Сәуір айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың аумақтарды абаттандыру, көгалдандыру жөніндегі тапсырмасы аясында республика бойынша «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталған болатын. Әуелде 5 аптаға созылады деп жоспарланған акция ел көлемінде үлкен қолдау тауып, жыл аяғына дейін жалғасты. Нәтижесінде ел көлемінде ауқымды жұмыс істелді.
Елдік шарадан Жамбыл облысы да шет қалмай, бір ауыздан үн қосты. Әсіресе, Тараз қаласында санитарлық тазалық жүргізу, көгалдандыру, көгеріштендіру және абаттандыру жөнінде едәуір жұмыс жүргізілді. Осылайша көне шаһар аумағында сенбіліктер ұйымдастырылып, мыңдаған тал-дарақ егілді. Біршама игі іс атқарылды.
Айта кетер жайт, акция тек тазалық шарасымен шектеліп жатқан жоқ. Өйткені, республикалық шара аясында тұрғындардың мәдениетін қалыптастыруға бағытталған жиын-кездесулер де өтуде. Соның бірі Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде өтті. Басқосуға Тараз қаласы Ардагерлер кеңесінің жауапты хатшысы Сауранбек Жамалбеков, аталған кеңестің мүшесі Алдаберді Махашов пен колледж студенттері қатысты .
Кездесу барысында ардагерлер жастарға «Таза Қазақстан» акциясының мән-мазмұны мен мақсатын түсіндірді.
– «Тазалық табалдырықтан басталады» дейді халқымыз. Өйткені әр адамның өз үйі мен ауласын таза ұстауы – оның тұратын ауылы мен қаласының тазалығының кепілі. Сондықтан, қарапайым тұрмыстық қалдықты арнайы орындарға тастаудан бастап, өзге қоқысты көрсетілген жеріне жеткізу – адам баласының тазалық мәдениетінің көрсеткіші. Бұл ретте, «Таза Қазақстан» акциясы екі мәселені көздеп отыр. Біріншіден, тазарту. Екіншіден экологиялық мәдениетті тарату. Сіздер осы идеяны қатарластарыңызға жеткізіп, үйрете жүріп үлгі болсаңыздар, қала мәдениеті міндетті түрде қалыптасады, – деді С.Жамалбеков.
Жиын соңында қатысушылар өзара пікір алмасып, студенттер сұрақтарын қойды.