Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тазалыққа тұрғындар да жауапты

0 505

Тараз – 400 мыңнан астам тұрғыны бар үлкен шаһар. Оның үлкен аумағының тәртібі мен тазалығын қадағалауға жауапты мамандар үлгермей жатады. Кейде тұрғындар да: « Тараз қаласының әкімі бар ғой, әкімнің орынбасарлары бар. Солар қадағаласын, тексерсін. Жұмыстары ғой. Көше болса шашылып жатыр», – дейді. Көпшілікте осындай түсінік қалыптасқан секілді.

Тараз қаласында тазалық жұмыстары, көріктендіру, көгеріштендіру жұмыстары жүріп жатқан жоқ деп айта алмаймыз. Олай деп жүріп жатқан жұмыстарды жоққа шығаруға аузымыз бармайды. Мәселен, жақында ғана «Таза Қазақстан» акциясы аясында Тараз қаласындағы Нұрлан Әбішев көшесінің бойын, үлкен негізгі асфальт жолдың жағалауын тікенек шөптерден тазартты. Осы маңайда шашылып жатқан өзге де қалдықтарды теріп, бірер сағаттың ішінде мұндағы шаруаның бетін бері қаратты. Бұл іс-шараға қалалық «Жасыл ел-Тараз» мекемесінің бір бригадасы және көше тұрғындары белсенді қатысты. Моторлы орақпен биік шөптерді ору барысында «Жасыл ел-Тараз» мекемесінің жұмысшылары тыным тапқан жоқ. Мұндағы жұмысшылардың еңбегі адал. Мәселен, адал еңбек иесі Үсен Есіркепұлы облыстық, қалалық деңгейде бірқатар марапатқа ие болған. Ол өзінің мақсаттары туралы түсіндіріп: «Қазақта «Орман бір жерден көгереді» деген бар. Қолымыздан келетіні қара жұмыс болған соң, осы мекемеде тұрақты еңбек еттім. Тараз қаласы әкімінің, басқа да мекемелердің бұйырған марапатын алып жүрмін. Марапат үшін еңбек етпеймін. Бес ұл-қызым бар. Отбасымның өркендеуі, Отанымның дамуы үшін тер төгемін. Өзім еңбек адамы болған соң, ұл-қыздарымның барлығын оқыттым. Бір қызым Алматыда докторантурада оқып жүр. Біреуі жоғары білімді тәрбиеші. Перзенттеріммен мақтанамын. Қазір жалақым 250 мың теңгеге жоғарылады. Бірақ біздің бригада сенбі, жексенбі дегенді білмейді. Қай жерде жұмыс бар, уақытпен санаспай тазалық жұмыстарында жүреміз. Тараз қаласының тазалығына үлес қосып жүргеніміз өзімізге ұнайды. Осында Тасболат Сыздықов, Бауыржан Бақтияровтың еңбек етіп жүргендеріне 8 жыл. Жігіттердің бәрі еңбекқор. Олармен бауырдай сыйласып кеттік», – деді. Ал жұмысшы Ербол Ошақбаев пен Береке Орманбеков те жеті жылдан бері осы бригадада тер төгіп келеді. Еңбектері елеулі.
Міне, мұндай тазалық жұмыстары қаланың қай аумағында да тоқтаусыз жүріп жатыр. Бірақ қала бәрібір таза күйінде көрінбейді. Себебі өзіміз қоқыс лақтырып, қолымыздағы артық заттарды әр жерге қалдырып, сол тазалықты бүлдіріп жатамыз. Көптеген аялдамалардағы орындықтар сынық. Оны Көкшетаудан немесе Қостанайдан келіп біреу сындырып кетпейді ғой. Оны сындырып жүрген – өзіміз. Тараздың жүздеген ауласына ойын алаңдары салынып жатыр. Оның да көптеген құрылғылары, әнкеншектері салынбай жатып істен шығады. Оған да бөгде біреуді кінәлаудың қажеті жоқ. Оны да сындырып жүрген – өзіміз. Жұмысшылар адал еңбегімен тазалап жүрген қаланы ластау, орындықтарды қирату қай адамгершілікке сыяды? Осы туралы ойланатын уақыт жетті.
Қорыта келгенде айтарым, Тараз тұрғындары тазалыққа мән берген кезде Тараз қаласы таза болады. Шаһардың гүлдей жайнап тұруы сіз бен біздің қолымызда. Тараз қаласының әр тұрғыны осыны естен шығармаса екен.

Айасыл Тұрғанбек,
Қ.Тұрысов атындағы №53 мектеп-гимназиясының түлегі,
Тараз қаласы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.