Қалалық қоғамдық-саяси газет

Теміржолшылар арасындағы білім бәйгесі

0 336

Көлік қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай Жамбыл бөлімшесінің ұйымдастыруымен бөлімшеге қарасты кәсіпорын қызметкерлерінің арасында «Үздік білім» байқауы өтті. Бұл шара 4 мамыр мен 31 шілде аралығында өткен «Тәжірибелік шеберлік және техникалық білім деңгейін көтеру» үш айлығының қорытындысы есебінде ұйымдастырылды. Байқауға «Локомотив» (Жамбыл локомотив пайдалану депосы), «Семсер» (Жамбыл вагон пайдалану депосы), «Темір тұлпар» (Жамбыл локомотив пайдалану депосы (екінші команда), «Тараз» (Тараз станциясы)және «Шу жастары» (Шу станциясы) – бас-аяғы бес команда қатысты.

Әуелі құттықтау сөз сөйлеген Жамбыл бөлімшесінің бас инженері Дүйсен Сыдықов үш ай барысында аймақтағы ірі үш станция – Тараз, Шу, Сары-Шағанда өткен техникалық оқулардың мамандардың біліктілігін көтеруде қаншалықты нәтижелі болғанын анықтау барысында ұйымдастырылып отырғанын тілге тиек етіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Бұл сынақ, тест емес, тек біліктіліктеріңізді көтеруге арналған шара. Жалпы бүгін бесінші команда Шу локомотив пайдалану депосының мамандары болу керек еді. Алайда бұл шараға олар селқос қарағандықтан, Жамбыл локомотив пайдалану депосы екі команда шығарып отыр. Депо басшылығына алғысымды айтамын. Ал Шу локомотив пайдалану депосы басшылығына ескерту беріледі, – деді ол өз сөзінде.
Сонымен қатысушы командалар бірінші кезеңде сигнал беру, пойыздар қозғалысындағы маневрлық жұмыс, техникалық пайдалану тәртібі нұсқаулықтары бойынша 30 сұраққа жауап берді. Ал екінші кезеңде станцияларда, пойыз жолдарындағы стандартты емес жағдайлар бойынша билет сұрақтарына жауап берді. Үшінші кезеңде «Үй тапсырмасы» бойынша бейнероликтер немесе слайдтар дайындап келіп, таныстырылым өту керек болатын. Алайда бұл тапсырмаға «Локомотив» және «Тараз» командаларынан басқалары дайын болмай шықты. Дегенмен қазылар алқасы ол командаларға сауалдар қойып, бұл олқылықтың орнын толтырды. Төртінші кезең «Блиц сауал», «Сурет жауабын айт» ойын түрінде өткізіліп, экранға сауалдар мен суреттер шығарылып, қатысушылар жауаптары ескерілді. Нәтижесінде, жақсы дайындықпен келген «Локомотив» командасы бірінші орынды (100 мың теңге) иеленсе, екінші орын «Тараз» командасына (75 мың теңге), үшінші орын «Семсер» командасына (50 мың теңге) бұйырды. Жүлде қорына демеушілік еткен – Жамбыл бөлімшесі кәсіподақ ұйымы.
Үш айлық барысында станцияларда бір айлық комиссиялық байқау ұйымдастыру тобының жетекшісі – Жамбыл бөлімшесінің тасымалдауды ұйымдастыру және тасымалдау шарттары бөлімінің бастығы Болат Абдуов: «Мамыр айында Тараз станциясында Түлкібас, Жаңатас, Түріксіб (100 адам), ал маусымда Шу станциясында Шығанақ, Отар, Аспара (71 адам), шілде айында Сары-Шаған станциясында Шығанақ, Мойынты (30 адам) станциялары жауапты мамандарының қатысуымен техникалық оқулар өткізілді. Бұған барлығы 201 маман тартылды. Негізінен, мамандар кітап пен журнал толтырудың тәртібін, ашық құрамдарда жүк тиеудің тәжірибесін игеру, станция кезекшісінің сигнал беру және байланыс құрылғыларының істен шыққан сәтте пойызды қабылдау (өткеру) әрекеті, ескерту бланкілерін беру тәртібі, өндірістік жұмыс кезінде қауіпсіз еңбекті қабылдау және ҚР Еңбекті қорғау және қауіпсіздік заңнамаларын білу төңірегінде көптеген мәліметтер алды. Сондай-ақ телім бойында тәжірибелік сағаттар өтті. Мұндай шаралар мамандардың тәжірибесін шыңдай түседі. Осындай байқаудың ауқымын кеңейте отырып, алдағы уақытта жиі өткізіп тұруды дұрыс деп таптық», – деді.

Ерман ӘБДИЕВ,
журналист
Суретті түсірген автор

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.