Қалалық қоғамдық-саяси газет

Теңдігімді тербеткен Тәуелсіздік

0 283

Биыл көне шаһарымызда ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы кең көлемде аталып өтілуде. Жыл басында бастау алған іс-шаралар легі жыл аяғына дейін толастаған емес. Барлығы мерейтойға орай бекітілген жоспарға сәйкес өткізілді. Атап айтсақ, ағымдағы жылдың басынан бері 121 іс-шара және мерейтойлар бойынша 144 шара ұйымдастырылды. Олардың қатарында ұлт мақтаныштары Ы.Алтынсариннің 180, Ж.Қуанышбаевтың 125, С.Зимановтың 100, М.Мақатаевтың 90, К.Ахметованың 75 жылдығы бар.

Сондай-ақ осы жылдың сәуір мен қазан айлары аралығында қала тұрғындарының бос уақытына арналған саябақтар мен 20 қоғамдық орында өткен шаралар легі көпшіліктің көңілінен шықты. Халықаралық қарттар күніне орай демеушілердің қолдауымен 100 жасқа толған қариялар мен ардагерлерді құттықтау, жалғызілікті және әлеуметтік жағдайы төмен қарттардың үйлерін тазалау және жөндеу жұмыстарын жүргізу сияқты қайырымдылық акция- лары, қаланың көрікті жерлеріне экскурсия жасау, концерттік және спорттық бағдарламалар ұлық мерекені жаппай халық болып тойлауға жол ашты.
Сүйікті қаламыздың биылғы туған күні еліміздің басты мейрамымен тұспа-тұс келді. Осы күні перинаталдық орталықта дүние есігін ашқан сәбилердің ата-аналарын қала әкімінің орынбасары арнайы құттықтап, туу туралы куәліктерін табыс етті. Айтулы мерекеге орай шаһар басшысы Ержан Жылқыбаев қаламыздың дамуына үлес қосып жүрген бірқатар азаматты марапаттап, құрмет көрсетті. Шаһардың туған күні «Баласағұн» орталық концерт залында танымал эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен әсерлі кешпен түйінделді. Бұған қоса мерекемен ұштасқан жұмыссыз жастар мен жалпы қала тұрғындарына арналған бос орындар мен төмендетілген бағамен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкелерін, мемлекеттік мекеме қызметкерлері арасындағы 5 спорт түрі бойынша спартакиада және қалалық, облыстық әкімдіктердің, басқармалардың қызметкерлері, облыстық және қалалық мәслихат депутаттарының арасында өткен бильярд турнирін де ерекше атап өткен жөн. «Бьюти байқау» атты сұлулық сайысы мен «Аспара» колледжімен бірлесе ұйымдастырған сән көрсетілімі көпшіліктің көзайымына айналса, «Ұмыт болған оюлар», «Құрақшылар әлемі» байқаулары ата дәстүрді қайта жаңғыртқандай әсер қалдырды.
Қазан-қараша аралығында «Туған жерім – дархан далам!» атты облыс аудандарының Тараз қаласындағы күндері өткеніне жұртшылық куә. Екі ай бойы жергілікті өнерпаздар ән мен биден шашу шашып, Әулиеата аспанын шаттық құшағында тербеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазір той тойлайтын емес, ой ойлайтын заман» деген тағылымды сөзі бар. Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың 125 жылдығына орай ұйымдастырылған ғылыми конференция, мал өсірушілер слеті мен шопанның өмір жолы жайлы жарық көрген кітап пен фильм – жоғарыдағы сөздің жарқын дәлелі. Мерейтой шеңберінде бұдан бөлек, «Ауыл шаруашылығы» сквері ашылып, оның келбеті бейнелеген барельеф орнатылды.
Бауырлас елдермен әрдайым байланысымыз берік әрі нығая түсуде. Әсіресе ауылы аралас, қойы қоралас Қырғыз елі мен Жібек жолының бойында қоныс тепкен Тараз шаһары балталаса бөлінбес бірлігі мығым, құстың қос қанатындай күн кешуде. «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде айырқалпақты ағайындардың арзан бағада ұсынған ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі мен көңіл тербеген концерті соны анық аңғартты.
Күннен-күнге көздің жауын алып, құлпырып келе жатқан шаһарымыз талайдың таңдайын қақтыруда. Қаламыздың айшықты келбеті «Түрленген Тараз» тақырыбындағы республикалық фото-видео, мобилография шеберлерінің объективінде көрініс тапты. Қазыларды баурап алған туындылар түрлі марапаттарға ие болып, оларға қаржылай сыйлықтар табыс етілді.
Мерекеге орайластырылған «Көше күні» шарасы – өз алдына бір төбе. Қызылабад, «Қайнар» иіні, «Арай», «Шалғай Қарасу» алқаптарында өткізілген шара барысында арнайы концерттік бағдарламалар, көрме, сауда-саттық жәрмеңкелері мен спорттық ойындар ұйымдастырылып, тұрғындар көтеріңкі көңіл-күймен тарқасып жатты. Сонымен қоса «Сен жеңімпазсың» атты марафоны, «Төртінші онжылдықтағы Тәуелсіз Қазақстан» атты қалалық пікірсайыс турнирі, дене мүмкіндігі шектеулі қала тұрғындары арасындағы шахмат пен дойбы спорт түрлерінен сайыс, жасөспірімдер арасында асық атудан қалалық бәсекесі, «Тәуелсіз елдің жалынды жастары!» атты интеллектуалдық ойыны, «Тәуелсіздік таңы мәңгілік» атты кеш, «Еліміздің еркіндігі – Тәуелсіздік» көрмесі, шаһар тұрғындары арасында спартакиада, «Өз елімнің патриотымын» атты патриоттық әндер, «Тәуелсіздік толғауы» атты патриоттық ән және көркемсөз оқу және «Өнерім саған, Тәуелсіз Қазақстан» атты балалар ән-би байқаулары да мерекенің маңызын арттырып, шырайын кіргізді. Сондай-ақ «Баласағұн» орталық концерт залында өткен мерекелік мәдени-көпшілік іс-шарасы барысында еліміздің даму жолында өз үлестерін қосқан әр саланың азаматтары «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медальдерімен және «Тараз қаласының Құрметті азаматы» атағымен марапатталып, эстрада жұлдыздары мен қалалық мәдениет үйінің дарындары өз өнерлерін паш етті.
Дәл мереке күні, 16 желтоқсанда «Мәңгілік ел» монументі мен Қ.Рысқұлбеков ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, азаттық жолында құрбан болған боздақтарға тағзым етілді.
Биыл облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен қолға алынған жарқын жобалар да өз жемісін беруде. Мәселен, «Таразға тарту» жобасы аясында кәсіпорындар, жеке кәсіпкерлер, облыстық басқармалар, аудан әкімдіктері әлеуметтік серіктестік негізінде облыс орталығында бірқатар саябақтар, скверлер, спорт алаңдары, қоғамдық орындар – жалпы 42 нысан абаттандырылып, ел игілігіне берілді. Сонымен қоса қалада жаңа үлгідегі аялдамалар орнатылып, 10 әлеуметтік дүкен ашылып, шаһар көшелеріне жарықтандыру жұмыстары жүргізілді.
«30 жылдыққа 300 мың ағаш» акция- сы бойынша Алғыс айту күніне орай 1 000-ға жуық ағаш, ал «Таза табиғат» жобасы аясында қала аумағында 19 756 тал-дарақтар отырғызылды. «30 жылдыққа 30 көпқабатты үй» жобасы шеңберінде 10 үйден 315 пәтер беріліп, «Мүгедектерге арналған оңалту және бейімдеу орталықтары» жобасы бо-йынша «Мамыр» тоғайында «Асар» оңалту-сауықтыру кешені бой көтерді. Бұдан бөлек, «Асарлатып үй салу» бо-йынша ағымдағы жылы демеушілердің есебінен 15 үйдің құрылысы жүргізіліп, «Шалғай Қарасу» алқабынан 2011-2015 жылдар аралығында тұрғын үй кезегінде тұрған көпбалалы, аз қамтылған, мүгедек баласы бар отбасыларға 7 үй пайдалануға берілді. Ал қалған 8 үйді жылдың соңына дейін халық игілігіне беру жоспарлануда. Сондай-ақ «Тастақ», «Родничок» алқаптарында кіші футбол спорт алаңшалары, «Жігер» алқабында орналасқан кіші футбол алаңшасы жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Осылайша ең ұлық мереке – Тәуелсіздік күнін тараздықтар игі істермен қарсы алуда. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын таба бермек.
Ұлана Сламбекова,

Тараз қаласы әкімдігі
ішкі саясат бөлімінің басшысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.