Әрине, кез келген мемлекет үшін қоғамдық келісімнің маңыздылығы ерекше. Халық үшін бейбіт заманда мамыражай өмір сүруден артық ешқандай бақыт жоқ. Сондықтан елімізде татулық пен тұрақтылыққа тәуелсіздік алған жылдан бастап ерекше мән беріліп келеді. Соның жарқын дәлелі – Қазақстан халқының Ассамблеясы.
Қазақстан халқы Ассамблеясы ел Президентінің 1995 жылғы 1 наурыздағы Жарлығымен Мемлекет басшысы жанындағы консультативтік-кеңесші орган ретінде құрылды. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұл органды құру идеясын алғаш рет 1992 жылы тәуелсіздіктің бір жылдығына арналған форумында жариялаған болатын. Мұндай институтты құру қажеттілігі саяси тұрғыдан, сондай-ақ жаңадан құрылған, тәуелсіз, полиэтносты, поликонфессиялық мемлекеттің тұрақты дамуы тұрғысынан туындаған еді. Бұл бастама мәдениетаралық диалогты нығайтудың жаңа кезеңінің негізін қалап, этносаралық қатынастарды дамыту мәселелерін жоғары деңгейде шешуге мүмкіндік жасайтын әлемдік тәжірибедегі тың бағыт болып табылды. Ширек ғасырдан астам тарихында Ассамблея қарқынды дамып, елеулі өзгерістерді бастан кешірді. Оның дамуы барысында этносаралық толеранттылық және қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісі қалыптасты. Осы жылдар ішінде Ассамблеяның институционалдық құрылымы нығайып, қоғамды ұйыстырушы әлеуеті толысып, халық дипломатиясының маңызды күретамырына айналды. Бүгінде Ассамблея – ел Президенті төрағалық ететін конституциялық орган. Осының өзі оның ерекше мәртебесін айқындайды.
Қазіргі таңда Ассамблея – этносаралық және конфессияаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырушы маңызды құралға айналып, елімізде тұрмыс кешіп отырған барлық этностардың өзара тең құқықты қатынасын қамтамасыз етуші рөлге ие бірден-бір ұйым. Өз тарихында аталған құрылым қоғамдағы тұрақтылықты сақтаушы құралға айналғанын уақыттың өзі дәлелдеп отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көпұлтты Қазақстанда 140-тан астам ұлт пен ұлыстың тату-тәтті өмір сүріп жатқанын Ассамблеяның әрбір сессиясында айрықша атап өтеді. Сондай-ақ бұл ұйым мемлекеттік органдардың халықпен жемісті үнқатысуын, барлық этностар өмірлерінің өзекті мәселелерінің шешілуін қамтамасыз етуде.
Ассамблея дүниеге келген 28 жылдан бері атқарған қызметі мен жүріп өткен сара жолы қазақстандық этносаралық және конфессияаралық келісім үлгісінің әлемдік қауымдастық алдында беделді ұйымға айналып, ел қоғамының құрамдас бөлігіне айналғанын көрсетті. Қазіргі таңда бүкіл әлемді шарпыған ғаламдық дағдарыс Қазақстанға да өз салқынын тигізіп отыр. «Мемлекетте қоғамдық-саяси тұрақтылық болмай, экономикалық салада жетістік болмайды» деген қағиданы тарих әлдеқашан дәлелдеген. Сондықтан Қазақстан халқының бірлігін бұдан әрі жетілдіру міндеті мемлекеттік саясаттың басым бағытына айналып отыр. Қазақстанның экономикалық дамуы, этносаралық қатынастардың әлемдік қауымдастық тарапынан мойындалуы, ең әуелі, қазақ ұлтының еншісінде екендігі анық.
Халық бірлігі – мемлекеттілік негізі. Қоғамдық бірлікті ту етіп ұстау арқылы ғана біз алдымызға болашағы күшті, өркендеп, дамыған Қазақстан елі туралы ұлы мақсаттар қоя аламыз. Ел өміріндегі мәні мен маңызы орасан зор осынау саяси оқиға қарсаңында біз көпұлтты Қазақстан халқын бір атаның балаларындай еліміздің өркениетті дамуы жолындағы игілікті іске жұмылдырып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздегі барлық этнос өкілдерін ортақ мақсатқа ұйыстырып, елімізде тұрақтылықты сақтау мен оның дамуына да аса зор үлес қосып келеді. Ең бастысы, Ассамблея қызметі нәтижесінде елімізде этностық немесе діни ерекшелігіне қарамастан, әрбір азаматтың Конституциялық һәм азаматтық құқықтары мен еркіндігін толық қолдана алатын этносаралық және конфессияаралық келісімнің айрықша үлгісі қалыптасты. Сөйтіп, Қазақстанның көпэтностық кеңістігінде сенім, келісім мен өзара түсіністік берік орнады. Осы мақсатта халық бірлігін нығайту, қазақстандық қоғамның негізін қалаушы құндылықтар бойынша қоғамдық келісімді қолдап, дамыту, қоғамдағы экстремизм мен радикализмнің көріністеріне тойтарыс бере отырып, азаматтардың құқықтық бостандықтарына қысым жасауға жол бермеу, азаматтардың демократиялық нормаларға сүйенетін саяси-құқықтық мәдениетін қалыптастыру да осы ұйымның төл парызы. Ынтымақ ұйытқысына айналған ұйым бұл мақсаттарды жоғары деңгейде орындап келеді.
Қазіргі уақытта Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан ғылыми-сарапшылық кеңес, журналистер мен сарапшылар клубы құрылған. Барлық аймақтарда Достық үйлері бар. Елордамыз – Астанада Бейбітшілік және Келісім сарайы салынды. Мұнда жыл сайын Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиялары, әлемдік дәстүрлі діндер съездері, өзге де маңызды іс-шаралар өтеді.
Қазақ халқы қашанда бірлік пен татулық мәселесіне ерекше мән беріп, оны тірліктің тұтқасы, өмірдің өзегі ретінде бағзы заманнан бағалап келген. «Бірлік бар жерде тірлік бар», «Береке басы – бірлікте», «Ырыс алды – ынтымақ» деген сияқты көптеген мақал-мәтелдер – соның айғағы. Болашақтың бірліксіз болмайтынын болжай білген бабаларымыз бала тәрбиесінде де осы қағиданы басты бағыт етіп ұстаған. Ол атадан балаға мұра болып, әлі де жалғасын тауып келеді. Бірлік пен татулық тәлімінің қазіргі көпұлтты Қазақстан жағдайында маңызы ерекше. Мемлекет құраушы, елдің, жердің иесі ретінде қазақ халқы өзге ұлттар мен ұлыстарға оның асқан үлгісін көрсетіп келеді десек, артық емес. Тарихымызға үңілсек, оған анық көз жеткізе аламыз. Қиын-қыстау кезеңге тап болған өзге ұлт өкілдеріне қашанда қамқор болып, ағалық мейірімін аямаған. Алаш елі тағдырдың жазуымен жер аударылып келген түрлі ұлыстарға төрінен орын беріп, бір үзім нанын бөліскені белгілі. Сол үшін көптеген ұлыстардың өткен және бүгінгі буыны қазақ халқына шексіз риза. Қазақ жерінде қазір 140-тан аса ұлт пен ұлыс өкілдері өмір сүріп жатыр. Оларға Қазақстан азаматтары ретінде тең құқық берілген. Олар білім алу, емделу, жоғары лауазымды қызмет атқару мүмкіндіктеріне ие. Елімізде мекен еткен ұлт пен ұлыстарға өз мәдениетін дамытып, салт-дәстүрлерін сақтауға лайықты жағдайлар жасалған. Олардың әрқайсысының ұлттық мәдени орталықтары тұрақты жұмыс істейді. Мәдени орталықтар әр халық өкілдерінің өз ұлттық дәстүрлерін сақтауға зор ықпал жасап келеді. Сонымен бірге көпұлтты Қазақстанның мәдени жағынан әртарапта дамуына сүбелі үлес қосуда.
Ғасырлар тоғысында еркіндікті аңсаған ата-баба арманы жүзеге асып, егемендікке ие болдық. Қазақ жерінде арайлап атқан елдіктің ақ таңы, ең әуелі осынау дархан даланы ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен, алғыр ақылмен, берік тақыммен қорғап, сақтап қалған ата-бабаларымыздың ұлы күрестерінің заңды да нақты нәтижесі. Қазақ елі қазіргі таңда қабырғасы қатайған, пікіріне халықаралық қауымдастық өкілдері құлақ асатын беделді елге айналды.
– Біздің елдегі бірлік пен қоғамдық келісімнің бастауы – Қазақстан халқының ортақ тарихы. Ғасырлар бойы тағдыр талайына ұшыраған халықтарды құшағына сыйдыра білген қасиетті Ұлы дала көптеген ұлыс пен ұлттың құтты қонысы. «Бақ та, тақ та таласқанға бұйырмайды, халықтық істе жарасқанға бұйырады», – деген дана бабаларымыз. Сондықтан да атқаратын игілікті істеріміз халқымыздың болашағын бірлігімізбен берік етсін!
Владислав Чернышов,
Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі