Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

«Tekturmas» оқырманға жол тартты

0 248

Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық ғылыми әмбебап кітапханасында республикалық «Tekturmas» тарихи-танымдық, ғылыми, әдеби-мәдени журналының тұсаукесер рәсімі өтті. Салтанатты шараға Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов, ақын-жазушылар, журналистер мен өзге де зиялы қауым өкілдері қатысты.

Жиында алғашқы сөз алған Серік Жақсылықұлы жаңа басылымның қазақтың бай тарихы мен рухани мұрасын дәріптеуге үлес қосатынын тілге тиек етті.

– Бұл журнал бабалар аманатына адалдықтың, бүгінгі ұрпаққа бағыт-бағдар беретін парасат мінберінің бірі боларына сеніміміз мол. Журналдың мақсаты – ұлт тарихын, әдебиеті мен мәдениетін, ұлттық болмыс пен заманауи ой-толғамдарды ұрпақ санасына сіңіру.

«Tekturmas» журналы – Жамбыл өңірінің тарихи тынысын кеңейтіп, ел ішіндегі дарынды қаламгерлерге, жас зерттеушілер мен өнер иелеріне жаңа мүмкіндіктер ашатын алаң. Аймақтың тарихи-мәдени келбетін кең көлемде насихаттау арқылы журнал өскелең ұрпақтың туған жерге деген сүйіспеншілігін, ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттырады. Сонымен қатар бұл басылым – жастар мен зиялы қауым арасындағы байланысты нығайтып, бүгінгі рухани сұраныс пен тарихи сабақтастықты жалғайтын алтын көпірге айналмақ. Сондықтан «Tekturmas» – бір өңірдің ғана емес, барша қазақ руханиятының ортақ мұрасы, – деді С.Сәлемов.

Келесі кезекте «Aulieata-media» ЖШС бас директоры Данияр Асқарұлы жаңа журнал тағылым мен танымды, тарих пен руханиятты бір арнаға тоғыстыру жолында жұмыс істейтінін айтып, бағыт-бағдарымен таныстырды.

Шарада, сондай-ақ Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы Пернебай Дүйсенбин мен «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, драматург Елен Әлімжан сөз алып, басылымға ақ баталарын берді.

Содан соң Мәлік Отарбаев, Елен Әлімжан мен Пернебай Дүйсенбин «Tekturmas»-тың тұсауын кесті.

Айта кетейік, «Aulieata-media» серіктестігіне қарасты басылым Наурыз мейрамының қарсаңында ашылған еді. Журналдың бас редакторы болып Маржан Рақай тағайындалған болатын.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.