Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Тазалыққа тұрғындар да жауапты

0 108

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен өткен кезекті аппарат кеңесінде аудандардағы санитарлық тазалық жұмыстары талқыланды.

Әулиеата ауданының әкімі Барлық Төрехановтың баяндауынша, есепті кезеңде бүгінгі күнге дейін барлығы 27 сенбілік ұйымдастырылып, оларға 150-ден аса техника мен 15 500 мыңнан аса адам тартылған. Нәтижесінде 80 шақырым арық жүйесі, 560 шақырым қала көшелері және 290 мың шаршы метр аумақты қамтитын саябақтар мен қоғамдық орындар тазаланған. Сонымен қатар 690 тонна күл-қоқыс қала аумағынан тыс арнайы орындарға шығарылыпты.
Келесі кезекте сөз алған Жібек жолы ауданының әкімі Қарлығаш Аралбекова да санитарлық тазалық жұмыстарына тоқталды.
Шаһар басшысы өз кезегінде тазалық бойынша тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары мен кері байланыстың төмендігін сынға алды.
– Тазалыққа да тұрғындардың жауапкершілігі болуы керек. Ол үшін аудан әкімдері мен жауапты сала басшылары азаматтар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтуі керек. Бұл тұрғыда атқарылып жатқан жұмыстар өте баяу жүруде. Әсіресе, аудан басшыларының халықпен кері байланысы көңіл көншітпейді. Сондықтан аудан әкімдері әлеуметтік желілерде белсенділік танытып, туындаған мәселелердің шешу жолдарын дереу қарастыруға тиіс, – деді Бақытжан Әмірбекұлы.
Сонымен қатар кеңестің күн тәртібінде 2025 жылдың қаңтар-қараша айларының қорытындысымен Тараз қаласы бюджетінің орындалуы, «Халық қатысатын бюджет» жобасының жүзеге асырылуы секілді маңызды мәселелер жан-жақты қаралды.
Қала әкімі кеңесте айтылған сын-ескертпелерді жүйелі түрде және нақты шешуді талап етіп, сол бойынша сала басшыларына тапсырмалар жүктеді.

Құрмаш ҚАПТАҒАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.