Қалалық қоғамдық-саяси газет

Татулық тұғыры

0 215

Тараз қаласында «Қазақ халқына мың алғыс» монументі ашылды. Еліміздегі түрлі ұлт пен ұлыстың қазақ еліне деген кіршіксіз ризашылығы пен шынайы алғысының символикалық көрінісі іспетті бой түзеген нысанның ашылу салтанатына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен түрлі ұлт өкілдері қатысты.

Зере Қуаныш Суретті түсірген А.Рысмахан

Ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйлеген Бердібек Машбекұлы монумент Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы аясында бой көтергенін атап өтті.
– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында көпұлтты елімізде халықтар достығы, бірлік, татулық пен тұрақтылық салтанат құруда. Әрине, 29 жыл – тарих үшін қас қағым сәт. Дегенмен еліміз осы уақыт аралығында толайым табыстарға, үлкен жетістіктерге жетті. Еліміздің ең маңызды жетістіктерінің бірі – көпұлтты қоғамда бейбітшілік пен келісімді сақтау. Тарихи тұрғыда солай қалыптасқан еді. Біз миллиондаған қоныс аударушыны қабылдап, аштық пен соғысқа қарамастан, олармен барымызбен бөлістік. Бүгінде олардың ұрпақтары Қазақстанды өздерінің туған үйлері, өз Отанымыз деп санайды. Біздің басты байлығымыз – елдегі тыныштық пен тұрақтылық. Шүкір, еліміз егемендік алғалы бейбіт өмір сүрудің өнегесін көрсетіп келеді. Татулық пен бейбітшілікті, қоғамдық тұрақтылықты нығайту мақсатында қыруар жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі ашылған «Қазақ халқына мың алғыс» монументі де – осы сөзіміздің айғағы. Осыдан екі жыл бұрын Нұрсұлтан Әбішұлы еліміздегі барлық облыс орталықтарында «Қазақ халқына мың алғыс» монументін салу туралы тапсырма берген болатын. Монумент – барлық ұлт өкілдерінің қазақ халқына деген ризашылығының белгісі. Егемен елдің бірлігін көздің қарашығындай сақтау – сіз бен біздің қасиетті парызымыз. Әрбір қазақстандық қасиетті парызымызды мүлтіксіз атқарып, бойтұмардай қорғап, сақтай білейік, – деген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев монумент құрылысын жүргізген серіктестікке үлкен ризашылығын жеткізді.

Ал «Днепро» украин этномәдени бірлестігінің төрағасы Федор Клименко барша этностардың атынан қазақ халқына алғысын білдірді. Сонымен қатар М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасының меңгерушісі Парида Иманжанқызы сөз сөйлеп, монументтің тағылымы теңдессіз екенін жеткізді.

Соңғы үш жыл көлемінде бой көтерген нысандар мен кешендердің, саябақтар мен скверлердің барлығы – Жамбыл облыстық архитектура бюросы мен мердігер мекемелер атқарған еңбектің нәтижесі. Былтыр ғана аймақтың 80 жылдық мерейтойы қарсаңында бой көтерген Арбат пен «Көне Тараз» кешені аумағындағы жаңа нысандардың жалғасы бүгін салтанатты түрде ашылды. «Дос-нар» сауда орталығының алдында, Аққозиев көшесінен Сыпатай батыр көшесіне дейінгі аралықта бой көтерген «Қазақ халқына мың алғыс» стеласының ашылуы ҚХА-ның 25 жылдығына тұспа-тұс келіп отыр. Арбаттың Сыпатай батыр көшесі тұсында орналасқан стела 1910-1940 жылдар аралығында Қазақстанға жер аударылып келген өзге ұлт өкілдерінің қазақ халқына зор ілтипаты, айрықша алғысын сипаттайды. Ұзындығы – 30 метр. Стеланың ұшар басында қанатын кеңге жайған, еркіндік пен бірлікті айғақтайтын қыран бүркіттің мүсіні қондырылған. Ал тұғыртастың Арбатқа қараған бетінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзге ұлт өкілдерімен бірге тұрған суреті бедерленген. Ал қалған үш қырында зұлматты жылдарда елге келген түрлі этнос өкілдерінің бір шаңырақ астындағы тату ғұмыры, жергілікті халықтың олармен бір нанды бөліп жеген ауыр тұрмысы сипатталған барельеф орналастырылған. Монумент құрылысын «Темір-Байлық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген.

Ашылу салтанатынан кейін облыс әкімі Б.Машбекұлы құрылыс жұмыстары толықтай аяқталып, ел игілігіне берілген «Арбат-1» демалыс орнын аралап көрді. «Темір-Байлық» серіктестігінің бригадирі Еркін Ержанұлының айтуынша, құрылыс жұмыстары үш айға созылған. Екі жүзге жуық қала тұрғыны жұмыспен қамтылған. Демалыс орнында құрғақ және ұзындығы 20 метрге жетіп билейтін түрлі-түсті субұрқақтар орналасқан. Одан бөлек, мұнда қала тұрғындарының тынығып, бос уақытын тиімді өткізіп, алаңсыз демалуы үшін барлық жағдай жасалған. Сондай-ақ жастар үшін арнайы «Wi-Fi» қондырғысы да орналастырылған. Көздің жауын алатын демалыс орталығы келген қала тұрғындары мен қонақтардың да көңілінен шықты.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.