Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тазалық таза ұстаған жерде орнайды

0 221

Биыл 21 ақпанда қала әкімінің №464 қаулысына сәйкес, Тараз қаласы аумағында көктемгі абаттандыру және санитарлық тазалау жөніндегі екі айлық жарияланған болатын. Айлық аясында қалада атқарылған оңды істер аз емес.

Бекітілген іс-шара жоспарына сәйкес ұйымдастырылған апталық сенбіліктерге мемлекеттік және жеке нысандағы кәсіпорындар, сонымен қатар қала тұрғындары атсалысып, өздеріне бекітілген аумақтары бойынша тазалық жұмыстарын жүргізді.
Қала аумағындағы көшелер мен көпқабатты тұрғын үй аулаларында қоқыс тазаланып, шөбі шабылды. Бұл іске тұрақты түрде 35 дана техника мен апта сайын 5 мыңға жуық адам күші тартылды. Нәтижесінде, барлық аумақ бойынша «Жасыл ел-Тараз» ЖШС шамамен 16 мың тонна тұрмыстық қатты қалдықты арнайы орынға шығарды. Сондай-ақ 120 шақырымды құрайтын арық жүйесі тазаланды. Аула мен көше жағаларында 1,6 миллион шаршы метр шөп орылды. Сонымен қатар қала бойынша 78 көшедегі электр бағаналарын сырлау жоспарланса, бүгінгі таңда 30 көшенің бойында орналасқан 3 152 дана бағана сырланып, қалпына келтірілді. Сондай-ақ көріктендіру және көгеріштендіру мақсатында қала аумағында орналасқан гүлзарлар мен саябақтарда 60 719 дана көпжылдық және мерзімдік гүлдер отырғызылды. Бұған қоса арнайы белгіленген жерлерге 6 954 дана тал көшеттері егілді.
Ақпанның 15-інен бастап округ инспекторлары қалалық ішкі істер басқармасының қызметкерлерімен бірігіп, тұрғындар арасында тазалық сақтау бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде көше бойында кездейсоқ қоқыс пен инертті құрылыс материалдарын тастаған, қоршаған ортаны ластаған 556 азамат анықталып, 468 азаматқа ескерту берілсе, 88 тұрғынға Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне сәйкес хаттама толтырылды. Салынған айыппұлдар көлемі 1 595 239 теңгені құрады. Былтырғы жылмен салыстырғанда айыппұл көлемі 6 есеге артқан. Мәселен, өткен жылы көшеге қоқыс тастаған, ортақ пайдаланатын орындарды ластаған 14 азаматқа айыппұл салынса, биыл жыл басынан бастап 88 азамат айыппұл арқалады. Осылайша тазалық сақтамаған тұрғындарға қадаға күшеюде.
Қазіргі таңда қаланың сәулеттік келбетін сақтау мақсатында және бейберекет сауданың алдын алу үшін қала аумағынан заңсыз қойылған 161 дана дүңгіршек анықталып, бүгінгі таңда 67-сі орнынан алынды. Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне сәйкес, дүңгіршек иелеріне ескерту жасалды.
Жалпы қалада тұрмыстық қатты қалдықтарды тастауға арналған 328 алаңша бар. Олар 1 540 дана жәшікпен қамтылған. 2023 жылы қажеттілікке байланысты 1 120 дана қоқыс жәшігі сатып алынып, ескірген жәшіктер алмастырылды. Бұған қоса, аталған алаңшаларда полиэтилен қалдықтарды жинау, шығару, қайта өндеуге жіберу қызметімен қала бойынша «Kaz Ecology» ЖШС және «Бахыт» ЖК айналысады. Бүгінгі таңда шаһар аумағында бұл кәсіпкерлер тарапынан 620-ға жуық сеткалық жәшіктер орнатылған.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясы аясында облысымызда «Таза аула. Таза өлке. Таза ел!» экологиялық науқаны бастау алды. Ауқымды акцияның шеңберінде әр апта сайын шаһарда тазалық жұмыстары жүргізіліп, талдар егілуде. Шараға Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков, ардагерлер, ерікті жастар қатысып, акцияға өз үлестерін қосуда.
Бұл жұмыстардың басты мақсаттарының бірі – мекеме қызметкерлерінен бастап елге өнеге болу арқылы халықты ортақ іске жұмылдыру. Сондықтан мұндай ілкімді істер әлі де өз жалғасын табады.

Құрмаш ҚАПТАҒАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.