Халқымыз қашанда толағайдай саңлақтардан кенде болмаған. Спорттың қай түрін алсаңыз да, қазақ оғландарының ізі сайрап жатыр. Азаттықтың ақ таңы атқалы байрақты бәсекелерде атой салған жампоздардың қалың шоғыры қалыптасты. Солардың басым көпшілігі Жамбыл жерінен түлеп ұшқаны тарихтан мәлім.
Бұған бұқаралық спортты дамытып, салауатты өмір салтын ұстануға ерекше мән берілгені де зор септігін тигізуде. Жақсылық Үшкемпіров мен Болаттай болат білекті ерлердің ізін жалғайтын өрендер бүгінде облыстық №7 мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде тәрбиеленуде. Мұнда жасөспірімдердің спортпен шұғылдануына барлық жағдай жасалған. Соның нәтижесінде оқу ордасының өрендері толағай табыстарға қол жеткізуде. Алысқа бармай-ақ соңғы үш айдың өзінде шәкірттеріміз биік белестерді бағындырды. Мәселен, грек-рим күресінен өткен облыстық чемпионатта 45 келі салмақта спорт мектебінің білім алушылары Аян Махамбетали 1-орынды, Ерсұлтан Балғабай 3-орын, 48 келіде Әліби Ергешбай 3-орынды, 60 келіде Ернар Тохтанай 2-орынды, 71 келіде Жанболат Бекен 1-орынды еншіледі. Жас балуандардың жеңісі мұнымен шектелмейді. Аталған спорт түрінен 2007-2009 жылы туған жасөспірімдер арасындағы бәсекеде 38 келіде Ерасыл Балғабай 1, Елмұрат Марат 2, Ерасыл Амангелді 3-орынға қол жеткізсе, 41 келіде Нұрдәулет Тәшкенбай 2, 48 келіде Ерназ Тохтанай 1, 52 келіде Ерасыл Пәтей 2-орынды иемденді. Сондай- ақ Ақтөбе қаласында киокушинкай-кан каратэден өткен республикалық турнирде Асылбек Бейбарыс, Камила Кемельбекова, Нұрзат Үсен, Аңсар Қазыбек 1-орынды олжаласа, МирасТәңірберген мен Қуаныш Байқан 2-орынды, ал Нұрдәулет Қалдыбек 3-орынды місе тұтты. Сонымен қатар Қостанай қаласында КСРО спорт шеберлері М.Бекежанов пен Асылхан Бұсырмановты еске алуға арналған дүбірлі додада Аян Ғалымжан мен Бекасыл Өркенұлы қарсылас шақ келтірмей 1-орын алса, Медет Дербіс пен Рамазан Мырзақасым 2-орынды еншіледі. Осы орайда «Спорт жұлдыздары» журналының «Жыл үздігі – 2021» қорытындысы бойынша мектептің каратэден жаттықтырушысы Б.Н.Кулыбаев «Үздік жаттықтырушы» атанып, «ҚР Тәуелсіздігіне 30 жыл» төсбелгісімен марапатталса, Арай Смет пен Аяжан Ғаниқызы «Үздік спортшы» аталымына лайық деп танылды. Бұл №7 спорт мектебінің шәкірттері қол жеткізген толағай табыстардың бір парасы ғана. Алда бұдан да биік жетістіктерге жетеді деп сенеміз.
№7 облыстық мамандандырылған
балалар-жасөспірімдер спорт мектебі