен қатар мемлекеттік тілді дамыту бастамасымен ашылған онлайн курстар мен қазақтілді сайттар үлкенге де, кішіге де мемлекеттік тілді меңгеруде үлкен көмекші құрал бола алып отыр.
Қазақ тілінің өткеніне және бүгінгі күні дамуына қарап, тілге қатысты жүргізіліп отырған тиімді саясатына қарап, мемлекеттік тілдің болашағына сеніммен көз тастауға болатынын байқаймыз. Бүгінде тәуелсіздіктің алғашқы жылдарымен салыстырғанда, «барлық саламыз қазақша сайрап тұр» дейтіндей дәрежеге жеткен. Тіпті тілді үйренгісі келетін өзге ұлт өкілдері көбеюде. Бұл тіліміздің үлкен жетістігі деп мақтанышпен айта аламыз.

Еркін САЙЫН

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.