Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Тазалық таза ұстаған жерде орнайды»

Округтердегі жұмыстар көктем келмей басталды

0 321

Өмірде өзектілігін жоғалтпайтын екі ереже бар. Ол – тәртіп пен тазалық. Екеуі де сақтаған жерде ғана болады. Өкінішке қарай, Тараз қаласының тұрғындары тұрмыстық қалдықтар көне шаһардың шырайы мен шырқын бұзатынын жете түсінбей келеді. Бұл азаматтарымыздың бойында әлі күнге дейін тазалық сақтау мәдениетінің қалыптаспағанын көрсетіп отыр.

Дегенмен тұрғындарды мәдениеттілікке шақыру, өзіне, айналасындағы адамдар мен қоршаған ортаға деген құрметін арттыру мақсатында қыруар жұмыстар жүргізіліп жатыр. Соның бірі – көктем мен күз мезгілдерінде өткізілетін санитарлық тазалық айлықтары.
Жыл сайын жақсы нәтиже беріп келе жатқан бұл шаралар өз тиімділігін дәлелдеп үлгерді. Десе де, шаһарда тұрмыстық қатты қалдықтар мәселесі әлі де өзектілігін жоймай отыр. Себебі қыс айларында қала көшелеріндегі арықтар мен каналдар қоқысқа толатыны белгілі. Өйткені жиі түсетін жауын-шашын оларды тыңғылықты тазалап отыруға мүмкіндік бермейді. Ал биылғы қыста қардың қалың жауғанын ескерсек, аталған жұмыс еселеп көбейгені анық. Бұдан бөлек, жыл басында табиғат тосын мінез танытып, алай-дүлей боран салдарынан талдар құлап, бұтақтары сынған еді. Бұл да көше бойындағы күл-қоқыстың көбеюіне себеп болды.
Осыған орай, биыл қала аумағын қоқыстан тазарту жұмыстары көктемгі тазалық маусымын күтпестен-ақ, қазірден басталып кетті. Бүгінгі таңда тазалық шаралары облыс орталығының №1, 2 және 3 аумақтық округтерінде жүруде.
– Өздеріңіз білетіндей, жыл басындағы екпіні қатты желдің салдарынан тал-дарақтар сынып, бұтақтар құлаған болатын. «Жасыл ел-Тараз» серіктестігінің жұмысшылары оларды тез арада тазалап үлгергенімен, одан кейін жауған қалың қар майда шыбықтарды толықтай жинап алуға мүмкіндік бермеді. Осыған орай, біз қар ерігеннен соң, санитарлық тазалық айлығының жариялануын күтпей, жұмыстарды ерте бастай беруге шешім қабылдадық. Қазіргі уақытта Төле би даңғылының Жамбыл даңғылынан бастап Тәуке хан көшесіне дейінгі, Ы.Сүлейменов көшесінің Жамбыл даңғылынан бастап соңына дейінгі аумақтары, №12 «Астана» мөлтекауданы, «Дорожник», «Төрткөл» тұрғын алқаптары, «Химпоселок» аймағы кіретін №1 аумақтық округте тазалық жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар Жамбыл даңғылының Ы.Сүлейменов көшесінен автобекетке дейінгі бөлігін, «Бурыл» тұрғын алқабын, «Родничок», «Мичуринец», «Ақжол», «Қайнар» саяжайларын қамтитын №2 аумақтық округ те тазаланып, күл-қоқыстары шығарылды. Нәтижесінде, аталған аумақтарға кіретін барлық көшелер мен көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары толықтай жиналды, – дейді «Жасыл ел-Тараз» серіктестігі директорының орынбасары Айдын Бейсеков.
Бүгінгі таңда осындай жұмыстар №3 аумақтық округте жүріп жатыр екен. Бұл округке Жамбыл даңғылының автобекеттен соңына дейінгі және Ы.Сүлейменов көшесінен Төле би даңғылына дейінгі бөлігі, Сыпатай батыр көшесі, Абай даңғылы, «Ет комбинаты» аумағы, «Жігер», «Проектировщик», «Рассвет» саяжайлары кіреді. Бұл күндері Қ.Сәтбаев, Желтоқтан көшелері мен Абай даңғылында тазалық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жұмысқа «МТЗ-80» тракторы мен «КамАЗ» жүк көлігі тартылған. Олардың жүк тиеу көлемі екеуін қоса алғанда 12 текше метрді құрайды. Сонымен қатар 40-қа жуық «Жасыл ел-Тараз» серіктестігінің жұмысшылары және қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы қоғамдық жұмысқа алынған 15 азамат осы тіршілікке атсалысуда.
Елдің қамы үшін ерте қамданған коммуналдық қызметтің ісіне аталған округтердің тұрғындары да дән риза. Мәселен, №1 округ тұрғыны Назира Байгисиева таңмен таласып қала тазалығына кірісетін жұмысшылардың қызметі ауыр екенін айтып, тараздықтарды кісінің еңбегіне құрметпен қарауға шақыратынын жеткізді. Ал Қатира Жақашева есімді №2 аумақтық округтің тұрғыны кеңестік дәуірде ауланы таза ұстамау үлкен ұят болғанын айтып, шағынаудандардың тұрғындары аптасына 1 рет тазалық күнін ұйымдастырып тұруы қажет екенін тілге тиек етті.
Өз кезегінде күн шықпастан құрал-саймандарын сайлап, көше кезетін «жасылелдіктер» де тұрғындарды тазалыққа атүсті қарамауға шақыруда. Сондықтан біз де тазалық тазаланған жерде емес, оны сақтаған жерде болатынын ескеріп, көрінген жерге қоқыс тастамай, жұмысшылардың еңбегін бағаласақ екен дейміз.

Мұратхан ӘЛІМХАН

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.