Қалалық қоғамдық-саяси газет

Татамидегі тартысты бәсеке

0 232

Таразда каратэнің шинкиокушинкай түрінен жастар арасында халықаралық турнир өтті.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Бүгінгі таңда Әулиеата топырағы «Қазфосфат» ЖШС бас директоры, облыстық каратэ федерациясының төрағасы Мұқаш Ескендіровтің атсалысуымен ірі спорттық бәсекелер жиі өтетін өңірге айналып келеді.Өткен демалыста «Қазфосфат» спорт кешенінде жасөспірімдер арасында каратэден халықаралық турнир ұйымдастырылып, оған Қазақстан, Ресей Федерациясы, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан мемлекеттерінен келген спортшылар қатысты. Каратэ спорт түрі ретінде бірнеше бағытқа бөлінеді. Ал Таразда өткен турнирде жасөспірімдер шинкиокушинкай карате-до түрінен бақ сынады.

Бәсекеге 300-ден астам спортшы мен 21 команда жиналды. Олардың қатарында шинкиокушинкай каратэ бойынша Қырғызстанның республикалық федерация президенті Владимир Бычков, «Окинава» Алматы жауынгерлік өнер қауымдастығының басшысы Андрей Салагаев, Өзбекстан Республикасынан WKO өкілі Мутал Назаров бастаған командалар келсе, Тараздан «Ника» (Юрий Пак), «Қазфосфат» (Жандос Жазықбаев), «Ашихара-карате» (Михаил Макеев), «Киокушинкай-тан» (Жасқайрат Шейренов) командалары ең үздік спортшыларын татамиге шығарды. Бір ғана Алматы облысынан 3 команда қатысса, Астана, Көкшетау, Теміртау, Шымкент қалаларынан және Жуалы, Меркі, Қордай аудандарынан, тіпті «Шөлдала» аймағынан жас спортшылар бозкілемге шығып, тартысты бәсеке көрсете білді. Айта кетерлігі, «Шөлдала» аймағының спортшылары сайыста өздерін түрлі техниканы меңгергендерін көрсетіп, көпшілікті таң қалдырды.

Спорттық шараны Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров ашып, өз таланттарын толық көрсетуге мүмкіндік алған жас өрендерге сәттілік тіледі. Жиналған спортшыларды жарыстың басталуымен қала әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай да құттықтап, жерлестерге зор сенім білдірді.
Халықаралық турнир өтіп жатқан залға өз балаларын қолдау үшін спортшылардың ата-аналары да арнайы келді. Татамидегі тартыс алдында жас өрендер денелерін қыздырып, жаттығулар жасап, дайындық жүргізді. Бәсеке алдындағы даярлықтарынан олардың жеткіншектерге қарағанда қатты қобалжымайтыны аңғарылды. Жаттықтырушылар да өз шәкірттеріне жанкүйер болып, дұрыс бағдар берді.

Таразға бірнеше рет ат басын бұрған спортшылар мен жаттықтырушылар шаһар туралы пікірлерімен бөлісіп, алған әсерлерін ортаға салды. Қырғызстанның шинкиокушинкай каратэден республикалық федерация төрағасы Владимир Бычков халықаралық турнирдің ұйымдастыру деңгейіне өз бағасын берді.
– Біз Таразға бірнеше рет келдік. Мұнда халықаралық деңгейдегі жаттықтырушылар мен спортшылар жыл сайын дәстүрлі түрде бас қосады. Барлығымыз жақсы қарым-қатынастамыз. Байланысымыз үзілмейді. Осындай ірі шараларда тәжірибе алмасудың да сәті жиі түсіп тұрады. Бүгінгі турнирде ұйымдастыру деңгейінің жоғарылағанын, қатысуға ниет білдіргендер санының көптігін аңғардық. Мұндай жоғары деңгей біздің ары қарай дамуымызға үлкен серпін береді. Бүгінгі сайысқа қатысушылар өздерін сан қырынан көрсетіп, татамиде түрлі техникалар арқылы жеңіске жету үшін барын салмақ. Олардың мұнда келудегі басты мақсаттары да осы. Жыл сайын спорттық шараның ауқымы бүгінгідей кеңейе түсетін болса, мықты спортшыларды анықтауда да біраз қиындықтар туындайтыны белгілі. Алайда шын мықтыға тұсау жоқ екенін барлығымыз жақсы білеміз, – деді шетелдік жаттықтырушы.

Каратэ (жапон тілінен аударғанда «қарусыз қолмен қорғанудың түрі» мағынасын білдіреді) – қол және аяқпен қарсылас денесінің неғұрлым осал тұсына соққы беруге негізделген спорттық жекпе-жектің түрі. Сондықтан бұл адамның шапшаңдығы мен шыдамдылығын, ептілігі және дер кезінде әдіс-тәсіл жасай білуін шыңдап қана қоймай, спортшының бойындағы рух мықтылығы сыналатын спорттың түрі. Осы орайда 300-ге тарта сайдың тасындай іріктеліп келген жасөспірімдер арасындағы халықаралық турнир аса тартысты басталды. Бозкілем үстінде намысты қолдан бермеуге тырысып, барын салған жас каратэ шеберлері жиналған жанкүйерлердің қызу қолдауына ие болды.

Сайыс нәтижесі бойынша алматылық «Сардар» командасы оза шауып, турнирдің жеңімпазы болды. Бұл командадағы спортшылар ең жоғарғы 48 балды жинады. Екінші орын жергілікті тараздық командаға бұйырды. Оңтүстік астанадан келген «Окинава» тобы 28 балмен үшінші орынды місе тұтты. Каратэ шеберлерінің жеке көрсеткіштері де еленіп, оларға арнайы жүлделер мен медальдар тапсырылды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.